16 Сәуір, 2016

Қызылордада велоспорттан Қазақстан чемпионаты басталды

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
16.04.2016 AST-4 АСТАНА. 16 сәуір.  Қызылорда қаласында велоспорттан жастар арасында Қазақстан чемпионаты басталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Сыр бойында екінші мәрте ұйымдастырылған велошабандоздар чемпионатына Астана, Алматы қалаларынан  және  Алматы, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар және Қызылорда облыстарынан 80-ге жуық   велошабандоздар қатысуда. Олар 5 күн бойы Қызылорда-Шымкент және Қызылорда-Самара бағыттарындағы тас жолда топтық, жекелей және айналма жарыстарда бақ сынасады. Чемпионаттың ашылу салтанаттында облыстық дене шынықтыру және  спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев пен Қазақстан тарихында тұңғыш әлем чемпионы, КСРО-ға  еңбегі сіңген спорт шебері, Қазақстан велосипед спорты федерациясы президентінің кеңесшісі Марат Сатыбалдиев сайысқа  қатысушыларды құттықтап,  жеңіс тіледі. Чемпионат 20 сәуірге дейін жалғасады. Велоспорт бәйгесі ашылуынан кейін Қызылорда қаласы спортшыларының қатысуымен велоспорттан 2000 жылы туған және одан жас ұлдар мен қыздар арасында топтық жарыс өткізілді. Нәтижесінде қыздар арасында Аружан Ғалымжан  жеңімпаз атанса, Анастасия Иванова екінші орынды, Әсем Төлемісова үшінші орынды иеленді. Ұлдар арасында Дамир Амантайдың мерейі үстем болса, Бексұлтан Абтаев күміс жүлдені, Артем Первушин қола жүлдені еншіледі. Сондай-ақ, велоспорттан Қазақстан чемпионаты аясында бірінші рет мектеп жасына дейінгі балалар арасында «Балдырған - 2016» атты Қызылорда қаласының Гран-при жарысы өткізілді. Оған Қызылорда қаласының 3 балабақшасынан 3-5 жастағы кішкентай балалар қатысып, үздіктері анықталды. Ұлдар арасында Фараби Ыбыраев алтын жүлдені иеленсе, Бекболат Шахмат екінші орынға, Аслан Санжар үшінші орынға  ие болды. Қыздар арасында Инаят Алиакбар жеңіс тұғырына көтерілсе, екінші орынды Аруна Баймұхамедова, үшінші орынды Шұғыла Табылғанова еншіледі. Жеңімпаздар мен  жүлдегерлерге Қазақстан велосипед спорты федерациясының арнайы сыйлықтарымен дипломдар табыс етілді. Дастан Кенжалин. Дерек: Штаттағы ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясы. Фото: egemen.kz