23 Сәуір, 2016

Ереуілтөбе

1173 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Безимени-1Қарқара. Аспантаудың «басы – қыс, етегі – жаз» осы атырабы туралы айтқанда бірден ғұлама ғалым, жиһанкез-саяхатшы Шоқан Уәлиханов ойға оралады. Кезінде мұнда бір емес, бірнеше рет болған ұлы ғалымның осында өшпес рухы мен өлмес белгілері жатыр. Ежелгі Қарқара елінің тұрмыс-тіршілігі, сұлу табиғаты Шоқан жазған еңбектер мен салған суреттерде жақсы бейнеленген. Мұндағы Мыңжылқы тауының бір асуын бүгінге дейін осындағы жұрт «Шоқан асқан» деп атап жүр. Бұл тарихи өлкеге Шоқан алғаш Ұлы жүз қазақтары мен Алатау округінің приставы, полковник М.Хоментовский ұйымдастырған Ыстықкөл экспедициясының құрамында 1856 жылы келген. Саяхатшы-ғалым осында өзен мен бастау-бұлақтардың молдығын, жайылымдық жерлердің шұрай­лылығын, аң мен құстың жыртылып-айырылатынын сүйсіне суреттейді. Қарқара өңірі ежелден-ақ төрт түлік малға толы. «Аясы аз ғана Қарқара жазығы иін тірескен малдан бет-жүзін көрсетпейді. Қаптап басқан тұяқтан қабырғасы қайысып тұншыққандай», – деп жазады осы өңірді 1927 жылы көзімен көрген заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов өзінің «Қилы заман» повесінде. Тоғыз жолдың торабы болған сұлу өлкеге Ресейдің Еділ мен Ертіс бойындағы қалаларынан, Орта Азиядағы Хиуа, Бұхара, Самарқанд, Ташкент, Құлжа, Қашқа­риядан келген сауда­герлердің таңғалмағаны жоқ шығар. Осындағы 1916 жылғы ереуіл қазақ тарихында «ұлт-азаттық қозғалысы» делінгенімен, халық Мұхтар Әуезовтің сөзімен «Албан көтерілісі», «Қарқара көтерілісі» деп айтады. Ұлы жазушы 1927 жылғы жазда Қарқара өзенінің бойындағы қай араға киіз үй тіккізіп, «Қилы заманға» деректер жинады екен?.. Әттең, білу қиын. Білсек, неге бір белгі қоймасқа?! Қарқара жазығы – албан руының құт-берекелі жайлауы, кешегі бабаларымыздың азаттық жолындағы қаны тамған жер. Бүгін де қуат-күшін жоймай, құлпырып, өткеннен сыр бермей тұр. Қарқара жазығында не көп, төбелер көп. Тау етегіндегі мидай жазыққа осы тақиядай дөңгелек обалардың өз бетімен пайда болмағандығы, адам қолымен жасалғандығы айдай ақиқат. Ел аузында олар туралы әртүрлі әңгімелер мен аңыздар бар. Жаугершілік заманда қазақтар жауына қарсы шабар алдында әр әскерге бірден тас алғызып, үйгізіп, сол тас үйіктің көлеміне қарай қолының санын білген. Жорықтан оралғанда соның қатарына қайта тас үйгізіп, шығынын анықтап, өлгендерге бағыштап құран оқыған десе­ді. Қарауыл қарайтын төбе мақсатында да тас жинаған деп  айтады. Бүгінде олардың үстіне шөп шығып, шым басып кеткен. Қарқарада болғандар осы төбелерге бір шықпай кетпейді. Обалардың үстінен атақты жайлау тым әсем болып көрінеді. Батыр бабаларымыздың жиналып бас қосқан жері сол төбелердің біреуі екені белгілі. Бірақ, оның дәл қайсысы екенін кезінде ешкім дәл тауып бере алмады. 80-жылдары кеңшар директоры болғанда тұр­ғылықты қариялардан сұрас­тырғаным бар. Олардың да білетіні болмай шықты. Өзім әркез осы төбелердің жанынан өткенде үстінде қолына желбіретіп қызыл жалауын ұстап, 20-жылдары бабалар рухына бас иіп, елді ерлік пен бірлікке шақырып тұрған өңір басшысы Ораз Жандосовтың бейнесін көргендей болатынмын. 1926 жылдың тамыз айында Қарқара көтерілісінің он жылдығы қарсаңында сол кездегі ел астанасы – Қызылорда қаласынан атақты Қаллеки, Қалибек Қуа­нышбаев пен  әнші Әміре Қа­шаубаев бастаған, құрамында Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Иса Байзақов сынды таланттар бар бір топ өнер саңлақтары Ораз Жандосовпен ілесе келіп, жәрмеңкеге жиналған халық алдында өнер көрсетіпті. Осыдан аз кейін мұнда Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіров те болып, 1916 жылғы көтеріліс қаһармандарымен кездескен. Сонда қазақтың жезтаң­дай әншісі Әміре Қашаубаев кең жайлауды жаңғыртып ән шырқапты. Содан болар, Қарқара жәрмеңкесінің орны маған үлкен театр сахнасындай көрінеді де тұрады. Театр демек­ші, 1984 жылдың жазында ауданға Абай атындағы опера және балет театрының әртістері гастрольге келді. Үлкен операның ауыл сахнасында өнер көрсетуі алғаш рет екен. Әрине, мұндай классикалық өнерді далаға алып шығу оңай жұмыс емес. Соған қарамастан, театр ұжымы бір кездегі Қарқара жәрмеңкесінің орнына «Қыз Жібек» операсын қоюға келісті. Жайлаудың қақ ортасына кең сахна орнатып, қазақ үйлер тіккіздік. Театр ұжымын басқарып келген КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен оның әнші қызын жеке он екі қанат киіз үйге орналастырдық. Операны көруге төңіректеп отырған аудан шаруашылықтарының малшылары мен пішеншілері, диқан-механизаторлары қарақұрым болып жиналды. Сөйтіп, Қарқара жайлауы бейнебір үлкен театрға айналды. Келесі жылы КСРО Халық әртісі, атақты композитор Нұрғиса Тілендиев те өзінің «Отырар сазы» оркестрін алып келіп, сол сахнада үлкен концерт берді. Нұрғиса ағамыз аудан орта­лығы Кеген ауылының Мәде­ниет үйінде өткен концертінен кейін қонақүйде қонып, Ал­матыға қайтқалы жатыр екен. Демалып жатқан бөлмесіне кіріп сәлем бердім. Біраз отырып әңгімелескеннен кейін Қарқара жайлауына қонаққа шақырдым. Нұрекең: «Інім, қалаға қайтуымыз керек, жоспар солай еді», деп темекісін біраз сорып отырды да: «Жарайды, Қарқараға барсам барайын. Талай мықтылардың аяғы тиген даңқты жер ғой. Әміренің сонда ән шырқағанын бүкіл қазақ  білмей ме?! Балдай қымы­зын да сағындым. Барам, дайындала бер», – деп келісімін берді. Ағаның келісімін алған соң Қар­қара өзенінің жағасына қазақ үйлер тіктік, халық көп жиналды, кешкісін дала сахнасында Нұрғиса ағамыздың оркестрі жайлау төсін әнге бөледі. Көптің алдында Нұрекеңнің астына ат мінгізіп, үстіне шапан жаптым. Концерт соңынан түннің жарымына дейін өзіне арналып тігілген қазақ үйде отырып, ұзақ әңгімелестік. Таулы өңірдің түні салқын. Ағамыз жау­рамасын деп көлігімде үнемі жү­ретін қысқа қара тонымды жүр­гізушіме алдырып, арқасына жауып қойдым. Нұрекең салқын, таза ауадағы қазақ үйде өз қалауы бойынша қонатын болды. Қара тоныма ерекше ризашылық білдіріп, тоңбайтынын айтып балаша мәз болды. Кеген аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшылығына сайланған алғашқы жылым Қарқара көтерілісінің 70 жыл­дығы­на дайындықпен тұспа-тұс келді. Қазақтың ұлан-байтақ жерінің түкпір-түкпірін қамтыған ұлт-азаттық қозғалысының же­текші рөлін кезінде Кеңес өкіметі батыс пен орталық және солтүстік Қазақстандағы көтерілістерге беріп, қалғандарын соның шарпуы деп келгені ақиқат шындық болатын. Ал Жетісудағы Қарқара көтерілісі тек албан руына тән ереуіл қатарына жатқызылып, тасада қалып келді. Көте­ріліске қазақ, қырғыз, ұй­ғыр, дұнған халықтарының бір­тұтас Қазақ елі болып бірігіп атсалысқаны Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романы шыққанша ашылмады. Адам қырғыны Қарқарада республиканың басқа өңірлеріндегі шығыннан әлдеқайда көп болған. Қатты қысымнан ел ыдырап, қудалауға түскендер бас сауғалап амалсыздан Қытай асып кеткен. