Кеше Астанада «MINEX Орталық Азия» тау-кен өнеркәсiбi форумы басталды. Форумның ашылуында Инвестициялар және даму министрi Әсет Исекешев сөз сөйледі.
«MINEX тау-кен өнеркәсiбi форумы дәстүрлi шараға айналды. Бүгiнгi форумның күн тәртiбiнде көтерiлетiн мәселелер Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізіліп жатқан реформалар аясында аса маңызды. Бұл реформалар жер қойнауын пайдалану саласының бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға, инвесторларға қолайлы жағдайлар жасауға, салалардың технологиялық-кәсiби деңгейiн, шалғайдағы моноқалалардың әлеуметтiк әл-ауқатын арттыруға бағытталған», дедi Ә.Исекешев.
Инвестициялар және даму министрі соңғы үш жылда тау-кен саласында ауқымды жұмыс атқарылып жатқандығын атап өтті. Оның айтуынша, реформалардың бiрiншi кезеңi аяқталды деуге болады. Мәселен, жер қойнауын пайдалану саласындағы рұқсат рәсімдерін жеңілдету бойынша шаралар қолға алынды. Нәтижесінде геологиялық ақпарат беру мерзiмi 240 күннен 1 күнге қысартылды. «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңға, оның iшiнде барлау жұмыстары құқығын беру саласында өзгерiстер енгiзiлдi. Барлау келісімшартын бекіту мерзімі 2 жылдан 25 күнге дейін қысқартылды. Ә.Исекешевтің пікірінше, мұндай шаралар тәжірибе көрсеткендей, 50 пайызға дейін жаңа кен орындарын ашу үшін орта және шағын кәсіпорындарды көптеп тартуға мүмкіндік береді. Елімізде қанатқақты режімде Степногор қаласының маңында 100 шақырым аумақ белгіленді және осы жылдың бірінші тоқсанында 25 блок бойынша 10 жаңа келісімшарт бекітілді.
Министр сонымен қатар, бұл салада аукцион өткізу жұмыстарының да қолға алынғандығына тоқталды. Аукциондарға негізінен моноқалалардың маңындағы аз зерттелген жер қойнаулары қойылады. Министр қазір Қазақстан ескі тәжірибеден жер қойнауын пайдаланудың аукцион түріндегі прогрессивті тәжірибесіне көшкенін еске салды.
«Аукционға жер қойнауының аз зерттелген, қосымша іздеу жұмыстарын қажет ететін бөліктері қойылады, ол жерлер ресурстық базамен қамтылған арнайы моноқалалардың маңынан осы өңірлерде жұмыс орындарын құрып, сақтау үшін таңдалады», деді ведомство басшысы. Ол 2015 жылдың желтоқсанында өткен аукционда қол қойылған бонус ретінде 36 лот бойынша бюджетке 1,5 млрд. теңгеден астам қаржы тартылғанын айтты.
«Аукцион байқаудың барынша ашық формасы болып табылады, онда шешім көпшіліктің алдында жарияланады. Жалпы, аукцион бойынша оның қолжетімділігіне, ашықтығына және қарапайымдылығына байланысты инвесторлардың жағымды пікірлері қалыптасқан», деді Ә.Исекешев. Ал ағымдағы жылдың маусымында өтетін жер қойнауын пайдаланудың 101 учаскесі бойынша жаңа аукцион жарияланған.
«Ол ағымдағы жылдың маусым айында өтеді. Бүгінгі таңда, қатты пайдалы қазбалар бойынша байланыс аймақтарының жалпы аумағы 137 мың шаршы шақырымды құрайды және Қазақстанның жер қойнауының байтақ аумағы мен зор әлеуетін ескере келе, 2020 жылға дейін ірі кен орындарын ашуға үлкен мүмкіндік бар», деді Ә.Исекешев. Сондай-ақ, министр «Қазгеология» ұлттық компаниясы салаға 10 ірі инвесторларды жұмылдырып отырғанын тілге тиек етті. Олардың Қазақстанға әкелген инвестициялар көлемі 70 млн. АҚШ долларын құрап отыр.
