Еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылдығына қарай қадам басты. Осы тарихи қысқа мерзімде Тәуелсіз Қазақстан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен небір қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, толағай табыстарға жетті, қарқынды даму жолына түсті. Ел де, заман да, қоғам да, адам да жаңарды. Н.Назарбаев Қазақ елін, қазақ халқын, Тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлемге танытты.
Семей ядролық полигонының жабылуы, Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының құрылуы, елорданы Ақмолаға көшіріп, әлемді таңдандырған жаңа Астананың салынуы, келешек ұрпақ үшін Ұлттық қордың құрылуы, жастарға арналған «Болашақ» бағдарламасын, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік құру, еліміздің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуы, Астана Саммитінің жоғары деңгейде өтуі және тағы басқа көптеген іс-шаралар біздің Тұңғыш Президентіміз – Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалау мен құру бағытындағы іске асырған тарихи бастамалары мен идеялары. Бұрын біз кім едік, қазір кімбіз? Әрбір қазақстандық өзіне осы сұрақты қойып, ойланса, біздің елдің бүгінгі жетістіктері көз алдымызға келеді, көкірегіңді өз еліңе деген, Елбасына деген ризашылық сезім мен мақтаныш кернейді. Халқымыздың шексіз ризашылығына бөленген ел Президентін Қазақстан халқы «Елбасы» деп үлкен құрметпен атайды.
Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі өз ұлтымыздың ғана емес, бүкіл түркі жұртының көсемі ретінде төрткүл дүниеге тегіс мәлім. Бүкіл саналы ғұмырын Тәуелсіз Қазақстанды көркейтуге арнап келе жатқан, елін, халқын сүйсінтіп отырған Нұрсұлтан Әбішұлы – бүкіл қазақтың мақтанышына айналған ерекше тұлға. Н.Назарбаев – өз халқының бар қадір-қасиетін, тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін жетік білетін, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның мәртебесін өсіріп, халқының сенімін ақтап келе жатқан өз елінің адал перзенті, келешекті болжай білетін, алдағыны ойлай білетін Көшбасшысы.
Халқымыздың шексіз сеніміне ие болған Елбасы Н.Назарбаев бүгінгі таңда Қазақстанды жаңа онжылдықта серпінді дамытудың айқын әрі жүзеге асырылатын стратегиясын ұсынып отыр. Еліміздің тұрақты әрі қарқынды дамуын қамтамасыз ететін бұл міндеттерді іске асыруға бізді әлем мойындаған саясаткер, Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың өзі бастап баруы тиіс.
Қазақстан халқының Елбасы Н.Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы ұсыныстары бірінші кезекте мемлекетіміздің тәуелсіздігінің баянды болуына, елімізде саяси тұрақтылықтың нығаюына, экономикамыздың серпінді түрде алға дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына, ішкі және сыртқы саясаттағы жаңа бағыт-бағдарды қолдауға бағытталған. Сондықтан референдум өткізу – бұл, ең алдымен, жалпыұлттық мақсаттарға жету үшін бүкіл қоғамның өз Көшбасшысының айналасына бірігіп, оған тұрақтылықтың кепілі ретінде қолдау көрсетуі. Бұл қолданыстағы Конституциямен, ең бастысы – халықтың қолдауымен толық сәйкес келеді.
Біз – зайырлы мемлекет құрып жатқан елміз. Сондықтан халықтың ұсынысы толық қолдауға ие болуы керек. Конституциямыздың 3-ші бабының 1-тармағында: «Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық. Халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады» делінген.
Біз әрқашанда Ата Заңды басшылыққа алып жұмыс істеуіміз керек. Парламентті халық сайлаған, сондықтан Парламент Мәжілісі 2010 жылдың 29 желтоқсанында, ал Парламент Сенаты 2011 жылдың 6 қаңтарында өздерінің жалпы отырыстарында халықтың ойын, пікірін жақтап, Ата Заңымыздың 54-бабының 2-тармағының 3-тармақшасына сәйкес Конституцияға Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту туралы өзгеріс енгізуді қарастыру мәселесі бойынша республикалық референдум тағайындау туралы Мемлекет басшысына тиісті ұсыныспен шықты.
Президент өзінің 2011 жылғы 6 қаңтардағы Жарлығымен Парламент ұсынысын қабылдамады.
Қазақстан Республикасы Конституциясы 91-бабының 1-тармағында: «Егер республика Президентi Конституцияға өзгерiстер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттiң ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемiнде бестен төртiнiң көпшiлiк дауысымен Парламент осы өзгерiстер мен толықтыруларды Конституцияға енгiзу туралы заң қабылдауға хақылы. Мұндай жағдайда республика Президентi осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады» деп жазылған.
Сондықтан Парламент өзінің 2011 жылдың 14 қаңтарындағы бірлескен отырысында республика халқының пікірін қолдап және еліміздің қазірден де қуатты қарқынмен дамуының бірден-бір кепілі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевпен тікелей байланысты екенін ескеріп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту мерзімін көздейтін Конституцияға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын талқылап, 100 пайыз дауыспен бірауыздан қабылдады.
Сонымен қатар, Ата Заңымыздың 46-бабының 4-тармағына «Елбасы» деген ұғым енгізілді. Осылайша біз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне Елбасы мәртебесін конституциялық тұрғыдан бекіттік.
Елбасы атауында көп мағына бар. Бұл ел басшысы деген сөз ғана емес. Бұл елді бастаушы деген сөз ғана емес. Елді бастап берген деген мағынадағы бұл сөз – елдің бастауында тұрған Тұңғыш Президентке ғана тиесілі тамаша анықтама. Қазақ елінің тарихында Елбасы ұғымы ұлттың ұлы перзенті, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың есімімен мәңгі астасатыны анық.
Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.