09 Сәуір, 2016

Қазақстан Республикасының Заңы № 488-V ҚРЗ

458 рет
көрсетілді
41 мин
оқу үшін
Төрелік туралы Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында төрелік қызмет процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ Қазақстанда төрелік шешімдерді танудың және орындаудың тәртібі мен шарттарын реттейді. 1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 1-бап. Қолданылу аясы Осы Заң, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, дау субъектілерінің мемлекет ішінде немесе оның шегінен тысқары жердегі тұрғылықты жеріне немесе орналасқан жеріне қарамастан, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қатысуымен болатын азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған, төрелік шешетін дауларға қатысты қолданылады. 2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) Қазақстан Республикасының жария тәртібі – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде бекітілген құқық тәртібінің негіздері; 2) сот – Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес бірінші саты бойынша азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар туралы істерді қарауға уәкілетті Қазақстан Республикасы сот жүйесінің соты; 3) төрелік – нақты дауды қарау үшін арнайы құрылған төрелік немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік; 4) төрелік келісім – азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған немесе туындауы мүмкін дауды төрелікте қарауға беру туралы тараптардың жазбаша келісімі; 5) төрелік регламенті – тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қызметін ұйымдастыру тәртібі және төрелік талқылау қағидалары; 6) төрелік талқылау – дауды қарау процесі; 7) төрелік талқылаудың тараптары (бұдан әрі  – тараптар) – араларында төрелік келісім жасалған талап қоюшы мен жауапкер; 8) төрелік шешім – төрелік шығарған шешім; 9) төреші – дауды шешу үшін тараптар сайлаған немесе осы Заңға және (немесе) тиісті төреліктің регламентіне сәйкес тағайындалған жеке тұлға; 10) іскерлік айналымның дағдылары – қандай да бір құжатта тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан қолданылатын құқыққа қайшы келмейтін, азаматтық-құқықтық шарттар саласында қалыптасқан және кеңінен қолданылатын ұстаным қағидалары. 3-бап. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарт қағидалары қолданылады. 4-бап. Төреліктің түрлері 1. Қазақстан Республикасында төреліктер тұрақты жұмыс істейтін төрелік немесе нақты дауды шешетін төрелік түрінде құрылуы мүмкін. 2. Тұрақты жұмыс істейтін төреліктерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және (немесе) заңды тұлғалар құруы мүмкін. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік төреліктің регламентін, қызметін осы төрелікте жүзеге асыратын төрешілердің тізілі­мін бекітеді. 3. Нақты дауды қарайтын төрелікті тараптар дауды шешу үшін құрады және ол сол дауды шешкенге дейін немесе тараптар дауды сотқа беру туралы шешім қабылдағанға дейін жұмыс істейді. 4. Қазақстан Республикасында төреліктерді мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ табиғи монополия субъектілері және тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығында басым жағдайға ие субъектілер, дауыс беретін акцияларының елу және одан да көп пайызы (жарғылық капиталға қатысу үлесі) мемлекетке тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлғалар, олардың еншілес және тәуелді ұйымдары, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар құра алмайды. 5-бап. Төрелік талқылаудың қағидаттары Төрелік талқылау: 1) туындаған немесе туындауы мүмкін дау бойынша төрелік талқылауды жүзеге асырудың тәртібі мен шарттары мәселелерін тараптар өздерінің арасында алдын ала келісім бойынша дербес шешу құқығына ие екендігін білдіретін тараптар еркінің дербестігі; 2) төрешілер мен төреліктер өздерінің шешімдерінде құқық тараптарының келісімі бойынша қолданылатын нормаларды ғана басшылыққа алатынын білдіретін заңдылық; 3) өздеріне берілген дауларды шешу кезінде төрешілер мен төреліктердің тәуелсіздігін, оларға қандай да бір ықпал жасауды болдырмайтын жағдайларда шешім қабылдайтынын білдіретін тәуелсіздік; 4) тараптар төрелік талқылауда өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын дербес және кімнен болса да тәуелсіз таңдайтынын, сондай-ақ тең құқықтарды пайдаланатынын және тең міндеттерді көтеретінін білдіретін тараптардың жарыспалылығы және тең құқықтылығы; 5) өздеріне берілген дауларды шешу кезінде төрешілер мен төреліктердің және төрелік талқылау тараптарының белгіленген талаптарды, қоғамның имандылық қағидаттарын және іскерлік әдеп қағидаларын сақтай отырып, адал әрекет етуге тиіс екендігін білдіретін әділеттілік; 6) төрешілердің және төрелік талқылауға қатысушылардың төрелік талқылау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтерді тараптардың немесе олардың құқық мирас­қорлары­ның келісімінсіз жария етуге құқылы еместігін және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, төрелік талқылау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтер туралы куә ретінде олардан жауап алуға болмайтындығын білдіретін құпиялылық; 7) жарамсыз төрелік ескертпенің күшін жою, оны өзгерту немесе тану негізгі келісімді тоқтатуға, өзгертуге немесе жарамсыз деп тануға әкеп соқпайтынын білдіретін төрелік келісімнің дербестілігі қағидаттарын сақтау арқылы жүзеге асырылады. Тиісінше, негізгі келісімнің күшін жою, оны өзгерту немесе жарамсыз деп тану төрелік ескертпені жарамсыз деп тоқтатуға, өзгертуге немесе тануға әкеп соқпайды. 6-бап. Қарсылық білдіру құқығынан бас тарту Осы Заңның қандай да бір ережесінің немесе төрелік келісімнің қандай да бір талабының сақталмағанын және оның үстіне, осы мақсаттар үшін төрелік регламентінде айқындалған мерзім ішінде осындай сақталмауға қарсылықты мәлімдемей төрелік талқылауға одан әрі қатысып жатқанын білетін тарап өзінің қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан болып есептеледі. 7-бап. Төрелік қызметіне араласуға жол бермеушілік Төрешілер мен төреліктер өздеріне берілген дауларды шешу кезінде тәуелсіз болады, осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, өздерінің қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың қандай да бір араласуын болдырмайтын жағдайда шешімдер қабылдайды. 8-бап. Дауды төреліктің шешуіне беру 1. Тараптар арасында жасалған төрелік келісім болған кезде дауды төреліктің қарауына беруге болады. 2. Төрелік келісімді тараптар арасында қандай да бір нақты азаматтық-құқықтық қатынас бойынша туындаған немесе туын­дауы мүмкін дауларға қатысты тараптар жасауы мүмкін. 3. Соттың қарауында жатқан дауға қатысты төрелік келісім аталған сот дау бойынша шешім қабылдағанға дейін жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады. 4. Талаптарын тараптардың бірі формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда айқындаған және басқа тарап ұсынылған шартқа тұтастай қосылуы (қосылу шарты) арқылы ғана қабылдауы мүмкін болған шарт бойынша дауды шешу туралы төрелік келісім, егер мұндай келісім талап қою үшін негіздер туындағаннан кейін жасалса, жарамды болады. 5. Төрелікке тараптардың келісімі бойынша жеке және (немесе) заңды тұлғалар арасында азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған даулар берілуі мүмкін. 6. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, дауды тұрақты әрекет ететін төрелікке беру кезінде тұрақты әрекет ететін төреліктің регламенті төрелік келісімнің ажырамас бір бөлігі ретінде қарастырылады. 7. Төрелік келісімнің қолданысы тараптар оны қандай тәртіппен жасасса, сондай тәртіппен тоқтатылуы мүмкін. 8. Кәмелетке толмағандардың, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған адамдардың мүддесін қозғайтын даулар, оңалту және банкроттық туралы, табиғи монополиялар субъектiлерi мен олардың тұтынушылары арасындағы, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің арасындағы даулар төреліктің қарауына жатпайды. 9. Төрелік жеке мүліктік емес қатынастардан туындайтын, мүлікке байланысты емес дауларды қарауға құқылы емес. 10. Төрелік бір жағынан Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары және екінші жағынан мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар арасындағы дауларды тиісті саланың уәкілетті органының (республикалық мүлікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органның (коммуналдық мүлікке қатысты) келісімі болмаған жағдайда қарауға құқылы емес. Төрелік келісім жасауға ниеттенген мемлекеттік органдар, мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар тиісті саланың уәкілетті органына (республикалық мүлікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органға (коммуналдық мүлікке қатысты) төрелік талқылауға жұмсалатын шығыстардың болжамды сомаларын көрсетіп, осындай келісім жасауға келісім беру туралы сұрау салу жолдауға тиіс. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган күнтізбелік он бес күн ішінде сұрау салуды қарауға және келісу немесе келісім беруден уәжді бас тарту туралы жазбаша хабарлама жолдауға міндетті. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган сұрау салуды қараған кезде мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі мен мүдделерін ескеруге тиіс. 9-бап. Төрелік келісімнің нысаны мен мазмұны 1. Төрелік келісім жазбаша нысанда жасалады. Төрелік келісім, егер ол тараптар қол қойған не хаттар, телеграммалар, телефонограммалар, факстер, электрондық құжаттар немесе субъектілерді және олардың ерік білдіруін айқындайтын өзге құжаттар алмасу арқылы жасалған құжатта төрелік ескерту түрінде жазылса, төрелік келісім жазбаша нысанда жасалған болып есептеледі. 2. Егер төрелік келісім талап арыз алмасу және талап қоюды қайтарып алу арқылы жасалса, онда тараптардың бірі келісімнің бар екенін растаса, ал екінші тарап бұған қарсы болмаса, ол сондай-ақ жазбаша нысанда жасалған болып есептеледі. 3. Шарттағы дауды төреліктің шешуіне беру туралы талапты қамтитын құжатқа сілтеме, шарт жазбаша нысанда жасалған және бұл сілтеме төрелік келісімді шарттың бір бөлігі ретінде қарастырған жағдайда, төрелік келісім болып табылады. 4. Төрелік шартта: 1) тараптардың дауларды төрелікке беру туралы ниеті; 2) төрелік қарауға жататын нысананы көрсету; 3) нақты төрелікті көрсету; 4) осы Заңның 8-бабы 10-тармағында көзделген тиісті саланың уәкілетті органының немесе жергілікті атқарушы органның келісімі қамтылуға тиіс. Төрелік келісімнің қосымша жағдайлары тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін. 5. Тараптардың екінші тарапқа ақылға қонымды мерзімдерде хабарлай отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 404-бабына сәйкес дау туындағанға дейін біржақты тәртіппен төрелік келісімнен бас тартуға құқығы бар. 10-бап. Төрелiк келiсiм және даудың мәнi бойынша сотқа талап қоюды ұсыну Төрелiк талқылау нысанасы бойынша талап қою берiлген сот, егер төрелік келiсiм жарамсыз, күшiн жойған немесе орындалуы мүмкін болмайтын деп таппаса, егер тараптардың кез келгенi бұл туралы өтiнсе, даудың мәнi бойынша өзiнiң алғашқы өтiнiшiн ұсынудан кешiктiрмей тараптарды төрелікке жiберуге тиiс. 2-тарау. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨРЕЛІК ПАЛАТАСЫ 11-бап. Қазақстанның Төрелік палатасын құру, қайта ұйымдастыру және тарату 1. Қазақстанның Төрелік палатасы (бұдан әрі – Төрелік палата) – Қазақстан Республикасының заңнамалық акті­лерінде белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында төреліктердің қызметін іске асыру, ынталандыру және қолдау үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсаттарында құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің, төрешілер­дің бірлестігін білдіретін коммерциялық емес ұйым. 2. Төрелік палатаны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 12-бап. Төрелік палатаның өкілеттіктері 1. Төрелік палатының өкілеттіктеріне: 1) төрешілердің және тұрақты әрекет ететін төреліктердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, шетелдік және халықаралық ұйымдарда мүдделерін білдіру және қорғау; 2) Қазақстан Республикасындағы төрелік қызмет жағдайының және тұрақты жұмыс істейтін төреліктерде істер сақталуының мониторингі; 3) төрешілерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру; 4) тұрақты жұмыс істейтін төреліктер төрешілерінің, сондай-ақ Төрелік палатаның мүшелері болып табылатын төрешілердің тізілімін жүргізу; 5) тұрақты жұмыс істейтін төреліктерде істерді сақтау қағидаларын бекіту; 6) осы Заңның 14-бабы 6-тармағында көзделген жағдайларда Төрелік палатаның тізіліміндегі немесе тұрақты жұмыс істейтін төреліктің адамдары арасынан төрешілерді (төрешіні) тағайындау; 7) нақты дауды шешу үшін тағайындалған төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешім қабылдау; 8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келетін, Төрелік палатаның құрылтай құжаттарында көзделген өзге өкілеттіктер кіреді. 2. Төрелік палатаның тізілімі – тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің төрешілері, сондай-ақ Төрелік палатаның мүшелері болып табылатын төрешілер туралы дерекқор. Төрешілер тізілімі Төрелік палатаның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылуға тиіс. 3. Тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің істерді сақтауы­ның мониторингін жүзеге асыру кезінде Төрелік палатаға құпиялылық қағидаты қолданылады. 4. Төрелік палатаны басқару органдары мыналар болып табылады: 1) жоғары басқару органы – мүшелердің жалпы жиналысы; 2) тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органы – басқарма; 3) атқарушы жеке-дара орган - басқарма төрағасы; 4) Төрелік палатаның қаржы-шаруашылық қызметін ішкі бақылау органы – тексеру комиссиясы (тексеруші). 3-тарау. ТӨРЕЛІКТІҢ ҚҰРАМЫ 13-бап. Төрешiлер 1. Iстiң нәтижесiне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi емес, тараптардан тәуелсiз болып табылатын және төрешiнiң мiндеттерiн атқаруға келiсiм берген, жасы отызға толған, жоғары бiлiмi мен мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар жеке тұлға төрешi болып сайланады (тағайындалады). Дауды жеке-дара шешетін төрешінің жоғары заң білімі болуға тиіс. Дауды алқалы шешетін жағдайда төрелік құрам төрағасының жоғары заң білімі болуға тиіс. Тараптардың келісімі бойынша Қазақстан Республика­сының азаматы, шетелдік не азаматтығы жоқ адам төреші болып сайлануы мүмкін. 2. Төрешiлiкке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптарды тараптар тiкелей келiсуi немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік регламентiнде айқындалуы мүмкін. 3. Мыналар: 1) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен сайланған немесе тағайындалған судья; 2) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған; 3) соттылығы алынбаған немесе өтелмеген не қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айып тағылған адам; 4) мемлекеттiк қызметшi, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты, өз қызметiн мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен ақысы төленетiн тұрақты немесе жұмыстан босатылған негiзде жүзеге асыратын мәслихат депутаты және әскери қызметшi болып табылатын адам төрешi бола алмайды. 14-бап. Төреліктің құрамы 1. Төреліктің құрамы жеке-дара не алқалы болуы мүмкін. Төреліктің құрамын қалыптастыру тараптардың келiсiмi бойынша төрешiлердi (төрешiнi) сайлау (тағайындау) арқылы жүргiзiледi. 2. Тараптар төрешілердің санын айқындауға құқылы, ол тақ болуға тиіс. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелікте дауды шешу үшін үш төреші сайланады (тағайындалады). 3. Тұрақты жұмыс істейтін төрелікте төреліктің құрамын қалыптастыру тұрақты жұмыс істейтін төреліктiң регламентiнде және төрелік келісімде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. 4. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төреліктің құрамын қалыптастыру тараптар келiскен тәртiппен жүргiзiледi. 5. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса немесе дау­ды тұрақты жұмыс істейтін төрелік қарамайтын болса, үш төрешiден тұратын төреліктің құрамын қалыптастыру кезiнде әрбiр тарап бiр төрешiнi тағайындайды және осылайша тағайындалған екi төрешi үшiншi – төрағалық ететін төрешiнi сайлайды. 6. Тараптардың келiсiмi болмаған жағдайда тұрақты жұмыс істейтін төреліктің басшысы, ал дауды нақты дауды шешу үшін құрылған төрелік қараған жағдайда – Төрелік палата: 1) егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, тарап басқа тараптан бұл туралы өтiнiштi алған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде төрешiнi тағайындамаған; 2) егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, екi төрешi өздерiн тағайындаған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде үшiншi төрешiнi таңдау туралы уағдаласпаған; 3) тараптар дауды жеке-дара қарайтын төрешiнi таңдау туралы уағдаласпаған жағдайларда, дау тараптарының бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрешiлердi (төрешiнi) Төрелік палатаның тізіліміндегі немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік құрамындағы адамдардың қатарынан күнтiзбелiк отыз күн iшiнде тағайындауы мүмкін. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік басшысының төрешілерді тағайындау туралы шешімінің күші жойылуға жатпайды. 15-бап. Төрешілер тізілімі 1. Төрешілер тізілімі – Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асыратын төрешілер туралы мәліметтерді қамтитын дерекқор. Төрешілер тізілімі төрешінің тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жұмыс орнын, лауазымын және жұмыс кезеңін көрсетіп, жұмыс тәжірибесін, ғылыми дәрежесін және ғылыми атағын (болған жағдайда), қараған істерінің санын қамтуға тиіс. 2. Төрешілер туралы ақпарат мүдделі тұлғалардың сұрау салуы бойынша беріледі. 3. Төрешілер тізілімін жүргізу және оны пайдалану қағидаларын Төрелік палата бекітеді. 16-бап. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік қызметiнiң шарттары 1. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзінің төрешiлерiнiң тізілімін жүргізеді. Заңды мекенжайын және регламентін қоса алғанда, тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік туралы ақпарат, сондай-ақ төрешілердің тізілімі жеке және заңды тұлғалардың еркін танысуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернет-ресурстарда орналастырылады. Төреліктің шешімдері туралы ақпарат дау тараптарының келісімі болған кезде орналастырылады. 2. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзінің регламентінде айқындалған тәртіппен қаралған даулар бойынша істерді сақтауды жүзеге асырады. Тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктің істерін сақтауды бақылауды Төрелік палата жүзеге асырады. 17-бап. Төрешiден бас тарту 1. Төрешi осы Заңның 13-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, тараптар төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн. 2. Төрешінің турашылдығына және (немесе) құзыреттілігіне күмән туғызатын мынадай мән-жайлар, егер: 1) төрешімен тығыз байланысты адам дау тарапы болып табылса немесе төреші дауды қараудың нәтижесіне қарай басқадай тұрғыда өзіне елеулі пайданы немесе залалды күтетін болса; 2) төреші немесе онымен тығыз байланысты адам дау тарапы болып табылатын заңды тұлғаның, оның филиалының немесе өкілдігінің жетекшісі болып табылса немесе басқадай тұрғыда тарапты немесе дауды қараудың нәтижесіне қарай елеулі пайданы немесе залалды күтетін адамды білдіретін болса; 3) төреші сарапшы ретінде болса немесе өзгеше тұрғыда даудағы өз ұстанымын алдын ала айқындап қойған болса немесе тараптың ұстанымын алдын ала дайындауда немесе жазып беруде тарап жағына жәрдем көрсеткен болса; 4) төреші осы істі қарауға байланысты осы Заңда көзделмеген сыйақы алса немесе оны талап етсе; 5) төреші төрелік талқылау мерзімдерін негізсіз сақтамайтын болса, төрешiден бас тартуға негіз болып табылады. Осы Заңның мақсаттары үшін, егер адам төрешінің жұбайы (зайыбы) немесе оның жақын туысы, жекжаты не тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қызметкері болып табылатын, төрешімен еңбек немесе өзге шарттық қатынастарда тұратын немесе оның төрешіге тәуелділігін куәландыратын өзге де байланысы бар адам, етене байланыстағы адам болып табылады. 3. Қандай да бiр жеке адамға оның төрешi етiп сайлану (тағайындалу) мүмкiндiгiне байланысты өтініш білдірiлген жағдайда аталған адам осы Заңның 13-бабына сәйкес одан бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлардың бар екендiгі туралы хабарлауға тиiс. Егер аталған мән-жайлар төрелiк талқылау кезiнде туындаған жағдайда төрешi бұл туралы тараптарға кiдiрiссiз хабарлауға және өздiгiнен бас тартатыны туралы мәлiмдеуге тиiс. 4. Егер бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар тарапқа осы істі қарау үшін төрелік құрамын қалыптастырғаннан кейін ғана белгiлi болған жағдайда, ол осы бапқа сәйкес өзi сайлаған төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн. 5. Тұрақты жұмыс істейтін төрелiкте төрешiден бас тарту рәсiмi оның регламентiнде айқындалуы мүмкiн. 6. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешiден бас тарту рәсiмiн тараптар келiсуi мүмкiн. 7. Егер төрешiден бас тарту рәсiмi тараптармен келiсiлмесе немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелiктiң регламентiнде айқындалмаса, онда тарап төрешiден бас тарту туралы жазбаша дәлелдi өтiнiштi төрешiден бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар өзiне белгiлi болғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде төрелiкке беруге тиiс. Егер өзiне бас тарту мәлiмделген төрешi оны қанағаттан­дырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда төрелiктiң құрамына кiретiн төрешiлер тараптың жазбаша дәлелдi өтiнiшi алынған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде бас тарту туралы мәселенi шешедi. Дауды жеке-дара қарайтын төрешiден бас тарту туралы мәселенi сол төрешi шешедi. Егер дауды жеке-дара қарайтын төрешi тараптардың бiрiнiң немесе екеуiнiң де бас тарту туралы өтiнiшiн қанағат­тандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда тараптар бас тарту туралы мәселенi төреліктің осы құрамының төрелiк талқылауды тоқтатуы туралы келiсiм қабылдау арқылы шешедi. 18-бап. Төрешінің өкілеттіктерін тоқтату 1. Төрешінің өкілеттіктері тараптардың келісімі бойынша осы Заңның 17-бабында көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ өз өкілеттіктерін дауды қарау бойынша белгіленген мерзім ішінде орындамаған немесе ауруы бойынша, қайтыс болуына не дауды қарау бойынша өз өкілеттіктерінен бас тартуына байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіз болған жағдайда, тоқтатылуы мүмкін. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздердің қайсыбіріне қатысты келіспеушілік болған жағдайда, кез келген тарап тұрақты жұмыс істейтін төрелік басшысына төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешім қабылдау туралы өтінішхатпен жүгінуі мүмкін. Төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешімнің күші жойылуға жатпайды. 2. Төрелік құрамының өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда, қарауда жатқан дау бойынша іс жүргізу басқа төрелік құрамын сайлағанға (тағайындағанға) дейін тоқтатыла тұрады. 3. Төрешінің өкілеттіктері нақты іс бойынша шешім күшіне енгеннен кейін немесе егер тараптар мұндай тоқтатуға қатысты уағдаласқан жағдайда тоқтатылады. Осы Заңның 50 және 51-баптарында көзделген жағдайларда төрешінің өкілеттіктері қайта басталады, ал бұдан соң аталған баптарда көзделген процестік әрекеттер жасалғаннан кейін тоқтатылады. 19-бап. Төрешіні ауыстыру Төрешінің өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда, ауыстырылатын төрешіні сайлау (тағайындау) кезінде қолданылған қағидаларға сәйкес басқа төреші сайланады (тағайындалады). Ауыстыру тәртібімен сайланған (тағайындалған) төреші іс бойынша қайта тыңдауды тағайындауға құқылы. 4-тарау. ТӨРЕЛІК ТАЛҚЫЛАУДЫ ЖҮРГІЗУ 20-бап. Төреліктің өз құзыреті туралы қаулы шығаруға және талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы нұсқау беруге құқығы 1. Төрелік өзіне шешуге берілген дауды қарауға өкiлеттiктepi (юрисдикциясы) бар немесе жоқ екендiгi туралы мәселенi, оның iшiнде тараптардың бiрi төрелiк келiсiм жарамсыз деген себеппен төрелiк талқылауға қарсылық бiлдiрген жағдайда дербес шешедi. Бұл мақсат үшін шарттың бір бөлігі болып табылатын төрелік ескертпе, шарттың басқа талаптарына тәуелді емес келісім ретінде түсіндіріледі. Төреліктің шарттың жарамсыздығы туралы шешім шығаруы төрелік ескертпенің жарамсыздығына әкеп соқпайды. 2. Тарап даудың мәнi бойынша алғашқы өтiнiш берiлгенге дейiн төрелiктiң өзiне шешуге берiлген дауды қарауға төрелiктің өкiлеттiктерi жоқ екенi туралы мәлiмдеуге құқылы. 3. Егер төрелiк талқылау барысында қаралуы төрелiк келiсiмде көзделмеген мәселе төрелiк талқылаудың нысанасына айналса, не ол осы iс қарауда қолданылатын құқық нормаларына немесе төрелiк талқылау қағидаларына сәйкес төрелiк талқылаудың нысанасы бола алмаса, тарап төрелiктiң өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны туралы мәлiмдеуге құқылы. 4. Төрелiк осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жасалған өтiнiштi күнтізбелік он күн ішінде қарауға мiндеттi. Өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша ұйғарым шығарылады. 5. Егер төрелiк өзiнiң құзыретi туралы мәселенi қарау кезiнде төрелiктiң дауды қарауға өкiлеттiктерi жоқтығы туралы ұйғарым шығарса, онда төрелiк дауды мәнi бойынша қарай алмайды. 6. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік кез келген тараптың өтiнiшi бойынша қандай да бiр тараптың даудың нысанасына қатысты талап қоюды қамтамасыз етуі жөнiнде өзi қажет деп есептеген осындай шаралар қабылдауы туралы нұсқау бере алады, бұл туралы ұйғарым шығарады. 21-бап. Төрелiк талқылау қағидаларын айқындау 1. Төрелiк талқылауды тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзiнiң регламентiне және төрелiк келісімге сәйкес жүзеге асырады. 2. Төрелiк нақты дауды шешу үшiн төрелік талқылауды тараптармен келiсiлген қағидаларға сәйкес жүзеге асырады. Тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктiң регламентiнде, сондай-ақ осы Заңның ережелерiнде айқындалмаған және тараптармен келiсiлмеген төрелік талқылаудың қағидаларын төрелік айқындайды. 3. Төрелiк құрамына берілген өкiлеттiктер кез келген дәлелдемеге жол берушілікті, оның қатыстылығын, мәнін және маңызын айқындауға арналған өкiлеттiктерді қамтиды. 22-бап. Төрелiк талқылаудың орны Дау тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктiң қарауына берiлетiн жағдайды қоспағанда, тараптар төрелік талқылаудың орнын өз қалаулары бойынша айқындай алады. Мұндай уағдаластық болмағанда, төрелік талқылаудың орнын, тараптар үшiн қолайлылық факторын қоса алғанда, iстiң мән-жайларын ескере отырып, төрелік айқындайды. 23-бап. Талап арыз 1. Талап қоюшы өзiнiң талаптарын талап арызда баяндайды, ол төрелікке жазбаша нысанда берiледi. Талап арыздың көшiрмесi жауапкерге берiледi. 2. Талап арызда: 1) талап арыздың берiлген күнi; 2) тараптардың атауы, олардың пошта мекенжайы және банк деректемелерi; 3) төрелікке жүгiну негiздемесi; 4) талап қоюшының талаптары; 5) талап қоюшы өзiнiң талаптарын негiздеген мән-жайлар; 6) талап қою талаптарының негiздерiн растайтын дәлелдемелер; 7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы; 8) талап арызға қоса берiлетiн құжаттар мен өзге де материалдардың тiзбесi көрсетiлуге тиiс. Талап арызға талап қоюшы немесе сенiмхаттың немесе өкiлдiң өкiлеттiгiн куәландыратын өзге құжаттың түпнұсқасы қоса берiле отырып, оның өкiлi қол қоюға тиiс. 3. Төрелiктiң регламентiнде талап арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуi мүмкін. 