21 Сәуір, 2016

Қызылорданың қарышты қадамы

457 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

ACD_6029Сыр бойындағы серпін

Сыр бойы Елбасының барлық тапсырмасын дер шағында орындауымен республикадағы маңдайалды аймақтардың бірі ретінде ерекшеленеді. Осы орайда Мемлекет басшысының «Қазақстанның дамуын жалғыз Қызылорда облысының келбетіне қарап білуге болады», деген бағасы сөзімізді дәлелдей түссе керек. Ал Ұлт Жоспарын іске асыруда Ақмешіт атырабында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Кеше Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев журналистерге арнайы брифинг өткізді. Біріншіден, аймақта Ұлт Жоспарын орындауды үйлес­тіретін арнайы жұмыс тобы құрылып, аймақтық іс-шаралар жоспары бекітілді. «100 нақты қадамның» бірінші бағыты – кәсіби мемлекеттік аппарат құ­руға бағытталған қадамдар негізінде 44 адам сынақ мерзімі­мен мемлекеттік қызметке та­ғайындалды. Этика жөнінде жауапты өкілетті тұлғалар анық­талды. Арнайы семинарлар өткі­зіліп, жемқорлыққа қарсы шаралар жөнінде құқықтық оқулар ұйымдастырылды. Мемлекеттік аппарат құрамының сапасын көтеру мақсатында мемлекеттік қызметке тұңғыш кіріскен кадр­ларды үш сатылы іріктеу жүйесі енгізілді. Жыл басынан бері 20 жалпы конкурс жарияланды. Заман талабына сай, кәсі­би мемлекеттік аппарат құ­ру шараларының аясында рес­публикадағы алғашқы аймақ болып облыс әкімдігінің ах­уал­­дық орталығы құрылды. Ах­­­уалдық орталық – қазіргі ақ­параттық технологияларды пайдалану арқылы басқару және шешім қабылдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ол жоспар­лау, ұйымдастыру және қадағалауға қатысты көптеген қызметті автоматтандыра отырып, аталған қызмет түрлерінің сапасын едәуір жақсартуға жол ашты. Өткен жылы Қызылорда облысының ахуалдық орталығы Амстердам қаласында өткен халық­аралық технологиялар байқауында мемлекеттік бас­қарудағы инновациялар номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Республиканың Қа­уіп­сіздік кеңесі, Бас прокуратура және басқа да орталық мемлекеттік органдар мен аймақ­тардағы әріптестеріміз аталмыш тәжірибені зерттеп, үлгі ре­тінде пайдалануда. Сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында мемлекеттік сатып алу мониторинг жүйесі жасалды. Бұл жүйе үлестес компанияларды, тапсырыс беруші мен жеткізуші арасындағы туыс­тық байланысты анықтауға мүмкіндік береді. Мұның бар­лығын ахуалдық орталықта және планшет арқылы кез келген жерден бақылауға болады. Мұ­ның барлығы үлкен заманауи жұмыстың басы, дейді Қырымбек Елеуұлы. Аймаққа инвестиция тар­­ту мақсатында жылына екі рет «Байқоңыр-Инвест» форумы өткізіліп келеді. Бұл – пікір алмасуға зор мүмкіндік алаңы. Осыған дейін өткізілген 6 форумның нәтижесінде облыс экономикасына 100 миллиард теңгеден астам тікелей инвестиция тартылды. Сонымен қатар, шетелдік компаниялармен бірлескен шыны зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Алдағы мамыр айы­нан бастап зауытқа құрал-жабдықтар жеткізіле бастайды. Бұдан бөлек, «Арал тұз» АҚ кальци­лендірілген сода шығару зауытының құрылысын салуға инвестор тарту мәселесімен айналасуда. Ферроқорытпа зауыты құрылысының жобасы мен «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру жұ­мыстары жалғасуда. «Сам­ұрық-Қазына» қорымен бірге «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнын игеру жұмыстары тиісті дәрежеде жүргізілуде. Кен байыту комбинатының құры­лысы жақын арада басталады. Одан кейін  келешекте гидрометаллургиялық зауыт салу да жоспарда тұр. Қытайлық компаниямен бірлесе отырып Шиелі ауданында тампонажды цемент өндірісі зауытының құрылысын және Жаңақорған ауданында ресейлік инвестормен бірге тағы бір цемент өндіретін зауыт құрылысын бастау көзделген. Сондай-ақ, асфальт-бетон, силикат кірпішін шығаратын зауыт және басқа да индустриялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде 15 жобаға инвесторларды тарту мүмкіндігі қарастырылуда. Олар­дың қатарында 500 орындық емхана, кәсіптік-техникалық колледж ғимараттарының, жаңа әуежай терминалы құрылысының концессиялық жобалары бар. Құрылыс саласында да қыр­уар жұмыс атқарылуда. Мысалы, құрылыс саласындағы рұқсат беру ресімдерін жеңілдету үшін тиісті регламенттер жасалып, бекітілді. Осылайша, бұрын сәу­леттік-жоспарлау тапсырмасын алуға 1 айдан астам уақыт кетсе, қазір бұл жұмыс 17 күнге дейін қысқарып отыр. Осы орайда «Нұр­лы Жол», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында облыста тұрғын үй құрылысы жыл сайын қарқын алып келе жат­қанын айта кеткен абзал. 2015 жылдың өзінде тек мем­­лекет қаражаты есебінен 1740 пәтерлі 53 көп қабатты үй құрылысы басталып, оның 42 үйі пайдалануға берілді. Осылайша мемлекет қорындағы тұрғын үй көлемі 2014 жылға қарағанда облыста 3,5 есеге, ал Қызылорда қаласында салынған тұрғын үй көлемі 8 есеге артты. Бір жылда облыс орталығында пәтердің кезегі 17%-ға қысқарды. Дәлірек айтқанда, 3170 пәтерлі 63 тұр­ғын үй салынады. Бұл үлкен жұ­мыстың басы деп есептеймін, дейді аймақ басшысы. Қызылорда облысын газдандыру мәселесі де толық аяқ­та­­­луға жақын. 2014-2015 жыл­­­­дары «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттер есебінен 2,1 миллиард теңге қаржы бөлініп, Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кен­ті мен Қызылжарма ауылдық ок­ругі газдандырылды. Сонымен қатар, былтыр «ҚазТрансГаз Ай­мақ» акционерлік қоғамының 23 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық бағдарламасы арқылы облыстың 4 аудан орта­лығы, атап айтқанда, Арал қала­сы, Әйтеке би, Шиелі, Жаңа­қорған кенттері мен Байқоңыр қаласы көгілдір отынға қосылып, облыс халқының табиғи газбен қамтылуы 63 пайызға жетті. Бұл бүгінде 400 мыңнан аса адам көгілдір отын тұтынып отыр деген сөз. Биыл 10,5 миллиард теңге тұратын инвестициялық жобаны іске асыру арқылы көгілдір отын Жосалы, Жалағаш Тереңөзек және Қызылорда маңындағы елді мекендерге жетеді деп күтілуде. Биыл Қызылорда қаласына қарасты Талсуат ауылдық округін және 3 әлеуметтік нысанды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен қосымша 271,2 миллион теңге қаржы бөлінді. Ұлт Жоспарында айтылған жекешелендіру шаралары аясында 5 коммуналдық кәсіпорын мен «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына қарасты 6 ұйым анықталып, оның біреуі жекешелендірілді. Мүлікті жария етуге қатысты өткен 11 сәуір күнгі мәлімет бойынша, облыста жалпы сомасы 11,4 миллиард теңгені құрайтын 1369 мүлік жария етілген. Әлеуметтік жаңғырту және масылдықты еңсеру мақсатында «Өрлеу» қаржылай көмек көрсету жобасы жалғасып, бұл тәжірибе облыстың барлық аудандарына таратылды. Бүгінде 509 азаматқа 4,8 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Жоба аясында 131 адам жұмысқа орналасты, оның 64-і тұрақты жұмыс орындары. Биылғы қыркүйек айынан бастап, 12 жылдық білім беруге көшуге байланысты облыстың екі мектебі бастапқы білім берудің 1+11 үлгісі бойынша жаңа оқыту мазмұны негізінде тәжірибеден өтуде. Сонымен бірге, әр сыныпта 17 баланы қамтитын мектепке дейінгі дайындықтың бір сыныбы және 1-сыныптағы 450 оқушыны қамтитын 18 бастапқы сынып тәжірибе үшін іріктеліп алынды. Барлық эксперименталды сыныптар тиісті оқу жабдықтармен, оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілген. 54 педагог Назарбаев зияткерлік мектебінің арнайы семинар-тренингтерінен өтті. Жаңа оқу бағдарламасын игеру деңгейін айқындау мақсатында Назарбаев зияткерлік мектебі және Алтынсарин атындағы білім академиясы өкілдерінің қатысуымен мониторинг жүр­гізілуде. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу әдістемесін облыста енгізу мақсатында облыс әкімдігі мен Назарбаев зияткерлік мектебі ұйымы арасында екіжақты меморандумға қол қойылып, тәрбие жұмыстарының бағыттары мен іс-тәжірибесі аймақтағы 2 пилоттық және 22 инновациялық мектептеріне енгізілді. Қыркүйек айынан бастап тағы 41 мектеп-лицей базасында Назарбаев зияткерлік мектептері мен Қазақ-түрік лицейлерінің әдістемесі мен технологиялары бойынша ағылшын тілін үй­рету жобасын жүзеге асыра бастаймыз. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 125 миллион теңге қаралып отыр. Бұдан бөлек, М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитар­лық колледжі базасында негізгі мектептегі пән және бастауыш сынып мұғалімдері мен мек­тепке дейінгі мекемелердің тәр­биешілерін ағылшын тіліне оқыту мақсатында «KATEV» халықаралық қорымен меморан­думға қол қойылды. 2019-2020 оқу жылында аталған 41 мектеп-лицейдің 11-сыныптарында, ал 2020-2021 оқу жылында 10-сыныптарында оқу пәндерінің бірі ағылшын тілінде үйретілетін болады. Сонымен қатар, облыстағы 71 мектепті «E-Learning» электронды оқыту жүйесіне қосу үшін материалдық-техникалық базаны қажетті жабдықтармен жарақтандыруға облыстық бюджеттен 150 миллион теңге бөлінді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесі енгізілетін болады. Тиісті медиа-жоспар бекітілді. Бұл жұмысқа сіздердің де, яғни бұқаралық ақпарат құ­ралдарының белсенді қатысуын сұраймын, деген Қы­­рымбек Елеу­ұлы әрі қарай өңірдегі денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұ­мыстарға тоқталды. Ме­ди­циналық қызмет сапасын жақ­сарту, соның ішінде, әсіресе, ана мен бала денсаулығын оңал­ту, онкологиялық қызметті же­тілдіру, жарақаттан, жүрек және қан тамыры ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту және жедел жәрдем мен сани­тарлық авиацияны дамытуды көздейтін арнайы жол карталары бекітілді. Нақтылай түссек, ана мен бала өлімін төмендету мақсатында биыл облыстық перинаталдық орталықта 30 төсекке арналған сауықтыру бөлімшесі ашылды. Мидың қан айналымы бұ­зылуынан өлімді төмендету үшін нейроинсульт орталығы құрылды. Сондай-ақ, онкодиспансер базасында 15 төсекке арналған хоспис ашылды. Облыс халқының денсаулығын қамтамасыз етуге арналған жұмыстың қарқыны бәсеңдемейді, деді ол. Ұлт Жоспарының төртінші бағыты – «Болашағы біртұтас ұлт» қалыптастыру шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» атты жалпыұлттық жобасы аясындағы жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып «Тәуелсіз елім, Ұлы Далам менің!» атты акция өтті. Бесінші бағыт – қоғам алдында жауапты және транспарентті мемлекет қалыптастыру шаралары аясында 2016 жылға Үкімет бекіткен меморандумға сәйкес 11 аса ма­ңызды мақсатты индикаторлар бо­йынша мониторинг жүргізілуде. Арнайы қабылданған заңға сәйкес қоғамдық кеңестер құрылды, жыл басынан бері облыстық кеңестің 2 мәжілісі өтті. Жалпы, жыл басынан бері Ұлт Жоспары шеңберінде ат­қа­рылған жұмыстар осындай. Әрине, бұл алда жасалатын көлемді жұмыстың бастамасы ғана. Елімізді, соның ішінде Сыр өңірін саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа сатысына шығаратын, қоғамға жаңа өмір сапасын әкеліп, әр адамға жаңа елдік түсінік, отаншыл көзқарас, азаматтық ұстаным беруі тиіс «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру – бір ғана әкімдіктің, тек мемлекеттің жұмысымен бітпейді. Елбасының бұл бастамасы да барлық отан­шыл ұйымдардың, жасампаз азаматтардың күш біріктіруін талап етеді, деп аяқтады сөзін Қырымбек Елеуұлы.

20-04-брифинг-слайдттар

20-04-бриШындыққа айналған шыны зауыты

Осы жобаның төңірегінде түрлі әңгіме болды. Біресе, Қызылорда облысынан салынады, енді бірде басқа өңірдің еншісіне беріліпті десіп жатты жұрт. Әрі тарт та бері тарт болған жобадан ел үмітін үзе бастағанда, шыны зауыты Сыр бойынан бой көтеретіні туралы ақпар жетті. Шын қуандық. Бүгінде Қызылорда облысында аталмыш зауыттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Белгіленген меже бар. Сол жоспар бойынша жұ­мыс жалғасып келеді. Шыны зауыты қаладағы индустриялық аймақтың 50 гектарына орналасқан. Қазіргі таңда дайын өнім қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Металл құрылғылары жұмыстары аяқта­лып, сыртқы қабырғалары қаланып қой­ды. Дайын өнім қоймасының ұзындығы 300 метр, ені 150 метрді құрайды. Мамандар жоспарға сәйкес қойма сәуір айында толық бітеді деп отыр. Ал мамырда зауытқа қа­жетті барлық құрал-жабдықтарды алып келеді. Зауыттың Орталық Азияда теңдесі жоқ жаңа технологиямен жабдықталатынын айтады мамандар. Бұл дегеніңіз – ел­дегі индустриялық-инновациялық бағдарлама орындалып жатыр деген сөз. Мемлекетті әлемнің қуатты ел­дерінің қатарына қосатын да осындай жобалар. Зауыттың қуаттылығы жылына 197 мың тонна табақша шыны шығаруға жетеді. Сондай-ақ, өңдеу зауытының құрылысы өткен жылы басталғанын да айта кеткен абзал. Жобаның жалпы құны – 52,1 миллиард теңге. Қаржының 80 пайызын «Қазақстан даму банкі» АҚ бөлсе, қалған 20 пайызын «Steward Engineers» АҚШ компаниясы мен «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестор ретінде қар­жы­ландыруда. Операторы – «Orda­GlassLtd» серіктестігі. Бүгінде тең­ге құнсызданып, доллардың бағасы аспандап тұр. «Дағдарыс жағдайы зауыттың құрылысына әсер етпей ме?» деген сауал әркімнің-ақ кө­кейінде тұрған шығар. Бұл мәселе де алдын ала қаралған. Соған сәйкес, жобаны жүзеге асыруға тартылған актив теңге бағамы өзгергенге дейін АҚШ долларына ауыстырылып қойған. Сондықтан, қаржыландыру мәселесінде ешқандай проблема туын­дамайды. Құрылыс жұмыстары қыс­тың күні де тоқтаған жоқ. Мамыр айы­­нан бастап қарашаға дейін АҚШ, Бельгия, Финляндия, ҚХР, Италия елдерінің 6 компаниясы технологиялық құрал-жабдықты жеткізетін болады. Әрі қарай монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс жұмыстарына 300-ге жуық адам мен отыздан астам техника жұмылдырылып отыр. Зауыттың өндірістік цехтарының іргетасын қалау жұмыстары бас­талды. Мұнда экспорттық әлеуеті жоғары, сапалы өнім шығарылатын болады. Тағы бір ерекшелігі, зауытта энергия үнемдейтін де шыны шығарылмақ. Бастысы, шыны өн­дірісіне қажетті шикізаттың басым бөлігі өзімізден табылып отыр. Яғни, кварц құмы, доломит пен әктас пайдаланылады. Ал сырттан әкелінетін кальцийлендірілген сода шикізатын таяу уақытта «Аралтұз» АҚ-пен бі­ріге отырып өндіретін боламыз. Бұл Қызылорда облысында жүзеге асады деп жоспарланған ин­дустриялық-инновациялық ірі жобалардың алғашқы қарлығашы болғалы тұр. Тікелей Елбасының бақылауында тұрған ауқымды жоба жүздеген жұмыс орнының ашы­­луына сеп болмақ. Зауытты саламыз. Ал енді оған маманды қайдан табамыз? Бүгінде Ресейдің маңдайалды жоғары оқу орындарында сырбойылық 300-ден астам жас түрлі мамандық бойынша білім алып жатыр. Олардың басым көпшілігі техникалық мамандықтар бойынша оқиды. Міне, осы жас мамандар жаңа зауыттың жұмысына тартылады. Солайша, келер жылдың алғашқы жартыжылдығында құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілетін шыны зауыты еліміздегі ең серпінді жобалардың бірі болмақ.

Атакәсіп – халыққа нәсіп

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында ауыл шаруашылығына аса үлкен көңіл бөлінеді. Мысалы, «Сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту. Негізгі міндет: үш жыл мерзімде ТМД елдері нарығына шығарылатын өнімдерінің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз ету. Жұмыс селода кооперативтік өндірісті дамыту арқылы жаңазеландиялық Fronterra және даниялық Arla үл­гісімен ұйымдастырылды», де­­лінген. Со­нымен қатар, «Ет өн­ді­рісі мен өң­деуді дамыту үшін стратегиялық ин­весторларды тарту. Негізгі міндет шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау» деп нақты көрсетілген. Бұл тарапта Қы­­зыл­орда облысында не жасалып жатыр? Облыстың агроөнеркәсіптік ке­шені саласында 2016-2017 жылдар аралығында жаңа және озық технологиямен жабдықталған 19 жобаны іске асыру қолға алынды. Биылдың өзінде 12 жоба іске қосылатын болады. Олардың қатарында жылыжай кешені, қуаттылығы жылына 2 мың тонна ет өңдейтін комбинат, шұжық және жартылай фабрикаттар дайындау кәсіпорны, сүт фермасы, 15 мың қойды бордақылау және ет өңдеу кешені, бройлер және қаз құстарын өсіру секілді жобалар бар. Сонымен қатар, 50 мың бас қойға арналған бордақылау алаңы мен 7 мың тонна ет өңдеу комбинатының құрылысы басталады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында шетелдік инвес­торлармен тығыз байланыста жұ­мыс жасалуда. Айталық, Иран Ислам Республикасымен бірігіп агроөнеркәсіптік кешен саласында ынтымақтастықты қалыптастыру көзделіп отыр. Осы мақсатта өткен наурыз айында «ТюранСанат Ария» компаниясының басшысы Насер Керами мырзамен кездесу болды. Сол басқосуда облыста құс етін өн­діретін фабрика салу жөнінде келісім жасалды. Ирандықтар Қар­мақшы ауданында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін жобаға 900 миллион теңге инвестиция салуға әзір. Сондай-ақ, олар өздерінде өсетін күріштің сортын Қызылорда облысында сынақтан өткізіп көруге ниетті. Осы елдің «Ай Групп» ком­паниясының өкілдері аймақта болып, 100 мың бас қой өсіріп, қой еті өндірісін дамытуға инвестиция салуға келісіп отыр. Отандық «Евразия Агро­Хол­динг» компания­сы Қы­тайдың «COFCO» ком­паниясының инвес­тициясына тағы бір елге пайдалы жобаны іске асырмақ. Бұйыртса, 4 мың гектар жерге қызанақ дақылы тамшылатып суару әдісі арқылы өсіріліп, одан алынған өнімнен томат сық­пасы дайындалмақ. Зауыт­тың қуаттылығы жылына 15 мың тонна томат сықпасын шы­ғаруға мүм­кіндік береді. Қытайлық мамандар қызанақтың жер мен климатқа бейімділігін анықтау мақсатында биылғы жылы аталмыш өнім сортының 20 түрлі көшеттерін жылыжайда өсіруде. Сондай-ақ, қытайдың «JIXIN commercial investment management corp» компаниясымен түйе сүтін өндіретін нысан салатын болып келісілді. Қазірде жобаның бизнес-жос­­пары әзірленуде. Былтыр облыста ірі қара, жылқы және түйе малының саны ең жоғары болған 90-шы жылдағы деңгейден асып түсті. Нақтырақ айтсақ, ірі қара 7,2 пайызға, жылқы 10,6 пайызға, түйе 29,8 пайызға көбейіп отыр. Қазір облыстағы ірі қараның жалпы саны 260 мыңға жуық. Биыл облыс бойынша экспортқа 600 тонна ет шығару жоспары тұр. Қазіргі таңда облыс буферлік аймақтан шығуға толық дайын. Тек мамыр айында Париж қаласында өтетін аталмыш ұйымның кезекті отырысының оң қорытындысы шықса болды. Осы шешім шық­қаннан кейін экспортқа ет шығаруға мүмкін­дік туады. Облыс орталығында тәулігіне 3 тонна ет өнімдерін өндіретін фабрика құрылысы, Сырдария ауданында 5 мың бас қой өсіруге арналған кешен және 10 мың бас малға арналған бордақылау алаңы мен жылдық қуаты 250 тонна болатын ет комбинатының құрылысы жүруде. Бұл нысандарды жыл со­ңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Өңірде ауыл шаруашылығы са­ла­­­сында атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқа қайырғанда осы. Дегенмен, осының өзінен Сыр бойында қызу жұмыстың жү­ріп жатқанын байқауға болады. Өйткені, алдымызда атакәсіптен қол үзбеу, қайта соны заман ыңғайына қарап дамыту міндеті тұр. Ал атакәсіптен айырылмаған жұрт қандай дағ­дарысқа болмасын төтеп береді. Бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Ержан БАЙТІЛЕС