Кезінде көптеген беделді сарапшылар Кеңес Одағының құрамынан шыққан егемен Қазақ елі ядролық қаруға сүйене отырып, қатал державалық саясат жүргізеді деп қауіптенгені белгілі. Алайда, қоғамда демократиялық құндылықтар орнату және азаматтық қоғам құру бағытында батыл іс-қимылға көшкен Қазақстанның Семей ядролық полигонын жабуы, әлемде төртінші орында деп ресми бағаланған ядролық арсеналынан бас тартуы жаһандық саясаттағы тұңғыш, ерекше, дара оқиға ретінде мойындалды. Қазақстан өзінің алдына қойған негізгі мақсаты – бейбіт өмір, келісімді қоғам, ынтымақтастық пен бірігу екенін дәлелдеді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басты саясаты қоғамдық этностардың толықтай құқығы мен бостандығын сақтай отырып, жергілікті, байырғы ұлтқа негізделген жоғары әлеуетті қоғам құру болды. Ал 1995 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті жанынан консультативтік кеңесші орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сол жылдан бастап Ассамблея этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыруды маңызды институт ретінде бағаланып, елімізді мекендейтін барлық этностардың өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етуде тиімді құралға айналды.
Құрылғаннан бергі уақытта Ассамблея этносаралық келісім саласында айтулы табыстарға жетіп, азаматтардың этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, құқығы мен бостандығын сақтаудағы басты кепіліне айналды. Ал кейіннен жүргізілген конституциялық реформалардың нәтижесінде Ассамблеяның атынан Парламент Мәжілісіне 9 депутаттың сайлануы Қазақстан қоғамында еліміздің мемлекет пен қоғамды демократияландыру жолындағы маңызды қадамы ретінде бағаланды.
Ассамблея үшін 2008 жыл өте маңызды, нәтижелі жыл болды – Ассамблеяның бейбітшілік пен келісімді нығайту бағытындағы рөлін нормативтік-құқықтық тұрғыда үйлестіретін «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданды. Аталған заңнамалық құжат елдің әрбір азаматына халқы үшін аянбай қызмет етуді, Қазақстанның патриоты болуға шақырып, нақты іс-қимыл бағыттарын ұсынады. Мемлекеттік және өзге этнос тілдерін, салт-дәстүр, мәдениетті өркендетуге толықтай мүмкіндік береді.
Ассамблея жұмыс істей бастаған 21 жылдан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісінің әлемдік қоғамдастық алдында беделді ұйымға айналып, ел қоғамының құрамдас бөлігі болғанын көрсетті. Тағы да атап өтетін жайт, елді жұмылдырушы маңызды факторлардың бірі қазақ халқы, оның дәстүрлік, тілдік және мәдени құндылықтары болып табылады.
Бүгінгідей бірқатар мемлекеттің орнықты дамуына этностық және діни жанжалдар айтарлықтай қатер төндіріп отырған шақта, Қазақстан мұндай мәселелерді жүйелі түрде шеше білуге қабілетті екенін көрсетуде. Н.Ә.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі БҰҰ-да ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар жөніндегі Жоғарғы комиссарының штаб-пәтерінде, ЕҚЫҰ-ға мүше елдерде, көптеген халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерде таныстырылды.
Елді нығайтып, жас ұрпақтың болашағы үшін ілгерілеуімізге құрсау, аяғымызға тұсау болып отырған жаман әдеттерден, дағдылардан түпкілікті арылуымыз қажет. Бұған негіз де жеткілікті. Аспанкөк Тудың астына топтасқан ынтымақты еліміз бар, әлемнен білім мен ілім жинап жатқан өскелең ұрпағымыз бар, асқақ Ақордамыз бар, айбынды Астанамыз бар, көш бастаған Еріміз бар еңсесі биік ел-жұртпыз! Төртеу түгел болса, алынбайтын қамал жоқ.
Біржан КУХАЕВ,
«Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы