16 Сәуір, 2016

Ортақ мүдде орайындағы сапар

305 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
15-04-01-69Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімовтің шақыруымен 2016 жылғы 14-15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан Республикасына сапары болып өтті. Сенім мен өзара түсіністік жағдайында өткен келіссөздер барысында Мемлекет басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың ахуалы мен даму келешегін, сондай-ақ бірқатар халықаралық және өңірлік саясаттағы өзекті мәселелерді талқылады. Мемлекет басшылары қол жеткізілген екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимыл деңгейіне қанағат­тану­шылық білдіріп, 1998 жылғы 31 қазандағы Мәңгілік достық туралы және 2013 жылғы 14 мау­сымдағы Стратегиялық серіктестік туралы мемлекетаралық шарт­тардың аясында өзара тиімді ынтымақтастықты барлық салаларда одан әрі кеңейтуге және ұлғай­туға өзара ұмтылысын растады. Президенттер екіжақты сауда көлемінің өсуін қамтамасыз етуге, оның құрылымын әр­та­рап­тандыруға, инвестициялық ын­ты­мақтастықты жандандыру­ға, сон­дай-ақ сыртқы сауда жүк­тері тран­зитіне қолайлы жағ­дай қалып­тастыруға өзара ниеттестік білдірді. 15-04-02-43Экономика саласындағы же­місті серіктестікті жүзеге асыру­дың маңызды факторы ретін­де бірлескен және шетелдік кәсіп­орындардың қызметін айтуға болады. Қазіргі уақытта Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қаты­суымен 206 кәсіпорын жұмыс істеп, оның 171-і бірлескен кәсіп­орын болса, 35 кәсіпорын 100% қазақстандық капиталдың еншісінде. Сауда, көлік-логистика және қызметтің басқа да түрлері, құрылыс материалдарын және халық тұтынатын тауарлар өнді­ретін салаларда қазақстандық 3 компанияның өкілдігі еңбек етеді. Өз кезегінде біздің елімізде өзбекстандықтардың қатысуымен 151 кәсіпорын жұмыс істейді. Өзбекстан біздің елімізге ж­еміс-жидек, тоқыма өнімдерін, көлік құралдарын, тыңайтқыштар, құрылыс материалдарын шығар­са, Қазақстан өз кезегінде қара және түсті металдар, мал және өсім­дік майларын экспорттайды. Мүмкіндік тұрғысынан қара­ғанда, бұлардың қатары әлдеқайда өсуіне алғышарт қалыптасып келеді. Мемлекет басшылары 2016 жыл­ғы 11 наурызда Астана қа­ла­­сында 15-ші отыры­сы өт­кен Қазақстан Респуб­ли­касы мен Өзбекстан Респуб­ли­касы ара­сындағы екіжақты ын­ты­мақ­тастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның қыз­метін оң бағалады. Комис­сияның екіжақты серіктестіктің басымдығы бар бағыттарындағы өзара іс-қимыл­дар­ды іс жүзінде үйлестіру және қар­қындандыру тетігі ретінде атқа­ратын маңызды рөлі аталып өтті. Президенттер халықаралық саясаттағы басты мәселелер бойынша ұстанымдарының жақындығын немесе сәйкес­тігін мәлімдеді, бей­бітшілікті, қауіп­сіздік пен тұрақ­тылықты жаhан­дық және өңірлік ауқымда нығайту ісіне өзара атса­лысуға деген ұмтылыстарын атап өтті. БҰҰ, ШЫҰ және ТМД, сон­дай-ақ­­ бас­қа да халықаралық және өңір­­­лік ұйымдар аясындағы өзара тиім­ді ынтымақтастықты жандандыру ниетін растады. Бұл орайда, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Өзбекстан Рес­публикасының Президенті И.Ә.Кәрімовке БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдар­дағы тұрақты емес мүшелігіне Қазақ­станның кандидатурасын қол­дағаны үшін алғыс білдіріп, бұл шешім елдеріміздің арасын­дағы достық және стратегия­­лық қарым-қатынастардың жар­­қын үлгісін көрсетіп отыр деп атап өтті. Президенттер халықаралық істердегі кез келген даулардың, қарама-қайшылықтар мен келіс­пеушіліктердің шешілуі тек саяси жолмен, келіссөздер арқылы және басқа да бейбіт жолдармен, БҰҰ Жарғысында бекітілген негізгі халықаралық нормалар мен қағидаларды мүлтіксіз сақтау арқылы ғана мүмкін екенін тағы да растады. Президенттер халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, заңсыз көші-қонға, есірткі тасы­малына, трансұлттық ұйым­дасқан қылмысқа және екі­жақты форматтағы, сондай-ақ халықаралық құрылымдар шең­беріндегі басқа да сын-қатерлерге және қауіптерге қарсы күрестегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшылары Ауған­стан­дағы бейбітшілікті және тұрақ­тылықты қалпына келтіруді тез­детуге өздерінің бейілдігін растады. Бұл ретте, Қазақстан мен Өзбекстанның Ауғанстан Ислам Республикасы экономикасын қалпына келтіруге қосқан үлесінің маңыздылығы ерекше аталып өтілді. Президенттер Орталық Азия­дағы трансшекаралық өзендердің су ресурстары халықтардың ортақ мұрасы мен игілігі болып табылатынын және бүкіл өңірдің тұрақтылығы мен әл-ауқаты осы ресурстарды ақылға қонымды және әділ пайдалануға тәуелді екенін атап өтті. Қазақстан мен Өзбекстан сенімді нығайту, мүдделерді өзара есепке алу, энергия мен судың тиімді үнемделуін қамтамасыз ету, өзара іс-қимылдың форматтары мен тетіктерін жандандыруға бағытталған ортақ ұстанымдарды, жаңа идеялар мен бастамаларды іздеу мақсатында Орталық Азияның барлық мемлекеттерін сындарлы диалогқа шақырды. Трансшекаралық өзендерде жаңа гидротехникалық құрылыстарды салу мәселесін қарастыру кезінде трансшекаралық ықпалы бар жобалардың барлығын бассейн елдерімен келісуді қарастыратын БҰҰ-ның конвенцияларында және басқа да халықаралық құжаттарда бекітілген халықаралық су құқығының жалпы танылған нормаларын қатаң басшылыққа алу, сондай-ақ тиісті тәуелсіз халықаралық сараптама жүргізу қажет. Екі ел басшылары Халықара­лық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) Арал өңірін және Арал өңірі аймағын экологиялық сауықтыруға және оның әлеу­меттік-экономикалық мәселе­лерін шешуге бағытталған жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда өңір елдерінің өзара іс-қимылының маңызды тұғырнамасы болатынын айтты. Осыған байланысты ХАҚҚ-тың рөлі мен маңызын ұдайы нығайту, сондай-ақ қор аясында жобалар мен бағдарламаларды тиімді іске асыруға бағытталған өңірлік және халықаралық іс-әрекеттерге қолдау білдіру қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Кәрімов күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерді, сондай-ақ, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Ташкентте өткізу жоспарланып отырған ШЫҰ Саммитіне қатысты жайттарды талқылады. Қазақстан Президенті екі елдің арасындағы тарихи достық қатынастарға тоқталып өтті. – Біз бұл байланыстарды тәуелсіздік жылдары сақтап қана қоймай, мемлекеттерімізді жақындастыра түстік. Бұл орайда, көрші ретіндегі біздің риясыз ниетпен кездесу тәжірибеміздің маңызы зор. Мен Сізбен досты­ғымды, қазақ пен өзбек халқының достығын мақтан тұтамын. Мақсат – осы қарым-қатынастарды, өзара сенімді нығайтып, келесі ұрпаққа мирас етіп қалдыру. Барша қазақстандықтар атынан өзбек халқына табыс пен бақ-береке тілеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. И.Кәрімов екі мемлекет арасында шынайы достық қарым-қатынас, құрмет пен өзара тілеулестік бар екенін айтты. – Біз өмір сүріп жатқан қазіргідей күрделі кезеңде дәл осы қасиеттер қажет. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сапары қазіргі жағдайда дұрыс шешімді бірлесіп іздеу жолында пікір алмасу үшін де маңызды. Әлемдік экономикада дағдарыс жалғасуда, дүниежүзінің ешбір мемлекеті қиындықтан кенде емес. Біз дұрыс жолмен жүріп, әрдайым бағытымызды бірлесе байыптап отыруды қалаймыз, – деді Өзбекстан Президенті. Мемлекет басшылары екі халықтың мәдени-тарихи және тілдік жақындығын атай отырып, білім, ғылым, денсаулық, мәдениет, өнер, туризм, спорт және басқа салалардағы ынты­мақтастықты одан әрі дамытуға бейілділігін растады. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының көшбасшылары қол қойылған екіжақты және көпжақты шарттарды жүзеге асырудың, мемлекетаралық қарым-қатынас­тарды нығайтудың іргелі негізі болып саналатын екі мемлекет арасындағы шарт-құқықтық базаны одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімовке, барша өзбек халқына жылы қабылдағаны және қонақжайлығы үшін алғыс білдірді. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Ташкенттен (Өзбекстан) Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