Әлемдегі дамыған отыз мемлекеттің қатарына енуге қадам басып отырған қазақ елінде халқымыздың қадірін арттырып, қасиетін ашатын айтулы мерекелер баршылық. Алайда, Қазақстан қол жеткен барлық игіліктің қайнар көзі болып табылатын Тәуелсіздіктің 25 жылдығының орны бөлек, әсері айрықша екені сөзсіз. Бұл мерекені өзіміз мақтана жүретіндей, өзгелер өнеге тұтатындай деңгейде өткізу елдігімізді көрсетеді, өркениеттілігімізді аңғартады. Үстіміздегі жылға наурыз айының соңында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуге қатысты. «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» Тұжырымдамасы бекітілуі де сондықтан. Тұжырымдамаға сәйкес, Тәуелсіздікті атап өту еркіндік, бірлік, тұрақтылық, жасампаздық секілді құндылықтарға негізделеді. Әр айда Тәуелсіздік жетістіктері және «Мәңгілік Ел» құндылықтары аясында мерекелік шаралар ұйымдастырылады.
Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өңірде 5 мыңнан астам шара өткізіледі деп күтілуде. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Асқар Шерияздановтың төрағалық етуімен өткен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шаралар өткізу жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Отырысқа аудандар мен қала әкімдерінің орынбасарлары, ұйымдастыру комиссиясының мүшелері, ішкі саясат, мәдениет және білім бөлімдерінің, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың, Достық үйінің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Басқосу барысында мемлекеттік органдар мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орайластырылған шараларды дайындау жөніндегі қауымдастықтың жұмысын үйлестіру мәселелері талқыланды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлау барысында тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін жақсартуға басымдық беріледі.
– 2016 жыл – Қазақстан үшін ерекше жыл. Қазақстан үшін маңызды саналатын күнге орайластырылған мерекелік шаралар біздің облыста жыл басында басталып кетті. Осы уақыт аралығында көптеген шара, оның ішінде республикалық деңгейдегі шаралар да ұйымдастырылды. Облыс бойынша Тәуелсіздікке арналған 5 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар, мәдени, спорттық, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Сонымен бірге, өңірде 200-ге тарта әлеуметтік нысан қолданысқа беріледі, – деп атап өткен Ербол Нұрғалиев отырысқа жиналғандардың назарына Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қатысты мемлекеттік комиссия бекіткен логотипті таныстырды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы