Қарт Қаратаудың етегіндегі Кентау қаласында халқымыздың сан ғасырлық тарихының көзі тірі куәгері – Қарнақ деген ауыл бар. Бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі атақты тайқазанды ұсталар осы Қарнақта құйған. Әлемдегі ең алып, қасиетті қазанның патшалық Ресей кезінде олжаланып, Петербургтегі Эрмитажда бертінге дейін тұрғандығы белгілі. Міне, осындай тарихы бар ауылда «Яссы-несие» серіктестігі шаруалармен табысты жұмыс істеуде.
Жақында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың ұйытқы болуымен журналистер республикада үздіктер қатарынан көрінген «Яссы-несие» серіктестігінің жұмысымен танысып қайтты.
Жалпы, бұл өңірдің шаруалары еңбекқорлығымен ерекшеленеді. «Яссы-несие» серіктестігімен жұмыс істеп келе жатқан шаруаның бірі Уәлихан Асаев мұндағы қаржыландырудың өте тиімді екендігін айтады.
Уәлихан Асаев төрт жылдан бері жылыжай салумен айналысып, табысын еселеп келеді. Қазір ол 0,2 гектар жерге қияр, қызанақ еккен. Диқандар бүгіндері қолына түскен ұрықты еге бермейді. Мұнда қызанақтың «Буран» түрі, ал қиярдың «Спаин» түрі өсіріледі. Уәлихан Асаев жылына 16-17 тонна өнім алады. Қара базарда қызанақтың килосы 850 теңгеден төмендемей тұрғанын есепке алатын болсаңыз диқанның маңдай терінің өтелгенін шамалай берерсіз. Әрине, қиындық жоқ емес. Жылыжайларға жыл сайын беріліп келген субсидияның көлемі шектелді.
Үкімет қайтарымсыз мол қаржы береді екен деп отыру ертеңгі күнін ойлаған адамды масылдық пиғылдан құтқарады. Өзара бәсекелестік жағдайда жұмысын дұрыс жолға қойып, артық шығынсыз еңбек ететіндердің ұтысқа шығар жері осы. Осының бәрін ой елегінен өткізген шаруалар «Яссы-несие» серіктестігінен тиімді бағада қаржы алып, жұмыстарын жылға қойып жатыр. Мәселен, У.Асаев бес жылға төмен пайызбен несие алып, жылыжайының жылу жүйесін жаңартты. Мал шаруашылығы саласында да жақсы табысқа жетіп келеді. Қазір оның шаруа қожалығында 200 бас ірі қара және қазақы еділбай тұқымды мыңға тарта қой бар.
Бүгінде «Яссы-несие» серіктестігі жеті жүзден астам шаруа қожалығы мен диқандарды қаржыландырып келеді. Несие серіктестігі бес жүз мың теңгеден отыз млн. аралығында несие бере алады. Серіктестік басшылығы мемлекет тарапынан субсидиялау күтіп отырғандығын, ондай жағдайда несиенің жартысын Үкімет көтеріп алатындығын айтады.
Ауыл шаруашылығы – күрделі сала. Кей жылдары қуаңшылық болса жайылымдық жер табылмай, талай фермерлердің таяқ ұстап қалатындай жағдайы болған. Көктем ерте шығып, соңы үскірікке ұласса, жеміс ағаштары да бойындағы нәрінен айырылады.
Оның үстіне жемшөп, түрлі тыңайтқыштар мен техникаға қаржы шығарудың қиын-түйін тұстары бар. Осындай жағдайда ауыл шаруашылығына мемлекеттік көмек бүкіл дүниежүзінде көрсетіледі.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың арқасында 2001-2015 жылдары аралығында 163 аудан мен 13 облыс көлемінде 171 несиелік серіктестік ашылған. Бүгінгі күндері осы жүйе бойынша 12 мыңнан астам ауылшаруашылық тауар өндірушілері жұмыстарын жолға қойды.
Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында несие серіктестіктерінің жұмысын жолға қойған «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары бойынша да несие аламын деушілерге көмектесіп келеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы