Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Оған Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі және Премьер-Министр Кеңсесінің қызметкерлері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының, комитеттерінің, министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық инспекцияларының басшылары, «КазАгро» ұлттық компаниясының, оның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен жауапты қызметкерлері қатысты.
Алқа отырысында негізгі баяндаманы жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев саладағы өткен жылғы шаралар мен іс-қимылдар негізінен алғанда Елбасының Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді және министрліктің алдындағы стратегиялық жоспарды жүзеге асыруға бағытталғандығын атап көрсетті.
Өткен жыл аграрлық сала үшін өте күрделі жылдардың бірі болды. Еліміздің барлық аймақтарын қамтыған қуаншылық пен табиғаттың тосын мінезі ауыл экономикасын дамытуға айтарлықтай қиыншылықтар тудырды.
Ақылбек Күрішбаев осындай сәтте мемлекет пен Үкімет басшылығының бұл салаға ерекше көңіл бөліп қолдау шараларын күшейтуі, сонымен қатар, саладағы ылғал сақтау агротехникаларын дамытуға басымдықтың берілуі жағдайды тұрақтандырып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен ықпал еткендігін атап көрсетті. Қазақстанның осы бағытта жүргізген жұмыстары бүкіләлемдік экономикалық форумның жаһандық бәсекелестікті дамыту мәселесін қадағалайтын халықаралық сарапшыларының назарына да іліккен. Олардың бағалауы бойынша еліміз ауыл шаруашылығы шығындарын субсидиялау жөнінен бұрынғы орнынан 31 пункт алға жылжып, 62 орынға табан тіреген.
Дегенмен, өткен жылғы қуаңшылық салдары сезілмей қалған жоқ. Ішкі жалпы өнімнің деңгейі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 88,3 пайызды құрады. Себебі, егіншіліктегі өнім берекесі астықтан рекордтық көрсеткішті қайталаған алдындағы жылмен салыстырғанда төмен болды. Ал басқа салалардың барлығы алға басты. Атап айтқанда, маңызды көрсеткіштердің бірі өнімді өңдеу саласындағы өндірістің өсім деңгейі 13 пайызды құрады. Алдын ала мәліметтер бойынша ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 16,2 пайызға өсіп, елімізге келетін импорттық өнімдер көлемі 3,5 пайызға төмендеді. Осының әсерінен сауданың теріс сальдосы екі есе қысқара түсті. Сөйтіп, министрлік стратегиялық тұрғыдан алғанда Елбасының негізгі тапсырмасын орындау бағытында жақсы жетістіктерге қол жеткізе алды.
Егіншіліктегі өнім көлемі азайғанымен оны әртараптандыру бағытында елеулі жұмыстар жүзеге асырылды. Осының нәтижесінде соңғы екі жылда майлы дақылдардың егіс көлемі екі есе, ал жабық топырақта өсірілген көкөніс егістігінің көлемі үш есе артты. Осы ретте айта кететін бір мәселе, егер осындай тәсілдер дер кезінде қолға алынбаған жағдайда биылғы жылы халықты өсімдік майымен қамтуда, көрші елдердегідей, үлкен қиындықтар пайда болар еді.
Ылғал сақтау технологиясы қолданылған егістіктің көлемі 11,2 миллион гектарға жеткізілді. Бұл жалпы астық егістігінің 67 пайызын құрайды. Сонымен қатар егістікті суландыру бағытында да нақты шаралар қолға алына бастады. Осы салада мемлекеттік қолдау көрсетудің заңдық базасы қалыптастырылды. Биылғы жылы осы бағыттағы алғашқы қанатқақты жоба Оңтүстік Қазақстан облысынан басталғалы отыр.
Астық өндіру көлемінің азайғанына қарамастан биылғы жылы алынған 12,2 миллион тонна таза астық ішкі рынокты толық қамтып, шамамен алғанда оның 7 миллион тоннасын экспортқа бағыттауға толық мүмкіндік береді. Ал майлы дақылдардың алынған көлемі 775,5 мың тоннаны, көкөніс 2 576,9 мың тоннаны, картоп 2 554,6 мың тоннаны құрады. Бұл еліміздің ішкі рыногын жаңа өнімге қол жеткізгенге дейін толық қамтуға жетеді.
Мал шаруашылығы тұрақты түрде алға басып келеді. Өткен жылы малдардың барлық түрі бойынша алғанда өсім деңгейі 2-3 пайызды құрады. Осыған сәйкес малдан алынатын өнімдерінің көлемдері де өсе түсті. Мәселен, жұмыртқа өндіру 13,6 пайызға, құс етін өндіру 25 пайызға көбейді. Осындай шаралар нәтижесінде ішкі рынокқа келетін шетелдік тауық өнімдерінің импорты бұрынғы 70 пайыздан 50 пайызға дейін төмендеді.
Министрлік өткен жылы мал тұқымдарын асылдандыру бағытында болашақта үлкен жемісін беретіндей бірқатар стратегиялық шараларды жүзеге асырды. Соның куәсі ретінде мал шаруашылығы саласында кең ауқымды селекциялық жұмыстардың басталғандығын, оның жүйесі құрылып оған қазірдің өзінде мал тұқымын асылдандыру ісімен шұғылданатын 850 шаруашылықтың тартылып отырғандығын атап көрсетуге болады. Аграрлық ғылымды дамыту бағытында да елеулі шаралар қолға алынды. Осы бағытта білім таратуды көздейтін 6 орталық құрылды. Алдағы 3 жылда олардың санын 15-ке жеткізудің, аграрлық саладағы кадрлардың біліктілігін арттырудың нақты шаралары белгіленді.
Осындай өркенді шараларды жүзеге асыруда «КазАгро» холдингі де белсенді жұмыстар жүргізді. Осы құрылымның атқарған жұмыстары мен биылғы жылға белгіленген міндеттері туралы холдингтің басшысы Асылжан Мамытбеков баяндады. Холдинг жұмыстары бірнеше бағыттар бойынша өрістетіліп отыр. Соның ішінде өткен жылы ауыл шаруашылығын серпінді дамытуға бағытталған 87 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Осының нәтижесінде заман талабына сай бірқатар жаңа нысандардың, жылыжайлар мен мал бордақылау алаңдарының, құс фабрикаларының, басқа да нысандардың іске қосылуымен бірге 5 мың жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Соның ішінде 9 жоба холдингтің тікелей бақылауымен жүзеге асты. Осылардың негізінде Оңтүстік Қазақстан облысында құс фабрикасы, Тараз қаласында жүнді бастапқы өңдеу фабрикасы, енді бір жерлерде сүт өңдейтін зауыт, асыл тұқымды мал өсіретін және одан өнім алатын жаңа фермалар құрылды, 400-ден астам несие серіктестігі 7,6 миллиард теңгенің несие қаржысымен қамтамасыз етіліп, ауылды жердегі адамдардың жұмыспен қамтылып, жағдайларын түзетуіне елеулі көмектер көрсетілді. 250 шағын жылыжай пайдалануға берілді.
Алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов сөз сөйледі. Премьер-Министр өткен жылдың ауыл шаруашылығы саласы үшін ауыр болғанына қарамастан бұл салада көптеген жұмыстар жүзеге асырылғандығын айтып, осы үшін сала қызметкерлеріне деген ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар саланың алдына бірқатар жаңа міндеттер жүктеді. Солардың арасында жаңа технологияларды енгізуге ерекше мән беру қажеттігін айтты, өйткені өткен жылдың тәжірибесі егіншілік саласында біздің табиғатқа тәуелділігіміз үлкен екендігін көрсетіп берді. Міне, осындай сәтте ылғал сақтау технологиялары, егістіктерді суландыру жүйесін енгізудің маңызы зор екендігін атап көрсетті.
Сонымен қатар Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы саласында азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету ісіне көп көңіл бөлу қажеттігін айтты. Үкімет осы салаға бөлінетін жанар-жағармай бағасын тұрақтандыруда үлкен жұмыстар тындырды. Енді осының нәтижесі ауыл шаруашылығы бағасынан көрінуі керектігін қадап тұрып айтты.
Үкімет басшысы алдын ала болжамдар бойынша ХХІ ғасырдың әлемдік деңгейдегі басты проблемасы халықты ауыз сумен қамту болатындығын жеткізді. Мұндай жағдайда еліміз су көздерін ашып және оны үнемді пайдалану мәселесіне барынша мұқият болуы қажет. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы саласына да тікелей қатысты болып отыр. Осыған орай шахталық суларды пайдалану жөнінде өңірлермен келісе отырып жаңа бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.