24-бап. Талап арызға пiкiр 1. Жауапкер талап арызға пікірінде өзiнiң талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, оны талап қоюшыға және төрелікке ұсынуға құқылы. Талап арызға пiкiр төреліктiң регламентiнде немесе тараптардың келісімінде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде талап қоюшыға және төрелікке берiледi. Егер төреліктiң регламентiнде талап арызға пiкiр беру мерзiмi айқындалмаса, онда көрсетiлген пiкiр төреліктiң бiрiншi отырысына дейін кемiнде күнтiзбелiк он күн қалғанда ұсынылады. 2. Тарап төрелік iс қарау барысында өзiнiң талап арыздарын және (немесе) талап қоюға қарсылықтарын өзгертуге және (немесе) толықтыруға құқылы. 25-бап. Төрелiк талқылауды қозғау 1. Төрелiк талап арызды қабылдап, егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, күнтізбелік он күн ішінде төрелік регламентiне немесе тараптар келiскен қағидаларға сәйкес төрелік талқылауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралатын орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап арызға жазбаша пiкiр берудi ұсынады. 2. Жауапкердiң қарсылықтарын бермеуі дауды қарауға кедергi бола алмайды. 26-бап. Төрелiк талқылаудың басталуы 1. Егер тараптардың келiсімімен өзгеше көзделмесе, төрелiк дәлелдемелерді беру үшін немесе ауызша жарыссөздер үшін істі ауызша тыңдау өткізу не құжаттар мен басқа да материалдар негізінде ғана талқылауды жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды. Алайда, тараптар ауызша тыңдауды өткізбеуге уағдаласпаса, төрелiк мұндай тыңдауды тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша талқылаудың тиiстi сатысында өткізуге тиіс. 2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, нақты дауға қатысты төрелiк талқылау осы дауды төрелiкке беру туралы өтінішті жауапкер алған күні басталады. 3. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, төрешi тараптарға төрелік отырысының уақыты мен орны туралы алдын ала және тиiстi түрде хабарлама тапсыруға мiндеттi. 4. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда тараптардың бiрi төрелікке ұсынатын барлық құжаттардың, материалдардың көшiрмелерi мен ақпаратты төрелік олар төрелікке келiп түскен күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде екiншi тарапқа беруге тиiс. Төрелiк сараптамалық қорытындыларды тараптарға төрелік талқылау басталғанға дейiн беруге тиiс. 27-бап. Талап арызды қайтару 1. Төрелiк егер: 1) тараптар арасында төрелік келісім болмаса; 2) талап қою төрелік келiсiмде көзделмеген төрелікке берiлсе; 3) талап қоюдың нысанасы төрелік келiсiмнiң шеңберiнен тыс болса; 4) төрелік келісімнің қатысушылары болып табылмайтын үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғаса; 5) талап арызға қол қоюға өкiлеттiктерi жоқ адам қол қойса; 6) талап қоюшы талап арызды қайтарып алу туралы өтініш берсе; 7) осы немесе басқа төреліктің іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде іс бар болса, талап арызды қайтарады. 2. Талап арыз қайтарылған кезде төрелік дәлелді ұйғарым шығарады. 3. Арыздың қайтарылуы талап қоюшының сол жауапкерге сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қойып, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, тиісті тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде немесе тараптардың келісімінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, төрелікке қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді. 28-бап. Төрелік талқылаудың тілі 1. Тараптар төрелік талқылау барысында пайданылатын тiл немесе тiлдер туралы өз қалаулары бойынша уағдаласуы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда төрелік талқылау тілі төрелікке талап арыз қай тілде берілуіне байланысты не төрелік келісімінің тілінде төреліктің ұйғарымымен белгіленеді. Егер істі қарауға дайындау барысында төрелікте өкілі талап арыз берген тілді талап қоюшының меңгермегені анықталса, онда талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бо­йынша төрелік талқылаудың тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады. Төрелiк талқылау жүргiзiлiп отырған тiлдi меңгермеген iске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы iс материалдарымен танысу, төрелік талқылауға қатысу құқығы, төрелікте ана тiлiнде сөйлеу құқығы қамтамасыз етiледi. Бұл ретте тарап аудармашының төрелік талқылауға қатысуын дербес қамтамасыз етеді. 2. Құжаттар мен өзге де материалдарды төрелік талқылау тiлiнде (тiлдерiнде) ұсынбаған тарап олардың аудармасын қамтамасыз етедi, бұл ретте төреліктiң регламентiнде не тараптардың келiсiмiнде қосымша талаптар айқындалуы мүмкін. 3. Төрелiк тараптардан құжаттар мен өзге де материал­дардың төрелік талқылау тiлiндегi (тiлдерiндегi) аудармасын талап ете алады. 4. Төреліктің құжаттары және өзге де материалдары іске қатысушы адамдарға төрелік талқылаудың тілінде табыс етіледі. 29-бап. Құжаттарды ұсынбау немесе тараптардың келмей қалуы 1. Құжаттар мен өзге де материалдарды ұсынбау, оның iшiнде төрелік отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлген тараптардың бiрiнiң немесе олардың өкiлдерiнiң төрелік отырысына келмей қалуы, егер құжаттар мен өзге де материалдардың ұсынылмау себептерiн немесе тараптардың төрелік отырысына келмей қалуын ол дәлелсiз деп таныса, ұсынылып отырған материалдар мен дәлелдемелер негiзiнде төрелік талқылау және төреліктiң шешiм қабылдауы үшiн кедергi болып табылмайды. 2. Жауапкердiң талап қоюға қарсылықтар ұсынбауын талап қоюшының талаптарын тану ретiнде қарауға болмайды. 30-бап. Тараптардың жазбаша хабарламаларды алуы Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса: 1) егер кез келген жазбаша хабарлама адресаттың тұрақты тұрғылықты жерi немесе пошта мекенжайы бойынша оның жеке өзіне жеткiзiлсе, ол алынды деп есептеледi, мұндайларды ақылға қонымды анықтама жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаса, егер ол соңғы белгiлi тұратын жерiне тапсырыс хатпен тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хат, телефонограмма немесе жеделхат, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе элекрондық мекенжайы бойынша, сондай-ақ хабарлауды тiркеудi қамтамасыз ететiн өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы жiберiлсе, жазбаша хабарлама алынды деп есептеледi; 2) жазбаша хабарлама осындай жеткiзiлген күнi алынды деп есептеледi. 31-бап. Тараптардың құқықтары Төрелiк талқылауға қатысушы тараптардың: 1) iс материалдарымен танысуға және осы материалдардан көшiрмелер алуға; 2) дәлелдемелердi ұсынуға; 3) өтiнiш бiлдiруге, төрешiлерден бас тартуға; 4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруге; 5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерiн ұсынуға; 6) басқа тараптың өтiнiштерiне және дәлелдерiне қарсылық бiлдiруге; 7) төрелік отырыс хаттамасымен танысуға және ол бойынша жазбаша ескертулер беруге; 8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес сот алдында төреліктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы өтiнiш беруге; 9) осы Заңда белгiленген жағдайларда төреліктiң шешiмiн бұзу туралы өтініш беруге; 10) істі бітімгершілік келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтауға құқығы бар. 32-бап. Тараптардың төрелік отырысқа қатысуы 1. Әрбiр тарапқа өз ұстанымын баяндау және өзiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн тең мүмкіндiктер берiлуге тиiс. 2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік талқылау тараптардың және (немесе) олардың өкiлдерiнiң қатысуымен төреліктiң жабық отырысында жүзеге асырылады. Тараптар өкiлдерiнiң өкiлеттiктерi Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресiмделуге тиiс. 3. Төреліктің отырысы (оның бөлігі) тараптардың өтінішімен не төреліктің бастамашылығымен бейнеконференция байланысы мен өзге де бағдарламалар, техникалық құралдар пайдаланыла отырып өткізілуі мүмкін. Бұл ретте осы Заңның 22-бабына сәйкес айқындалған төрелік талқылаудың орны отырыс өткізу, шешім шығару орны болып табылады. 33-бап. Дәлелдемелерді ұсыну және зерттеу 1. Әрбiр тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негiздемесi ретiнде сiлтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиiс. Төрешi, егер ұсынылған дәлелдемелерді жеткiлiксiз деп тапса, тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етудi ұсынуға құқылы. 2. Төрешілер, егер тараптар ұсынған дәлелдемелердің дауға қатысы болмаса немесе мұндай дәлелдемелердің ұсынылған уақыты ескеріле отырып бас тарту орынды болып табылса, дәлелдемелерді қабылдаудан бас тартуға құқылы. 3. Төрешi iс бойынша қолда бар барлық дәлелдемелердi тiкелей зерттеуге мiндеттi. 34-бап. Төрелік тағайындаған сарапшы 1. Егер төрелік талқылауға қатысушы тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төрелік: 1) төрелік айқындайтын нақты мәселелер бойынша өзiне қорытындылар беруi үшiн бiр немесе бiрнеше сарапшы тағайындауы; 2) тараптан iске қатысты кез келген ақпаратты сарапшыға ұсынуын не оған iске қатысты құжаттардың, тауарлардың немесе басқа да мүлiктiң тексерiп қарау үшiн ұсынылуын немесе тексерiп қарауға мүмкіндiк берiлуiн талап eтуi; 3) егер бұл мәселелерді тараптар арнайы ескертпесе, сараптама жүргізу және сарапшының қатысуына ақы төлеуге арналған шығыстарды бөлуді қоса алғанда, төрелік талқылауға сарапшының қатысуына қатысты өзге де мәселелерді шешуі мүмкін. 2. Сараптамалық қорытынды жазба