Жаңашылдық жемістері
Бүгінгі күн талабы
Көптілді білім берудің негізгі мақсаты – оқушыларды білімді, тәрбиелі, дарынды, жан-жақты, көптілді тұлға ретінде қалыптастыра отырып, оларға өздерінің білімін әрі қарай Қазақстаннан сырт елдерде, мәселен, Ресей, Еуропа, Америка мен Азияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында жалғастыруына мүмкіндік беру. Бұл өз алдына білім беру сапасының, ғылым салаларының дамуы мен ілгері басуына алып келуі тиіс. Осы ретте мектеп-гимназия даму бағдарламасын қабылдап, өзінің тарихы мен салт-дәстүрін терең меңгерген, үш тілде еркін қарым-қатынас жасай алатын, өз бетімен іздене алатын, зерттеу арқылы оқитын, жан-жақты, көптілді тұлға тәрбиелеу жүйесін қалыптастыруды міндет етіп қойды. Қазақстанның жоғары оқу орындарында жаратылыстану циклының пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мамандарды даярлау қолға алынуда. Дегенмен, әлі де ағылшын тілінде сабақ беретін мамандардың тапшылығы үлкен қиындық туғызады, үштілді мектептер эксперимент ретінде ашылған кезден бері бұл салада шетелдік волонтерлер мен мамандар ұзақ уақытқа тұрақтамағаны белгілі. Мектептерде көбінесе ағылшын тілін өздігінен оқыған пән мұғалімдері немесе ағылшын тілі пәні мұғалімдері жаратылыстану-математика циклының пәндерінен сабақ беруде. Қазіргі таңда біздің мектеп-гимназиямыздың ағылшын тілін жетік меңгерген түлектері халықаралық үлгідегі сертификаттар иеленіп, Қытай, Малайзия, Ұлыбритания, Чехия, Түркия, АҚШ, Швеция мемлекеттерінің колледждері мен университеттерінде тегін білім алуда. Оған қоса, еліміздің алдыңғы қатарлы тілдік жоғары оқу орындарында бірқатар үздік оқушыларымыз мемлекеттік грант негізінде шет тілі, шығыстану, филология, халықаралық құқық мамандықтарына даярлауда. Оқушыларымыз тілдік қабілеттерін жетілдіру мақсатында жылда Үндістан Ұлыбритания, Польша мемлекеттеріне барып, тілдік курстар мен конференцияларға қатысып отырады. Үштілді сыныптарда сабақ беретін қазақ тілі мен әдебиеті, сонымен қатар, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімдері де өте тәжірибелі ұстаздар. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де жетерлік. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекеттік тіл –мемлекетті құрушы ұлттың тілі, ал орыс тілін білу – ұлы байлық. Ағылшын тілі ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны үйренуге тиіспіз» деді. Яғни, Елбасы келешек заманның кілті көп тіл білу мен керекті мамандыққа еркін қол жеткізу мүмкіндігінде екендігін болжап отыр. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру үшін еліміздің индустрия, ғылым салаларын дамытуға бар күшімізді салуымыз қажет. Бұл орайда, жас ұрпақтың ағылшын тілін меңгеріп, мектеп қабырғасынан-ақ әлемдік ғылым-білімнің тілін іс жүзінде қолдана алатындай даяр маман болып шығуы үлкен жетістік. Сол себепті, үш тілді білім беру бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар өте маңызды деп санаймын, жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген үміттеміз. Әсем ҚАШҚЫНБЕКОВА, М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназия директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары АЛМАТЫҮздіксіз үйрену
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үш тұғырлы тілді дамыту бағдарламасын енгізу жөнінде тапсырма жүктегені белгілі. Бұл жоба соңғы жылдары Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде де кеңінен жүзеге асырыла бастады. Студенттер ілкіде екі тілде (қазақ және орыс) оқытылып келсе, соңғы жылдары ағылшын тілі қосылып, үш тілде оқыту жүйесі қалыптасуда. Бұл – мамандарымыздың бәсекеге қабілетті болуы үшін өте қажет бағдарлама. Бүгінде үш тұғырлы тілге негіз болған тілдерді меңгеруге мүмкіндік мол. Университетімізде 2015-2016 оқу жылында ағылшын тілінде оқыту үшін арнайы топ құрылды. Алғашқы кезеңде студенттер тестілеуден өткізіліп, соның негізінде студенттер іріктелді. Яғни, таңдаулы пәндерді ағылшын тілінде оқыту мақсатында физика немесе химия сынды жекелеген пәндер ағылшын тілінде оқытыла бастады. Осылайша, университет қабырғасында көптілді топ құрылды. Аталған топқа дәріс өткізетін оқытушылар құрамы ағылшын тілінен академиялық емтихан тапсырып, арнайы сертификатқа ие болды. Яғни, олар IELTS немесе TOEFL деңгейінде ағылшын тілін меңгерген мамандар. Бұл дұрыс таңдалған әдістеме жүйесі деп ойлаймын. Өйткені, ағылшын тілін жақсы меңгерген маман жас өрендердің санасына қажетті білім-білігін құя алады. Аталған топта шет мемлекеттерде магистрлік білім алған оқытушылар да бар. Сондай-ақ, жоғары оқу орнында семинарлар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл жиындарда оқытушыларымыз ағылшын тілінде сабақты ұйымдастыру, жас тәлімгерлер үшін қызықты етіп өткізу жолдары сияқты сұрақтарға жауап тауып, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Сабақ үстінде туатын мәселелерді анықтауды, оны шешу жолдарын табуды ақылдасады. Сонымен бірге, педагогикалық тұрғыдағы идеялары мен жобаларын ортаға салып, жетістіктерімен бөліседі. Ағылшын тілінде оқытылатын пәнді түсінікті әрі ұғынықты етіп жеткізе білу де өнер. Әрине, ХХІ ғасыр – жаңа технологиялардың ғасыры. Барлық сабақ үдерістерін технологиялардың қатысуынсыз елестету қиын. Сондықтан, тілді оқытуда бірінші кезекте заманауи құрал-жабдықтардың пайдаланылатындығын айтуымыз керек. Университет тарапынан интерактивті тақта, интернетке қосылған компьютер, дәрістерді тікелей тыңдауға арналған арнайы алып монитор сияқты қажеттіліктердің барлығы берілген. Университет ректоры қызметін атқарған Шәріпбек Әмірбектің қолдауымен үш тілде оқыту бағдарламасы техникалық тұрғыдан толық қамтамасыз етілді. Университет басшылығына жуырда келген Мейір Ескендіров те бұл бағдарламаға зор көңіл бөліп отыр. Біздің аударма теориясы мен практикасы кафедрасының шетелдік әріптестерінің бірі – АҚШ-тың Канзас университеті. Аталған университет ғалымдары онлайн жүйесі арқылы біздің дәрісханамызға шығып, студенттермен тікелей сұхбат жүргізе алады. Студенттеріміз белгілі тақырыптарды шетелдік әріптестерімізбен бірге талқылайды. Осылайша, онлайн-сабақ арқылы оқытушылар ғана емес, студенттердің де тілдік біліктілігі артады. Сондай-ақ, онлайн-семинарларға қатысуды жолға қойдық. Мәселен, ағылшын тілі пәнінің оқытушысын даярлауға бағытталған «kursera» атты арнайы бағдарлама бар. Бұл да оқытушы деңгейін көтереді. Мен бұл курстың үш сатысынан өттім. Желтоқсан айынан бері бес ай мерзім ішінде Аризона университетінің қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша білімімді жетілдіріп келемін. Және аталған университеттен алған білімімді басқа да әріптестермен бөлісіп, біліктілігін арттыруға көмектесуге болады. Қашықтықтан оқуға әркімнің мүмкіндігі бар. Студенттердің тілді меңгеруіне келсек, бұл олардың қарым-қабілетіне байланысты. Мәселен, тілді жоғары, орташа және төмен деңгейде меңгергендер ретінде қарастырсақ, төмен дәрежедегі топқа ағылшын тілін басынан бастап қайта оқытуға тура келеді. Жастар ел келешегі болғандықтан, олардың көп тілді меңгеруі маңызды мәселе. Бұл ретте оқытушылар аянып қалмайды. Жаңа технологиялармен бірге бұрынғы дәстүрлі әдістемелік құралдар да қолданылады. Студенттердің қызығушылығын оята алатын һәм қолайына жағатын жеңілдетілген бағдарламалар пайдаланылады. Дегенмен, тілдің іргетасы мектеп қабырғасында қаланады. Осы орайда, үштілділіктің негізгі бастауы мектеп екенін естен шығармаған абзал. Ал, біздің алдымызда ауыл мектептеріндегі ағылшын тілі пәнінің оқытылу деңгейін жақсарту үшін педагогика мамандарының заманға сай жаңа буынын даярлау міндеті тұр. Гүлнар ҚҰСАЙЫНОВА, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті аударма теориясы мен практикасы кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты СЕМЕЙ