– дейді Атырау облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Баязи ӘБДЕШЕВ
– Елбасының адамзатқа «ХХІ ғасыр. Соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажеттігін көтеруінің нендей себебі бар деп ойлайсыз?
– Нұрсұлтан Әбішұлы кең ауқымда ойлайтын, әлемдік деңгейдегі күрмеуі қиын түйінді мәселелердің шешілу жолын ұсына алатын көреген саясаткер екені баршаға мәлім. Бұған Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте әлем жұртшылығы тағы бір мәрте куә болды. Елбасы бұл жолы адамзаттың мазасын алған әлемдегі қазіргі қауіп-қатерлер жөнінде тарқатып қана айтумен шектелмей, «ХХІ ғасыр. Соғыссыз әлем» кең ауқымды бағдарламасын ұсынып отыр. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігін алған кезден бергі ізгі ойымен ұштасып жатыр. Сол кезде, яғни, бұдан ширек ғасыр бұрын еліміздегі ең ірі сынақ полигонын жауып, Қазақстан Республикасының бейбіт өмірді қалайтын мемлекет екендігін танытты. Содан бері елімізде бірде-бір ядролық қару сыналған емес. Әлемдегі ядролық қару жасауды дамытқысы келетін елдерге осылай үлгі-өнеге көрсетті. Бірақ, қазір әлі де әлемнің тыныштығын бұзғысы, сөйтіп, адамзатты үрейде ұстағысы келетін, елін, жерін қимаса да кей елдердің тұрғындарын босқындар қатарына көптеп қосуды көздейтін теріс пиғылдылар азаймай отыр. Адамның өңі түгілі түсіне кірмеген жантүршіктірер лаңкестік әрекеттердің дүркін-дүркін қайталануы астыртын әрекет ететін топтардың ісі екені даусыз. Бейбіт тұрғындардың өмірін жалмаған терактілерді жасауға жастардың көптеп тартылуының астарында діни сауатсыздық бар секілді. Тіпті, бұған оң-солын танымаған, кәмелетке толмаған жас балаларды баулудың қатері тіптен қауіпті.
Ең қауіптісі – технология қарыштап дамыған сайын ядролық, химиялық, биологиялық қарулардың жаңа түрі ойлап табылатын болса, мұндай қарулардың қауіп-қатері жер шарының біраз бөлігін қамтымасына кім кепіл? Мұндай қаруды қолдануы ықтималдарға қарсы тұру мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Ол үшін әр мемлекеттің басшылары тек өз елінің ғана емес, Қазақ елінің Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев секілді, барша адамзаттың бейбіт өмірін қамтамасыз етердей оң қадам жасауы тиіс.
– Қазір Еуропа елдеріне ағылған босқындар көбейді. Мұның салдары қандай болуы мүмкін?
– Қай ұлттың өкілі, қай елдің тұрғыны болсын, олар босқын болуды қалады дейсіз бе? Жо-жоқ, ешбір адам туған жерінен тамыр үзгісі келмейді. Шындығында, босқын ретінде өзге елге ағылатындар амалдың жоқтығынан сондай қадамға барады. Оларды мұндай күйге басына түскен қиыншылық, болашағына төнген қауіп-қатер мәжбүр етіп отыр. Ал, енді өзге мемлекеттен пана тапқан соң, олардың тағдыры өз еліндегідей мамыражай тірлікке ұласады деу өте қиын. Өйткені, босқындар алдында сан түрлі кедергі бар. Біріншіден, босқындарға «Әр елдің салты басқа...» дегендей, бәлкім, уақытша болса да тұрақ тапқан өзге елдің тарихы мен мәдениетіне, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына мойынұсынуына тура келеді. Әлбетте, бастапқыда кездесетін қиындықтың бастысы – тілдік кедергі. Мәселен, араб елдерінің кейбірінен Германияға босқын ретінде барғандар бірден сол елдің азаматындай алаңсыз өмір сүреді деу қиын. Себебі, қай елге барса да босқындар бастапқы күндерде ғана емес, тіпті, бірнеше жылдап үрей құшағында жүрері еш дау тудырмайды. Өйткені, оларға жаңа елге, жаңа ортаға бой үйрету оңайға түспейді. Оның үстіне, оларды жайлы баспана, салулы төсек, асулы тамақ күтіп тұрған жоқ. Сол елдің азаматы болмағаннан кейін оңайлықпен жұмысқа орналасу мүмкіндігі де аз.
Босқындықтың салдары тым ауыр болады. Әсіресе, босқындардың әлі бесіктен белі шықпаған балалары үшін тіптен орасан. Олай деуімнің бірнеше себебіне тоқталар болсам, біріншіден, босқындардың қирандыға айналған еліне оралуы жүрегі шайлығып қалғандықтан, екіталай. Екіншіден, тұрақты баспанасы да, азаматтығы да, тіпті, жұмысы да жоқ босқындар балаларын ұлттық салт-дәстүрлері мен құндылықтарына сай тәрбиелей аларына сенім аз. Сол себептен, босқындар әлі әріп танымаған балаларын, мәселен, Германияның мектептеріне беруіне тура келуі мүмкін. Өйткені, босқындарды қабылдаған мемлекеттер олардың ұлттық құндылықтарын дамытуына жол бермеуі де ықтимал. Демек, сириялық босқынның баласы Германияның оқу бағдарламасымен сауат ашады. Яғни, Германияның тарихы мен мәдениеті, тілі, ұлттық салт-дәстүрімен кеңінен танысып, өзінің ұлттық құндылықтарынан ажырап қалуы ғажап емес.
– Әлемде тыныштық орнатудың кілті неде?
– Жер шарының тыныштығы адамзат үшін ауадай қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік саммит мінберінен соғыссыз әлем құру мен сол бағыттағы кең ауқымды бағдарламаның қажеттігін ұсынған үндеуінің басты мақсаты – жер шарының тыныштығы, адамзаттың бейбіт өмірі. Бұған ірі державалар арасындағы ынтымақтастық пен келісімнің арқасында ғана қол жеткізуге болады. Тумысынан ынтымақты, достықты жақтайтын Елбасының жер шарының тыныштығын көздеген ұлы мақсаты жаһан жұртының қолдауына ие болып, бұл әлем елдерінің басшыларына үлкен ой салған секілді. Осыдан кейін әлемдік саясаткерлер де, өзге мемлекеттер басшылары да жер шарының тыныштығы үшін Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған ұлы мақсатты қолдайтынына сенемін. Өйткені, олар да темірден емес, ет пен сүйектен жаралған пенделер ғой. Әлемнің тыныштығын қалпына келтіруге, сөйтіп, өзара қырғи-қабақ көзқарастан арылып, келісім үстелінің басына жиналатын шығар. Сөйтіп, адамзаттың бейбіт өміріне қауіп-қатер төндірген теріс пиғылдылар мен жанкештілердің кешірілмес әрекетіне тосқауыл қоюдың жолы табылатын болар деген сенімдемін.
Тегінде, әлемдегі тыныштықты сақтаудың кілті – келісімде!
Әңгімелескен
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.