22 Сәуір, 2016

«Батыр апалар ерлігіне – мың тағзым!»

521 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында Ұлы Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында қос батыр қызымызға арналған ашық кафедра күні өтті. Еліміздің көлік-коммуника­ция­лық кешеніне, оның ішінде теміржол мен автожол көліктері, сондай-ақ, телекоммуникациялар салалары бойынша жоғары білікті мамандар даярлайтын бірден-бір жетекші жоғары оқу орны болып табылатын аталмыш академия биыл өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық үстінде. Мерейтой қарсаңында «Уақыт – тарихтың көзі, нұры!» деген тақырыпта байқау жарияланып, ол іс-шаралар алдын ала жасал­ған кесте бойынша өткізілуде. Осындай кафедра күнін жуырда «Автомобильдер, жол техникасы және стандарттау» кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы №3 Студенттер үйінде «Батыр апалар ерлігіне – мың тағзым!» деген тақырыпта өткізді. Тақырыптың өзі айтып тұрғандай, әңгіме-сұхбат Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналды. Іс-шара студенттер үйінің бірнеше бөлмелерін аралап, студенттердің өмір-тіршілігімен танысудан бас­талды. Тағы бір айта кететін жайт, академия Студенттердің жатақхана тапшылығын сезінбейтін жоғары оқу орындарының бірінен саналады. Ал жатақхананың Студенттер үйі деп атануы – ондағы әр бөлме үлкен және кіші секциядан пәтер үлгісінде салынған. Сонан соң кафедра күні лық толған оқу залында жалғасты. Әңгі­ме-сұхбатты кафедра меңгерушісі М.С.Кульгильдинов ашып, студент­терді академияның келе жат­қан мерейтойымен құттықтап, оқу үде­рісінде алда болуға шақырды. Ал негізгі баяндамашы кафедра доценті, қазақтың батыр қыздары Әлия мен Мәншүктің өнегелі ерлік өмірін зерттеуші, қос апасы жерленген Пс­ков облысында төрт рет болып, рухтарына тағзым етіп қайтқан, 2015 жылдың үздік оқытушысы Кеңес Жүсіпов болды. Ол қазақтың батыр қыздары Әлия мен Мәншүктің ерлікке толы жарқын өмірі, Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі, туған елге деген зор махаббаты – халқымызға, барлық ұрпаққа үлгі-өнеге болатыны жайлы әсерлі әңгіме шертті. Өзінің академия студенттерімен бірге қазақтың қос батыр қыздары жерленген Ресейдің Псков облысындағы  Новосокольники және Невель қа­лаларына жасаған сапарлары жайында, яғни апала­рымыздың бейіттеріне гүл шоқтарын қойып, рухтарына құран бағыштап, тағзым етіп қайтқандары жайлы слайдтар арқылы тартымды да қызықты айтып берді. Ал сапарға қатысқан студенттердің үшеуі де қазіргі таңда академияда алған маман­дықтары бойынша Қазақстан теміржолының Астана, Ақтөбе және Қызылорда бөлімшелерінде қызмет атқарып жүргендері жайлы хабарлап өтті. Биыл тамыз айында Новосоколь­ники қаласы мен Әлия апамыз шайқаста ерлікпен қаза болған Насва стансасына 115 жыл толатындығы, осы мерейтойға ресейлік достар академиядан қонақтар шақырып жатқандығы, осы сапарға дайындық­тың басталып кеткендігі, баруға ниет білдірген студенттерге жол ашық екендігі жайлы да айтылды. – Қазақтың қаһарман қыздары Әлия мен Мәншүк Ресей жерінің сонау алыс түкпірінде ұлтымыздың мерейін үстем етіп, қайсар қазақтың рухы мен асқақ ерлігін әлемге танытып, мәңгі ұйқыда жатыр, – деді жиын соңында сапар жетекшісі, доцент Кеңес Жүсіпов. – Олардың ерлікке толы қысқа ғұмыры жайлы зерттеушілер жазып бітті, көз­көргендер, өкінішке орай, бүгін­де жоқ. Ендігі мәселе – батыр апа­ла­ры­мыздың бейіті сонда жатқандықтан сол жердегі жергілікті халықпен достық қатынасты үзіп алмай, жастар жағы жиі-жиі атбасын бұрып, үнемі тығыз байланыста болғанымыз дұрыс шығар. Соның бір айғағы ретінде осы бүгін әңгіме болған сапарды айтуға болады. Отанға деген сүйіспеншілік, патриот деген ұғымдардың бос сөз емес екендігіне өскелең ұрпақ тағы да бір көз жеткізді. Оған үлгі – қос батыр апамыздың ерліктері!  Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