16 Сәуір, 2016

Бауырмалдық белгісі

486 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Байбурт мэрҚазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Анадолы жеріне барып қайтты. Алғашқы сапары талай мәдениеттердің тоғысқан Түркияның Ерзурум қаласынан басталды. Түркілікті ту етіп, ежелгі дәстүрмен өмір сүріп отырған ерзурумдықтардың тыныс-тіршілігімен, өңірдің көне тарихымен таныс­ты. Селжұктардан қалған ескерткіштерді көріп, көне жазбаларды бүгінгі күнге дейін сақтап келген атақты Ататүрік университетінің шәкірттерімен кездесіп, ежелгі түркі мәдениеті мен өркениеті тақырыбында дәріс оқыды.   Бұл оқиғаны тарихи кездесу деп бағалаған Ататүрік уни­вер­ситетінің ректоры профессор Хикмет Кочак қазақ ақыны О.Сүлейменовке мәдениетаралық үнқатысудың дамуына, халықтар арасындағы достықтың нығаюына қосқан зор үлесі үшін және түр­кология саласында сіңірген ай­рық­ша еңбегін бағалаудың белгісі ретінде «Құрметті доктор» дипломын тапсырды. Ақынның 80 жылдығына орай өткен салтанатты шарада Ататүрік университетінің ректоры Х.Кочак өз сөзінде ақын О.Сүлейменовтің түркі мәдениеті мен өнеріне, ғы­лым мен әдебиетіне сіңірген еңбегін, қайраткерлігін егжей-тегжей баяндап берді. Ер­зурум қаласының губернаторы А.Ал­тыпармак: «Ерзурум қаласына орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин келіп, «Арзрумға сая­хат» атты кітап жазды. Бүгін түркі дүниесінің мақтанышы, аты аңызға айналған ақын Олжас Сүлейменов Ерзурумға келіп, мерейімізді өсірді. Ақынның Тәуелсіздік жо­­лында сіңірген еңбегіне дән ризамыз. Түркі мәдениеті мен әдебиетінің ме­рейі үнемі үстем болсын!» – деп ерзурумдықтардың атынан құттықтады. Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев қоғам қайраткері О.Сүлейменовтің Қазақ­стан Республикасы Тәуел­сіздігінің орнығуына әрі күшеюіне қосқан үлесін, сондай-ақ, дипломатия саласында атқарған ерен еңбегін атап өтіп, Қазақ елінің атынан Ерзурум қаласы мен университет басшыларына алғыс сө­зін жеткізді. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Ататүрік университетінің қазақтың ақы­нына көрсеткен құрметтің бүкіл қазақ еліне, қазақ жұртына жа­салған сый-сыяпат әрі құрмет екендігін айтып, түркі дүниесі мәдениет қайраткерлері атынан алғыс білдірді. Салтанатты жиынның ая­ғын­да алғыс сөзін жеткізген О.Сү­лей­менов Ерзурум қаласының губернаторы мен Ататүрік уни­верситетінің ректорын «Невада-Семей» қозғалысының 25 жылдық медалімен марапаттады. Ерзурумның ғана емес, Түр­­кияның ең ірі жоғары оқу орын­дарының бірі Ататүрік универ­ситетінде 72 мыңға жуық студент 23 факультетте білім алады. Ежелгі түркі, мысыр, қытай мәдениетін, соның ішінде көне жазба тілдерін зерттеп жүрген ақын О.Сүлейменов бұдан кейін ат басын Байбурт қаласына бұрды. Шығыс Анадолының асқар тауы – Коптың биік асуларынан өтіп, ежелден «Бай жұрт» деп аталатын қалаға жетті. Қонақтарды құшақ жая қар­сы алған Байбурт қаласының мэрі Мете Мемиш ақынға естелік сыйлықтарын тапсырып, қаланың тыныс-тіршілігімен таныстырып, оғыз түркілерінің пірі Деде Қорқыттың кесенесіне алып барды. Чорух өзенінің жағалауында қоныс тепкен көне Байбурт ша­һары Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Урарту, Парсы, Рим империяларының иелігінде болған шаһарға селжұктар мен осман түріктері ие болған. Қытайға сапар шеккен атақты саяхатшы Марко Поло Байбурттың жер ас­ты байлығын зерттеп, жергілікті салт-дәстүрімен танысып қайтқан. Атақты Байбурт қорғанын әлі күнге дейін Шын-Машын қорғаны деп атайды. 1647 жылы көне ша­­һарды аралаған түрік саяхатшысы Әулие Челяби «Байбурт» атауының «Бай жұрт» екендігін жазған. Өңірдің оңтүстік-шығыс жа­ғында Деде Қорқыттың ке­се­несі орналасқан. VIII ғасырда осы өңірде өмір сүрген Деде Қор­қыт­қа арнап шаһар әкімдігі жыл са­йын халықаралық жиындар мен фестивальдар ұйымдастырып ке­леді. Байбурт қаласынан Анкараға ұшып келген ақын Олжас Сүлей­менов Түркия Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Тұғрыл Түркешпен кез­десіп, онда екі бауырлас ел ара­сындағы саяси-экономикалық қарым-қатынас пен мәдениет және әдебиет саласындағы байланыс мәселелері талқыланды. О.Сүлейменов: «Түркияның дамуына зор үлес қосқан атақты саясаткер Алпарслан Түркешпен 90-шы жылы кездескен болатынмын. Алпарслан Түркеш тек Түркияға ғана емес, бүкіл түркітілдес елдеріне де танымал тұлға еді. Сонау 70-ші жылдардың аяғында бауырлас әрі қандас елдер тәуелсіздікке қол жеткізеді, сол үшін бар дайындығымызды қазірден бастап жасауымыз керек деп тебіреніп сөйлегені әлі күнге дейін есімізде. Осы себептен Алпарслан Түркештердің салып кеткен сара жолын жалғастыру керек, әсіресе, жік-жікке бөлініп, орыс пен славян халықтары арасында араздық туған жағдайда ынтымақ пен бірлікке дендейтін саясат ауадай қажет», – дей келе, Тұғрыл Түркешті «Невада-Се­мей» қозғалысының 25 жылдық медалімен марапаттады. Сол арада қазақтың ақынына да естелік сый­лығы тапсырылып құрмет көрсетілді. Ал Анкараның қақ орта­сын­да орналасқан Шератон қо­нақүйінде Түркияның шығар­машылық орталықтары мен қа­уым­­­дастықтары бірігіп, ақын­ның 80 жылдығына ар­нал­ған халықаралық жиын өткізді. Жиынды Түркияның экс-ми­нистрі, қоғам қайраткері На­мык Кемал Зейбек ашты. Қазақ­станның Түркиядағы елшісі Ж.Түймебаев пен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов құттықтау сөз сөйледі. Түркия премьер-министрінің кеңесшісі Хүриет Ерсой, Түркия Қаржы ми­нистр­лігінің бөлім меңгерушісі, түр­колог Фейзулла Будак, Түркі дүниесі жазушылар мен өнер­паздар қорының президенті Яхья Акенгин және «Деде Қор­қыт» қо­рының президенті Сервет Гүр­жан О.Сүлейменовтің шы­ғар­машылығы мен қайрат­кер­лігі турасында кеңінен баян­дады. Жиын соңында ақын О.Сүлейменовке Түркі дүниесі жазушылар мен өнерпаздар қоры­ның тағайын­даған «Түркі дүниесіне сіңір­ген ерен еңбегі үшін» сый­лығын, «Деде Қорқыт» қоры та­ғайындаған «Деде Қорқыт» сыйлығын және Түркі халықтары қауымдастығы тағайында­ған «Түр­кілікке сіңірген қызметі үшін» сыйлығын тапсырды. Бұдан соң халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтерінде ТҮРКСОЙ-дың ұйым­дастыруымен, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Қазақ­стан Жазушылар одағының қол­дауымен он түркі тілдерінде (әзер­байжан, башқұрт, қазақ, қыр­ғыз, құмық, өзбек, татар, тү­рік, тыва және ұйғыр) жарық көр­­ген ақын О.Сүлейменовтің жыр жинағының тұсаукесері өт­ті. Басқосуға Шанаққала қала­сынан арнайы келіп қатыс­қан әзербайжан ақыны Мамет Ыс­­майыл О.Сүлейменовтің «Қыш кітабын» түрік тіліне тәр­жі­м­алағанын айтып, Мәскеуде Мұ­қағали Мақатаевпен бірге оқы­ғандығын және Мұқағали, Ол­жас сынды ақындардың қазақтың ғана емес, түгел түркінің мақтанышы екен­дігін жеткізді. Кез­десу со­ңында ТҮРКСОЙ Бас хат­шысы Д.Қасейінов ақын О.Сүлейменовті «ТҮРКСОЙ» құрмет медалімен марапаттады. Еуразия Жазушылар қа­уым­­дастығына барып, түрік қа­лам­­герлерімен кездескен О.Сү­лей­менов Түркиядағы әде­биеттің жағ­дайымен әрі Сүйінбай, Қ.Аманжолов, Б.Соқпақбаев, Ш.Мұртаза сынды қазақтың белгілі ақын-жазушыларына бір­неше санын арнаған «Кардеш калемлер» журналының жұ­мы­сымен танысты. Журналдың соңғы саны О.Сүлейменов шығар­машылығына арналған. Журналға Елбасы Н.Назарбаевтың, елші Ж.Түймебаевтың, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейіновтің, әзер­байжан жазушысы Анардың және тағы басқа түрік қаламгерлерінің Сүлейменов шығармашылығы мен қайраткерлігі турасында жазылған материалдары енген. Аталмыш кездесуде ақын О.Сүлейменов әдеби байланыстарды күшейту керек екендігіне баса назар аударды. Кездесу соңында Еуразия Жа­зушылар қауымдастығы­ның төрағасы Якуб Омароғлы ақын О.Сүлейменовке Еуразия Жа­зу­шылар қауымдастығына «Құр­метті мүше» дипломын тапсырды. Ақын О.Сүлейменовтің соңғы кездесуі Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде өтті. Жиынды елші Ж.Түймебаев ашып, Йылдырым Баязит университетінің ректоры О.Сүлейменовке түркология саласына сіңірген еңбегі үшін «Құрметті доктор» дипломын тапсырды. Ректор Метин Доған: «Олжастай ұлы бар елдің ұлы екендігінде дау жоқ. Ұлы Дала Елінде осындай биік тұлғалардың шыққаны біздің де еңсемізді көтереді, рухымызды қайта оятады», – деді. Жиын соңында Ж.Түймебаев ақын О.Сүлейменовті «Қазақстан-Түркия Достығы» медалімен марапаттады. Түркияда өткен төрт күндік сапар туысқан елдің қаншалықты бауырмал екендігін тағы да көрсетті. Анадолылықтардың қа­зақ ақынына көрсеткен риясыз құрметі – Қазақ еліне, әдебиеті мен руханиятына көр­­сеткен құр­меті деп қабылдадық. Бауыр­малдығымыз баянды болсын деп тілейміз.  Мәлік ОТАРБАЙ, Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі  АНКАРА