Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлей отырып, Елбасы Н.Назарбаев қуғын-сүргін жылдары мыңдаған чешен, ингуш, корей мен еврей секілді тегі бөлек, тілегі бір жандар қазақ даласынан пана тапқанын есіне алып еді. Олар сол сұрапыл кезеңде бауырына басқан мейірбан халықтың кеңпейілділігін ұмытпайтындарын, өмір бойы алғыс айтып өткендерін айта келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде – 1 наурызда, барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді деген еді. Міне, биылдан бастап 1 наурыз Алғыс айту күнi деп белгіленді.
Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінде осы мерекеге арналған «Осы елде тамыр жайдық біз» атты шара өткізілді. Шараға қаламыздағы «Достық үйінен» қазақ, татар, өзбек, неміс сияқты бірнеше мәдени-этностық бірлестіктің өкілдері қатысты. Олар өз бірлестіктері жайлы айта отырып, ұлттық өнерлерін де паш етті. «Айша бибі» орталығының жетекшісі А.Боқбасарова, татар бірлестігінен Р.Ибрагимова, өзбек бірлестігінен М.Балтағожина, неміс бірлестігінен О.Мюллер Қазақстанға қалай келгендерін әңгімелей отырып, жатсынбай бауырына тартқан қазақ халқына алғыстарын білдірді. Семей қаласындағы балет мектебінің тәрбиеленушісі Ж.Шәріпова татар халқының биін билесе, «Глюк» клубының бишілері неміс халқының биін биледі.
Ләззат ӘЛЖАН,
Семей облыстық тарихи-өлкетану
музейінің қызметкері
Шығыс Қазақстан облысы