Ә.Исекешев тау-кен саласын барынша дамыту мақсатында оған жаңа технологияларды енгізумен қатар, ондағы мамандардың біліктілігін арттыруға да айрықша назар аударылып отырғандығын жеткізді. Мәселен, Қазақстанда мамандарға Cisco стандарттарын оқыту бойынша орталықтар ашу жоспарланған.
«Біз серіктестерімізбен бірге арнайы оқыту орталықтарын ашуды жоспарлап отырмыз», деді Ә.Исекешев. Оның айтуынша, қазіргі таңда есептілік стандарттары кодексі жасалған, KAZRC қауымдастығының өзі реттелетін ұйымы құрылған, ол Cisco комитетінде Қазақстанды таныстырады. Қауымдастық биылғы жылдың маусымында Сisco-ға енеді деп жоспарланған. Бұдан өзге, ол 2016 жылдың қазанында Қазақстанда елімізге 2013 жылы берілген ізбасар мәртебесін бекіту мақсатында өндіруші компаниялардың ашықтығы бастамаларының жаңа стандарттар бойынша валидация рәсімі басталатынын айтты.
Мамандардың біліктілігін арттыруға Google компаниясы да атсалыспақ. Google компаниясының қатысуымен тау-кен металлургия саласында құрылатын Технологиялық біліктілік орталығы жылына 1200 маманға дейін оқытуға мүмкіндік береді, деді Ә.Исекешев. Сондай-ақ, ол орталық байыту өндірісіндегі өндіру үдерістерін оңтайландыру үшін түрлі сенсорлармен жиналатын мәліметтердің үлкен массивін тереңдетіп талдауды жүзеге асыратын әлемдік металлургиялық кешен жұмысына арналған алғашқы технологиялық платформа болатынын баса айтты. «Бұл жобаға Google компаниясы қатысады, сондай-ақ, басқа да ірі технологиялық ойыншылар тарапынан да қызығушылық бар», деп мәлімдеді ол. Бастапқы кезеңде Біліктілік орталығында байыту фабрикасының өндірістік желісінің жұмыс моделі орнатылады. Білім алушылар озық тәжірибе мысалдарымен танысып қана қоймай, өндіріс желісінің тиімділігін арттыру үшін оның жұмысын өз бетімен ретке келтіре алады. ТМК Біліктілік орталығын «MсKinsey» халықаралық консалтинг компаниясымен бірге «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қоры құрады. Министрдің айтуынша, орталықтың алғашқы клиенттері Еуразиялық Топ және ірі кен өндіру және металлургиялық компаниялар болмақ. ТКМ құзыреттілік орталығы аясында автоматтандыру және терең талдаудың алғашқы модулі биыл іске қосылады, өндірістің тиімділігін арттыру мақсатында мәліметтерді терең талдау пайдаланылады. ТМК құзыреттілік орталығы «McKinsey» қатысуымен негізі қаланған әлемдегі он алтыншы біліктілікті арттыру орталығы және Қазақстандағы осындай алғашқы орталық болмақ. Орталық Алматыда 2016 жылдың екінші жартысында ашылады деп жоспарланған.
Екі күнге жоспарланған форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, тау-кен өндірісінің, инженерлік және инвестициялық компаниялардың 300-ден астам басшылары қатысуда. Тау-кен саласының мәселелерін қозғайтын мұндай алқалы жиын елімізде жетiншi рет ұйымдастырылып отыр. Форумның басты мақсаты – халықаралық байланысты нығайту, аталмыш мәселе бойынша мемлекеттік үйлестіруді арттыру, техникалық жаңғыртуды жетілдіру, кәсіби мамандарды даярлау, тау-кен өндірісін қаржыландыру және инвестиция тарту.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»