12 Сәуір, 2016

Кінәлі – қатқан жер мен тез жылынып кеткен күн

397 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ком-үлкеніКеше Орталық коммуникациялар қызметінде көктемгі су тасқынына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Онда Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер биылғы орын алған су тасқындарына негізінен қатқан жер мен күрт ысыған күн кінәлі екенін айтты. Комитет төрағасының кел­тір­ген мәліметтеріне қарасақ, көк­темгі су тасқынына дайындық жұ­мыстары өте жақсы жүргізілген. Әйткенмен, су тасқыны күтілмеген қалалар мен елді мекендер жағдайды күрделендіріп жіберген. Бүгінгі күнге дейін су тасқынына ұрынып, мемлекеттің көмегіне зәру болып отырған адамдардың саны анық болмағанымен, қай жерде қандай құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде толық ақпарат бар. Мысалы, осы кезге дейін су басқан 535 үйдің 421-інен суды басқа бағытқа бұрып әкету жұмыстары жүргізілген. Апатты аймақтардан 969 адам эвакуация­ланып, 17 жан қиын жағдайдан құтқарылыпты. Дәл қазіргі уақытта 504 адам өз үйіне қайта оралып, 437 адам туыстарын паналап отыр екен. Ал эвакуациялау пункттерінде 30-ға жуық адам бар көрінеді. Әйтсе де, бірқатар мал шығыны болған. Су тасқыны басталған кезден осы күнге дейін 2 488 ірі қара мал қырға айдалып, аман қалғанымен, 65 бас қара мал өлімге ұшырапты. Комитет төрағасы жергілікті жерлердегі бөлімше қызметкерлері мен өңір басшылары тиянақты жұмыс істегендіктен осындай аз шығын болғанын айтты. «Министрлік орталық және жергiлiктi органдармен бiрлесiп, су тасқынының алдын алу мақсатында 90 шақырымнан астам қорғаныс бөгетiн салды. Оған қоса, 455 бөгеттi жөндеуден өткiздi. 180 шақырым ұзындықтағы су қоймаларының жағажайы мен түбi бекiтiлдi. 87 шақырым су тасу қаупi бар өзендердiң бағыттары кеңейтiлiп, өзгертiлдi. Екі мың шақырымнан астам су арнасы тазартылды», деген В.Беккер, ағымдағы жылы су тасқынының алдын алу және одан келген зардапты жою үшiн 27,5 тонна көлемiнде жанар-жағармай қоры, 400 мың тоннадан астам инерттi материал, 1,3 млн. қап пен 150 тонна жарылғыш зат әзiрленгенін айтты. Журналистердің елордаға қатысты қойған сұрағына, «Астананы су басу қаупi жоқ. Вячеслав су қоймасы артық судан уақытылы босатылды. Бұл су тасқынының «шарықтау шегiнде» барлық суды қабылдауға мүмкiндiк бердi» деген комитет төрағасы, су қоймасынан 6 сәуiрден бастап артық су босатыла бастағанын айтты. Бүгiнгi таңда секундына 110 метрге жуық су төгiліп жатыр екен. Қазіргі күнде жағдайы қиындап тұрған Солтүстік Қазақстан облысында аудандық әкімдіктер су тасу қаупіне кешенді түрде баға бере алмаған көрінеді. «Алдын ала дайындық шараларына қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынының алғашқы нәтижелері бір мәселені аңғартты. Аудандық әкімдіктер ауа райын ескеріп, қауіптің салдарына кешенді түрде баға бере алмаған сыңайлы. Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында су басқан 8 елді мекеннің 6-ын жергілікті билік су баспайды деп ойлаған», деді В.Беккер. Баспасөз мәслихатында болған әңгіменің тоқетерін айтар болсақ, комитет төрағасы биылғы су тасқынына бірнеше факторлар әсер еткенін көлденең тартады. Солардың ең бастысы, күзде су тереңге сіңіп, қыста тоң болып қатып қалған. Оған қоса, Солтүстік Қазақстан облысында қар қалың түскен. Күн күрт жылынғанда, еріген қардың суы жерге бірден сіңбей, жан-жаққа жайылып кеткен. Соған қарағанда, су тасқынына кінәлі тосыннан ысыған күн мен жібімей жатып алған тоң болып шығады. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан.