Әзіл-оспақ, сын-сықақ бұрышы Бөлімді жазушы-сатирик Берік Садыр жүргізеді Бірде... Америкада «Чарли Чаплинге еліктеушілер» конкурсы жиі-жиі ұйымдастырылып тұрыпты. Бірде Голливудта өтетін конкурсқа аты-жөнін жасырып Чаплиннің өзі қатысыпты. Сөйтіп, бұған комиссия Чарли Чаплинге еліктегені үшін - үшінші сыйлықты беріпті. *** Бірде ресторанға келген Бальзакты таныған музыкант қасына жетіп келіп: – Қандай әуен тыңдағыңыз келеді? – деп сұрайды. Сонда Бальзак өтінішті жүзбен: – Тылсым тыныштықты ғана, – деп жауап беріпті. *** Бірде түрікмен әдебиетінің классигі Кеминенің құлағы ауырып, ісіп кетеді. Бұны көрген Эр-Әли: – Кемине, сенің құлағыңа қарап отырсам, есектен қарызға алған екен деп ойлаймын, – депті. – Дұрыс айтасыз, ұстаз, – дейді Кемине. – Бөлісіп жатыр екен, менің үлесіме тек құлағы ғана тиді. Ол жерде де сіз менің алдыма шығып кеттіңіз, есектің басы сіздің үлесіңізге тиді. *** Бірде Кеминенің балалары әкесінен: – Кедейшілік, жоқшылықтан қашан құтыламыз, былай қарағанда біз жақсы адамдармыз ғой, – депті. Сонда Кемине: – Егер біз жақсы адамдар болсақ, жоқшылық бізді неге ескерусіз қалдырады, жоқшылық та жақсыдан жаманға кеткісі келмейді, – деп жауап беріпті. *** Бір американдық атақты ағылшын жазушысы Сомерсет Моэмнен: – Қалай баюға болады? – деп сұрапты. Сонда оған Моэм: – Бес актілі трагедия жазыңыз да оны үш ай бойы шкафтан шығармаңыз. Содан соң одан бір актілі комедия құрастырыңыз... Сөйтіңіз де, бір бай американдықтың қызына үйленіңіз, – деп жауап беріпті. Күллі әлемнің күлкісі Дәрігердің қабылдауына келген адамның қолы қалтырап тоқтайтын емес. – Сіз көп ішесіз-ау, шамасы? – деп сұрайды дәрігер. – Жоқ, ішкенімнен төккенім көп. *** Француздың бір журналы еркектердің ертеңгілік іс-әрекетін айтып жазған қысқа да нұсқа шығармаға бәйге жариялайды. Сонда былай деп жазған автор жеңімпаз болыпты. «Тұрамын. Тамақтанамын. Киінемін де үйіме кетемін». *** Жас маманды колхоз бастығы бас инженерлік қызметке тағайындамақ болып егіс даласын аралап жүреді. – Мынау соңғы шыққан картоп техникасы, – дейді бастық. – Ойпыр-ой, қандай ғажап, – деп таңырқайды бас маман. – Мұндай тракторды бірінші көруім... – Мынау әмбебап комбайн. – Пах, комбайн деген осы ма? – Сен не, дипломды сатып алғаннан саумысың?! – Жоқ-а, сатып алып бірдеңке көрінген бе, маған оны туған күніме сыйлаған... *** Израильдің бір кездері арабтарға шабуыл жасап жатқан кездері болса керек. Мәскеулік біреу метрода қарсы кезіккен екі еврейді әй-шәй жоқ ұрып жығыпты. Оны милиция ұстап, ұру себебін сұрайды. – Азанда радиодан Израильдің арабтарға шабуыл жасағанын естігенмін. Түсте теледидар: «Израиль Суэц каналын басып алды» – деді. Жаңа метроға түссем, бұлар тіпті осында да жетіп алған екен... – депті айыпкер. *** Старшина сап түзей қалған солдаттарына: – Музыканы жаныңдай жақсы көретіндер екі адым алға, – деп бұйырады. Саптан алға бірнеше солдат шығады. Старшина: – Алға шыққандар, мәшине үстіндегі рояльді түсіріп, екінші қабаттағы клубқа кіргізіңдер. Ал қалғандарың жұп жазбай, киноға кіріңдер, – депті. *Шетел әзілі Өтпейтін ата-тек – Міне, Павликті орналастыратын жер табылды, – деді әйелім сенімді үнмен. Әңгіме мамандандырылған мектеп туралы еді, бірақ оның не нәрсеге мамандандыратыны белгісіз, әйтеуір бір керемет болмақ. Көп қешікпей әйелім директордың секретарына көмектесуді өтінген біреуден сәлемдеме тапты да келіссөз жүргізуге мені жіберді. – Орын жоқ, – деді секретарь сәлемдеменің бетін де ашпастан. Балаңызды тіркеп қояйын, соңынан белгілі болады, – деді де қалың дәптер шығарды. – Фамилиясы? – Сидоров, аты – Павлик. – Ештеңе де шықпайтын болды, жолдас, – деді де ол дәптерді жаба салды. – Егер балаңыз Иванов немесе Петров болса бір сәрі. Сидоров екен ғой. – Онда не тұр? – Сәлемдемемен келіп тұрғандықтан құпиялап айтайын, бұндай фамилиямен мамандандырылған мектепке бүгін таңда ұлды да, қызды да алмаймыз. – Неге бұлай? – Бұл солай. Егер балаңыздың фамилиясы басқаша болса қол ұшын берер едім, ал мынаған тіпті көмектесе алмаймын. Сұрамаңыз – өтпейтін фамилия. – Сидоров деген фамилия өтпей ме? – Иә. – Ештеңе түсінсем бұйырмасын. Үзіліске қоңырау соғылды, секретарь: – Қазір түсінесіз, сәлемдемемен келіп тұрсыз ғой, түсіндіріп көрейін. Біз коридорға шықтық. Ол балаларға: – Ивановтар бар ма? – деді. – Бар. – Фамилиясы Ивановтар қолдарыңды көтеріңдер. Тез, тез! Екі қол көтерілді. – Ал, араларыңда Петров бар ма? Тағы да бір қол көтерілді. – Мен Петровамын, – деді бір қыз бала. – Сидоровтар қайсысың? Бірден бес қол көтерілді. – Енді шешесі жағынан Сидоров болып жүргендер, қолдарыңды көтеріңдер. Кімнің нағашысы, жеңгесі, ағасы, апасы, әжесі, атасы немересі, шөбересі Сидоров... Қолдардың көп көтерілгендігі сонша, Сидоровтың бірі «Ура» деп айқайлап жіберді. Ивановтың бірі: – Дәл анықтау үшін есептейтін адам шығару керек, мен оған Петрованы ұсынам, – деді. Бірақ хатшы: – Жарайды, балалар, рахмет, – деді. Балалар тарап кетті. – Жағдай сізге енді түсінікті болды ғой деймін, – деді ол маған. – Сондықтан директор әзірге Сидоровтарды қабылдамау керек деді. – Неге олар бұнда сонша көп? Хатшы дермантинмен қапталған есікті нұсқады, мен одан: «Директор М. А. Сидоров» деген жазуды оқыдым. – Михаил Андреевич, – деп ол қосып қойды. – Кешіріңіз, – дедім мен. – Біздің Павликтің директорға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұл қалада ешқандай туысымыз жоқ, тексеруіңізге болады. Михаил Андреевичке осы жолы тек фамилияласы бөтен біреуді тіркеу керектігін айтыңызшы, айналайын. Айтуға кеткен секретарь тез оралды. – Орын жоқ, жолдас Сидоров. – Ашығын айтқанда қалай? – Сіз сәлемдемемен келіп тұрсыз ғой, сондықтан ашық айтуға да болады. Директор: «Бөтен біреуден гөрі, бұндай фамилиямен тағы да бір туысымызды қабылдағанымыз дұрыс», – деді.
ММА шебері Дияр Нұрғожай UFC-де өнер көрсетеді
Спорт • Бүгін, 12:20
АЭС: Мамандар біліктілігі ешкімнен кем емес
Референдум 2024 • Бүгін, 12:06
Министрлер тұрғын үйін жалға бере алады
Заң • Бүгін, 12:02
БҚО-да жалған құрылыс салушылар жазаланды
Оқиға • Бүгін, 11:52
Тарих • Бүгін, 11:50
Астанада адам папилломавирусына қарсы вакцинация жүріп жатыр
Медицина • Бүгін, 11:39