2016 жылғы 11 сәуір, Астана, Үкімет Үйі
«Әскери мүлікті есепке алу және есептен шығару ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 28 шілдедегі №787 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
- «Әскери мүлікті есепке алу және есептен шығару ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 28 шілдедегі № 787 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Әскери мүлікті есепке алу және есептен шығару ережесінде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери мүлкін есепке алу және есептен шығару ережесі (бұдан әрі – Ереже) «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы
7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 22) тармақшасына сәйкес әзірленді және әскери бөлімдерде, мемлекеттік мекемелерде, әскери оқу орындарында (бұдан әрі – әскери бөлімдер) жарамсыз (шекті) күйге келген сапасын жоғалтқан қаруды, әскери техника мен өзге де әскери мүлікті есепке алу және есептен шығару тәртібін белгілейді.»;
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Жеке пайдаланудағы заттай мүлік – жабдықтау нормалары бойынша әскери қызметшілерге тұрақты жеке пайдалануға (түгендеу мүлкінен басқа) босатылатын заттай мүлік заттары, атап айтқанда киім-кешек, аяқ киім, киім, жылы заттар және амуниция.»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери мүлкін есепке алуды және есептен шығаруды ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабымен келісу бойынша осы мүлік жедел басқаруында тұрған мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекіткен нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Оқу-жаттығу және басқа да мақсаттарда пайдаланылатын мүлікті, сондай-ақ осы Ереженің 27-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, егер мүлік өзінің техникалық жай-күйі бойынша немесе жөндеуден кейін мақсаты бойынша бұдан әрі пайдалануға жарайтын болса, белгіленген қызмет мерзімдерінің өтуі, сондай-ақ мүліктің тозу құнының 100% есептелуі оны есептен шығару үшін негіз бола алмайды.»;
мынадай мазмұндағы 27-1-тармақпен толықтырылсын:
«27-1. Теріс себептер бойынша жұмыстан босатуды қоспағанда, әскери қызметшілерді жұмыстан босатқан, кию мерзімі бітпеген түгендеу мүлкінен басқа, жеке пайдаланылған заттай мүлікті есептен шығарған кезде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша арнайы киім-кешектер мен жеке пайдаланудағы басқа да заттарды баланстан есептен шығаруға арналған акті бойынша жүргізіледі.».
- Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.