Жүйелі түрдегі бақылаусыз азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін бюджет саясатын табысты іске асыру мүмкін емес. Жаңа әлемдік сын-тегеуріндерге бейімделген экономиканың өзгеріп отыруы қаржылық бақылаудың тетіктері мен аспектілерін жетілдіруге байланысты болады.
1996 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің құрылуымен мемлекеттік қаржылық бақылаудың қазақстандық жүйесінің даму тарихында жаңа бір парақ ашылды.
Өткен 20 жыл ішінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұрақты көңіл бөлуі мен қолдауының арқасында, Есеп комитеті бюджет жүйесі тиімділігінің артуына және бюджет қаражатын алушылардың қаржы тәртібінің жақсаруына ықпал ететін, мемлекеттік басқарудың тәуелсіз әрі пәрменді органына айналды.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, яғни 1996 жылға дейін мемлекеттік қаржылық бақылауды Қаржы министрлігінің Бас бақылау-тексеру басқармасы, кейіннен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қаржылық бақылау комитеті жүзеге асырды.
Сол кездері Қазақстан қатал дағдарыс пен жоғары инфляцияның салдарын бастан кешіріп жатқан. Ол мемлекеттік кіріс деңгейінің төмендеуінен, қаржы жағдайының және мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар тәртібінің нашарлауынан, салықтық әкімшілендірудің әлсіздігінен көрінген болатын. Экономикалық және әлеуметтік қатынастар жүйесі толығымен өзгеріп, аталған факторлардың барлығы бюджет саласының дамуын тежеген еді.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен нарықтық экономикаға көшу жағдайларында түсімдердің толықтығы мен мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етуге қабілетті, тәуелсіз мемлекеттік орган қалыптастыру жұмыстары басталды.
1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституцияда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетін құру үшін негіздер қаланды. Оның төрағасы мен мүшелерін Президент пен Парламенттің тағайындауы Есеп комитетінің Үкіметтен және мемлекеттік биліктің басқа да ат
қарушы тармағынан тәуелсіздігін белгілеп берді.
Президенттің 1996 жылғы 19 сәуірдегі Жарлығымен Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін Есеп комитеті туралы, оның негізгі функциялары мен міндеттерін айқындайтын ереже бекітілді. Сондай-ақ, өзінің мазмұны бойынша Үкіметтің есебіне қорытынды болып табылатын, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекітуге ұсыну жолымен Есеп комитетінің Парламент алдындағы есептілігі белгіленді.
Ұйымдастырудағы қиындықтар мен елімізде мұндай құрылымның жұмыс істеу практикасының болмауына, органның жаңадан құрылғанына қарамастан, 1996 жылдың мамырында кірістерді қалыптастырудың дұрыстығы мен жер қойнауын қорғаудың және минералды-шикізат базасын өндірудің республикалық қорына бөлінген қаражаттың нысаналы пайдаланылуы мәселесі бойынша тексеру жүргізді. Парламентке 1995 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Есеп комитетінің есебі ұсынылды.
Бюджеттің елеулі тапшылығы жағдайында Есеп комитеті мемлекеттік меншікті тиімді басқаруға және ресурстардың оңтайлы пайдаланылуына бағытталған іс-шараларға белсенді қатысты. Үкіметке бюджет заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдар жібере отырып, нормативтен тыс шығыстардың жолын кесуді, заңсыз пайдаланылған және нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған қаражаттың бюджетке өтелуін қамтамасыз етті.
Мемлекет басшысы бастамашылық жасаған реформалардың жүзеге асырылуы Қазақстанның экономикасына тұрақтандырушы ықпал етті. Бұл ретте мемлекет кірістері мен шығыстарын бақылаудың күшейтілуі де маңызды рөл атқарды.
Республикалық бюджетке түсетін түсімдердің өсуі, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымның қарқынды дамуы, сондай-ақ, тұрғын үй құрылысының жандануы жағдайында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау тетіктерін жетілдіру, Есеп комитетін сапалық және сандық тұрғыдан нығайту, оның өкілеттіктерін кеңейту талап етілді.
Бақылаушы органдар функцияларының аражігінің ажыратылмауын, әдіснаманы әзірлеу жөніндегі өкілеттіктердің болмауын, қаржылық есептілік бақылауының жекелеген элементтері ғана бар сәйкестік бақылауын жүргізуді қоса алғанда, бірқатар мәселе реттелмеген болатын.
Қазақстанның нарықтық қатынастардың әлемдік аренасына шығуы және оның талаптарына сәйкес, экономикамызды түрлендіру мемлекеттік бюджетті бақылау бойынша озық шетелдік тәжірибені зерделеудің және енгізудің қажеттілігін алдын ала айқындады.
Мәселен, 2000 жылы Есеп комитеті 192 елдің жоғары аудит органдарының басын қосқан, Жоғары аудит органдарының халықаралық ұйымы – INTOSAI, Азия және Тынық мұхиты өңірінің 46 елінің өкілдерін біріктірген Азия жоғары аудит органдары ұйымы – ASOSAI және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары қаржы бақылау органдары басшылары кеңесі сияқты халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесі болды.
Бақылаудың (аудиттің) халықаралық стандарттарының қолайлы ережелерін енгізу және мемлекеттік бақылау жүйесін дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді шешу мақсатында, 2001 жылы Қазақстан Республикасында республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуын бақылау жүйесін дамытудың тұжырымдамасы бекітілді.
Оны іске асырудың маңызды қорытындыларының бірі – 2002 жылы «Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуын бақылау туралы» заңның қабылдануы болды, ол бақылаудың негізгі қағидаттарын, типтерін, үлгілері мен стандарттарын, Есеп комитетінің және мемлекеттік бақылаудың басқа да органдарының қызметін ұйымдастырудың және өзара қарым-қатынастарының негіздерін бекітті.
Жоғарыда көрсетілген заңның нормалары 2004 жылы қабылданған Бюджет кодексіне имплементацияланды. Есеп комитеті жоғары қаржы бақылау органының мәртебесін алды. Бұған қоса, Есеп комитетіне республикалық бюджеттің атқарылуын, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, мемлекеттік және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау жөнінде, сондай-ақ, бюджет және Ұлттық қор қаражатының тиімділігіне, сәйкестігіне, республикалық бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылығына, бақылау объектілерінің есепке алу мен есептілікті жүргізуінің анықтығы мен дұрыстығына бақылау жүргізу жөнінде функциялар берілді.
Шетелдік тәжірибенің негізінде әзірленген Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарымен бақылау жүргізуге қойылатын бірыңғай талаптар мен қағидаттар белгіленді. Қаржылық бақылаудың барлық органдарының аталған стандарттарды сақтауын бақылау Есеп комитетіне жүктелді.
Кейінгі жылдар ішінде Есеп комитеті бақылау, талдамалық және зерттеу қызметін ұлғайтып, мемлекеттік қаржылық бақылаудың пәрменді жүйесін құру жөнінде іс-шаралар жүргізді.
Республикалық бюджетті атқару кезінде жол берілетін бұзушылықтарды анықтау әдістері терең талдауды, сондай-ақ, оның нәтижелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды ғылыми негіздеуді талап еткенін ескере отырып, 2007 жылы Есеп комитетінің жанынан «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» РМК құрылды.
Есеп комитеті бақылау іс-шараларын жүргізу барысында өңірлерде пәрменді сыртқы қаржылық бақылаудың жоқтығы, жергілікті бюджеттер шығындары жыл сайын ұлғайғанымен, сол кезде жұмыс істеген мәслихаттардың тексеру комиссиялары қызметінің тиімсіздігі туралы бірнеше мәрте елеулі ескертулер айтқан болатын.
Біз тексеру комиссияларын тәуелсіз органдар ретінде институттық тұрғыдан күшейтудің, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу арқылы жергілікті бюджеттер қаражатының жұмсалуын бақылау мәселелерінде олардың рөлін арттырудың қажеттігі туралы мәлімдеген едік. Аталған мәселеде Мемлекет басшысы бізге қолдау көрсетіп, 2011 жылғы 2 мамырда Жарлыққа қол қойды, онда мемлекеттік органдар болып табылатын тексеру комиссияларын құру көзделді.
Биылғы жылы тексеру комиссияларының құрылғанына бес жыл толады. Олар құрылған уақыттан бастап, қызметін жетілдіру және мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін күшейту бойынша ауқымды жұмыстар жасалды. Сөйтіп, қысқа мерзім ішінде формальды түрде жұмыс жасап жатқан құрылымнан жергілікті бюджеттердің атқарылуына тиімді сыртқы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын толыққанды мемлекеттік органдарға айналды.
Бюджет процесінің дамуына байланысты, бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің басқарылуын, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің оларға жүктелген функциялар мен міндеттерді іске асыру жөніндегі қызметін бағалау барынша маңызды бола бастады. Халықаралық практикаға сәйкес, аталған мәселелердің шеңбері аудиттің құзыретіне жатады.
Президент Н.А.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында, «Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасын бекіту туралы» 2013 жылғы 3 қыркүйектегі Жарлығында озық әлемдік тәжірибенің негізінде мемлекеттік аудиттің кешенді жүйесін құру жөнінде реформа жариялады.
Аудиттің жаңа жүйесін енгізу бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары қадамдарының бірінде де бекітілген. Нәтижесінде өткен жылдың қараша айында қабылданған «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңмен Есеп комитеті оның ережелерін іске асыруға кірісті.
Егер, алдыңғы жылдары жүзеге асырылған қаржылық бақылау, ең алдымен, заңнама бұзушылықтары, белгіленген нормалар мен рәсімдерден ауытқулар фактілерін ашуға бағытталса, енгізіліп жатқан мемлекеттік аудит тек бұзушылықтарды жоюға ғана емес, сонымен бірге, олардың алдын алуға, барынша азайтуға ықпал ету мақсатын көздейді.
Аталған заңның шеңберінде Есеп комитетіне республикалық бюджет жобасын қалыптастырудың сапасы мен айқындығын қамтамасыз етуге, шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасаудың анықтығын, квазимемлекеттік сектор субъектілері стратегияларының іске асырылуы мен мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауға бағытталған жаңа функциялар және басқа да функциялар берілді. Бұған қоса, мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жоғары органы ретінде Есеп комитетіне мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарын үйлестіру, олардың қызметін бағалау, Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша тексеру комиссияларының төрағаларын тағайындауға ұсыным беру жөніндегі өкілеттіктер берілді.
«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңның маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, мемлекеттік аудиторларды тәуелсіз сертификаттау жүйесін енгізу. Сертификат білімін растап, Мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссияның оң қорытындысы алынғаннан кейін ғана берілетін болады. Ұлттық комиссияның құрамына Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Үкіметтің, Есеп комитетінің және Қаржы министрлігінің өкілдері кіреді. Есеп комитеті оның жұмыс органы болып белгіленді.
Есеп комитетінің жанында бұрын жұмыс істеген Үйлестіру кеңесі Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесіне қайта өзгертілді, қазір оның шешімдері ұсынымдық сипатта емес, міндеттілік сипатына ие. Ағымдағы жылдың ақпан айында Есеп комитетінде алғашқы отырысы өткізіліп, онда мемлекеттік аудитті енгізу, мемлекеттік аудиторларды сертификаттау, бірыңғай ақпараттық дерекқордың жұмыс істеуі мәселелері қаралды және қорытындылары бойынша оларды іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Осылайша, Есеп комитеті 20 жыл ішінде әміршілдік-әкімшілдік тәсілдерден бақылаудың нарықтық әдістеріне, бюджет саласының қазіргі талаптарына сәйкес келетін, аудиттің жаңа құрылымын құруға дейінгі дамудың бірнеше сатысынан өтті.
Есеп комитеті өз қызметін бастаған кезден бері 26,0 трлн. теңгеден аса бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін қамти отырып, барлығы 734 бақылау іс-шарасын жүргізді. Бақылаудың нәтижелері бойынша анықталған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 4,0 трлн.-нан астам теңгені құрады, шамамен 316,4 млрд. теңге бюджетке қалпына келтірілді.
Еліміз тәуелсіздік алған кезеңде Есеп комитеті қалыптасты, республикалық бюджет шығыстарының, мемлекет активтерінің, салықтық және кедендік әкімшілендірудің барлық бағыттары бойынша бағалауды қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жоғары органы ретінде өз мәртебесін нық бекітті.
Әрбір аудиторлық іс-шараның қорытындылары бойынша біз орындалуы міндетті, бюджет заңнамасын жетілдіруге, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге және алдын алуға бағытталған ұсынымдар мен тапсырмалар әзірлейміз. Бұл ретте республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді, жүргізілген мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың нәтижелерін жариялау жолымен қызметтің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Жалпы алғанда, Есеп комитеті Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға және еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне ықтимал қауіп-қатерлерге ден қоюға ұдайы дайын болуымен қатар, бұдан 20 жыл бұрынғыдай, өз қызметін үдемелі жетілдіру бағытын ұстанады.
Қозыкөрпеш ЖАҢБЫРШИН,
Есеп комитетінің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы