Ол биыл да әйгілілердің басын қоспақ
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәлихатында алдағы 24-26 мамырда өтетін Астана экономикалық форумы туралы айтылды. Оған «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы Әсет Ерғалиев қатысты.
«АЭФ-тың басты тақырыбы – «Жаңа экономикалық ақиқат: әртараптандыру, инновациялар және білім экономикасы». Аталмыш тақырып шеңберінде әлемдік экономиканы дамытудың негізгі үрдістері мен сын-тегеуріндері, сонымен қатар, жаңа экономикалық ақиқат дәуірінде ұзақ мерзімді экономикалық өсумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланады», деді Ә.Ерғалиев. Оның айтуынша, форум жаһандық экономиканы орнықты дамытудың сын-тегеуріндері мен тәуекелдерін, әлемдік қаржы-экономикалық жүйенің қазіргі мәселелерін шешу жолдарын талқылау үшін жетекші халықаралық сарапшылар, бизнес пен мемлекет өкілдерінің үлкен тобын біріктіретін ауқымды алаң болып табылады.
Жыл сайынғы Астана экономикалық форумы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша өткізіліп келеді. Форум биыл тоғызыншы мәрте өткізілмек.
Биылғы жылы да оған әдеттегідей бизнес және сараптау қауымдастықтарының әлемге танымал өкілдері, ірі қаржылық құрылымдардың жетекшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында ғаламтор-коммерция саласында қытайлық AliBaba Group компаниясының негізін қалаушы Джек Ма, ХВҚ басқарушы-директоры Кристин Лагард, ЕҚДБ президенті Сума Чакрабарти, британдық «The Economist» журналының нұсқасы бойынша әлемдегі ең беделді экономистердің үштігіне кіретін Колумбия университеті Жер институтының директоры Джеффри Сакс, Массачусетс технологиялық институтынның экономика профессоры, «Why Nations Fail: The Origins of Power, Prosperity, and Poverty» әлемдік бестселлерінің авторы Дарон Аджемоглу, АҚШ-тың бұрынғы президенті Рональд Рейганның және Ұлыбритания премьер-министрі Маргарет Тэтчердің бұрынғы кеңесшісі Артур Лаффер, Леонтьев сыйлығының лауреаты Ха-Джун Чанг, «Валюталық соғыстар» бестселлерінің авторы Сун Хунбин, сондай-ақ, экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары Эдвард Прескотт, Кристофер Писсаридес пен Томас Сарджент бар.
«Биылғы жылы пленарлық отырыс негізгі шарадан алғаш рет жекелей «Қазақстан» орталық концерт залында өткізілмек. Ал форум аясындағы басқа жиындар бұрынғыдай Тәуелсіздік сарайында болады. Форум шеңберінде 20-ға жуық іс-шара жоспарланған. Оның қатарында дүниежүзіне танымал «The Economist» халықаралық беделді журналымен бірлесе ұйымдастырылатын Қазақстан инвестициялық саммитін, Боао азиялық форумы хатшылығымен бірлесе ұйымдастырылатын Ұлы Жібек жолы елдерінің форумын, «The Financial Times» халықаралық беделді басылымымен бірлесе өткізілетін жекешелендіру жөніндегі Қазақстан форумын айрықша атап өтуге болады, деді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы.
Сондай-ақ, ол АЭФ-2016 қарсаңында 24 мамыр күні ХВҚ басқарушы-директоры Кристин Лагард және Орталық Азия, Кавказ және ЕАЭО-ға мүше елдер үкіметтерінің қатысуымен ХВҚ аймақтық форумы өтетіндігін жеткізді. Сонымен қатар, форум аяқталған соң, келесі күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы пленарлық отырысы өткізілмек.
Астана экономикалық форумы шеңберінде экономикалық тақырыптар бойынша негізгі спикерлердің дәрістер өткізуі, қатысушылар үшін Blockchain технологиясын қолдану бойынша воркшоптар сериясы, бизнес-гуру және жетекші әлемдік сарапшылардан нетворкингтер, шеберлік сабақтарын өткізу жоспарлануда, сондай-ақ, қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал ЭЫДҰ, БҰҰ, Дүниежүзілік банк, АДБ, ЕҚДБ секілді халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары форумның серіктестері болып саналады.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»