07 Сәуір, 2016

Қауіпсіздік пен бейбітшіліктің кілті

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
адильҚазір әлемдік арена­­дағы саяси ахуал ушы­ғып тұрған кез. Осындай қырғи-қабақ сәтте батыл қадам жа­сап, қарусыздану мәсе­лесін көтерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзаттың жанды жерін дөп басты деуге болады. Қазақстан басшысы АҚШ-та жа­рия­лаған манифесі арқылы бүгінде қолында ядролық қаруы бар елдерге ойланатын кез келгенін айтты. Мұндай бастама көтеруге біз­дің Президенттің толық құқығы бар. Олай дейтін себебім, Елбасы – өз пәрменімен әлемдегі ең үлкен сынақ алаңын жауып, адамзат өркениетінің өрісін тарылтқан қарудың жойылуына алғышарт жасаған тұлға. Егер сол кезде Семейдегі ядролық полигонды жап­­пағанда, өкпе тұсымыздағы Қытайдың – Лобнор, анау АҚШ-тағы – Невада және Франция мен Ұлыбританияның Тынық мұхит аралдарындағы сынақ алаңдары да жұмысын тоқтатпаған болар еді. Сондықтан Қазақстан Президентінің батыл әрекеті әлем бойынша осындай игі істерге мұ­рындық болды деу­ге толық негіз бар. Оны бүгін­де бүкіл әлем тү­сі­ніп, мойындап отыр. Адамзат ядролық қарудан осы ғасырда бас тартпаса, әлемнің алдағы тағдыры басқа бағытта өрбуі әбден мүм­кін. Тіпті, құдай бетін әрі қыл­сын, егер дүниежүзілік соғыс оты тұтана қалса, ол Жер бетіндегі соңғысы болуы да ғажап емес. Сол себепті, қазір мүмкіндік болып тұрғанда, тиісті шараларды қолға алуымыз керек. Елбасы барша әлемге осыны айтып, әлі де болса кеш емес екенін жеткізді. Ол үшін Президент атқаратын жұмыстарды нақты жүйелеп, терроризмге қарсы күресте Жер бетіндегі мем­лекеттер бірігіп, бір-бірімен ақ­па­рат алмасып отыратын жағдай жасау керектігіне назар аударды. Өйткені, қазір жанкешті содырлар кез келген қадамға баруға дайын. Тіпті, олар атом-электр стансаларын жарып жіберуден де тайынбайды. Міне, осындай қауіп-қатердің алдын алу жолдарын Елбасы өз манифесінде анық көрсетіп берді. Бүкіл әлемнің ерекше назар аударуы да сол себептен деп біле­мін. Өйткені, Жер бетіндегі бейбіт­шілікті сақтаудың жалғыз кілті – осы ядролық қарудан бас тарту. Егер ол әлгіндей қаныпезерлердің қолына түссе, адамзатқа, бүкіл өр­ке­ниетке қауіп төнеді. Сондай-ақ, Елбасы атомды электр энергиясын өндіруге, меди­цинада, тағы басқа салалар­да тек бейбіт мақсатта ғана қол­дануды насихаттап, қару ретінде жою керек­тігін айрықша атап өтті. Қа­зақ­­станның Төмен байы­тылған атом  банкін құру мәсе­ле­сінде ал­­дың­ғы қатардан көрінуі­нің де себебі сол. Біздің бұл баста­ма­мыз­ға МАГАТЭ-нің өзі үлкен сенім білдіріп отыр. Мұндай сенім – біздің қауіпсіздік пен бей­біт­шілікке қосқан үлесімізге берілген лайықты баға. Осыны ескерген Елбасы келесі саммитті Қазақстанда өткізу­ді ұсынды. Бұл да өте орынды әрі қолдауға лайық бастама. Әділ АХМЕТОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің этностық және діни толеранттылық жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының профессоры.