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 20-жылдар ортасында-ақ Қарқара көтерілісін таңдап алып, өзінің өлмес шығармасына арқау етуі осы бас көтерудің ел өміріндегі маңызын айқын аңғартып тұр емес пе?! 1926 жылдың шілде айында Қазақстан өлкелік партия ко­митетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Ораз Жан­досов көтерілістің он жылдығына орай осында келген сапарында Қарқара құрбандарының қаны төгілген жерге жәрмеңкеге жиналғандарға тас үйгізіп, белгі қойыпты. Оны «Ереуілтөбе» деп атап, ескерткіш қоюды болашақ ұрпаққа аманаттапты. Осы дерек көкейімнен шықпай жүруші еді. 80-жылдардың ортасында оны орындаудың сәті енді келгендей көрінді. Аудандық партия комитетінің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысының 70 жыл­дығын лайықты атап өтуге байланысты дайындық шараларын қарадық. Бұл жөнінде арнайы бюро қаулысын қабылдап, ұйымдастыру комиссиясын құрдық. Оның жұмысын аудан­дық партия комитетінің екінші хатшысы Марат Тақабаев басқаратын болды. Ереуілтөбеге кө­теріліс құрбандарының ерен ерлігі мен халықтың қаһармандығын бей­нелейтін ескерт­кіш орнатуға келістік. Мек­тептерде М.Әуезовтің «Қилы заман» шығармасы бойын­ша оқушылар конференциясын өткізу, көтеріліс оқиғаларын бе­йнелейтін фотостендтер жасау, онда оның батырларының суреттерін іліп қою қолға алынды. Аудандық газетте көтеріліс және оның қаһармандары туралы әңгімелер, ол жөнінде білетін адамдардың естеліктері басыла бастады. Орталық мәдениет үйінде ақындар айтысын ұйымдастырып отырдық. Ауылдарда 1916 жыл құрбандарының ұрпақтарымен кездесулер өтіп жатты. Қарқара жазығындағы көп төбелердің арасынан Ереуілтөбені табуды ауданымыздың құрметті қариялары, атақты репрессия құрбаны Ыдырыс Көшкіновтің інісі Әуезхан Көшкінов, Қанәділ Әбдікәрімов, Әділхан Зықаев және аупарткомның үгіт-насихат бөлімінің бастығы Амангелді Бұқабаев мойындарына алды. Әуезхан аға мен Қанәділ аға жәр­меңкедегі оқиғаны өз көздерімен әкелерінің жетегінде жүріп көр­ген екен. «Онда жеті жасар бала едік, оқиға еміс-еміс есі­мізде. Бірақ орнын ұмытып қалыппыз. Ұмытатындай да болды ғой, заман неше өзгерді», – деп толғанды жарықтықтар. Олар бір ай кө­лемінде іздеп, ақыры төбені анықтап берді. Басқаларының топырағы ескірген, төбелері түс­кен, шымы қалың, тастары тереңде жатыр. Осыған қарағанда мұндай обалар ертедегі сақтар заманы мен жоңғар-қалмақтармен айқастарға тура келетін сияқты. Оларға ұқсамайтын, еңселі, үйген тастары анық, жәрмеңкенің тұрған орнына ең жақыны осы Ереуілтөбе болып шықты. Көтерілістің 70 жылдық дайын­дығына байланысты шараларды бастап кеткенімізді облыстық партия комитетінің идеологиялық мәселелер жөніндегі хатшысы Зәуре Қадыроваға хабарладым. Ол: «Меңдібаевқа шығып, рұқсатын алыңыз», дегеннен басқа жөнді ештеңе айта алмады. Жоғарыда отырған басшылардың алдына мәселе қою да жеңіл шаруа емес. Бірі түсінсе, бірі түсінбейді. Алдына шығып кеткенді жек көретіндері де бар. Тек өздері ғана айтуы керек сияқты. Айтқанының бәрін мүлт жібермей орындағанды жақсы көреді. Не де болса көрейін деп Алматыдағы кезекті жиналысқа барғанымда, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Марат Меңдібаевқа осы мәселемен арнайы кірдім. Менің айтқанымды ол құптамады. «Ұлт-азаттық қозғалыс солтүстік пен орталық өңірлерде болған, солар атап өтетін шығар. Келесі жылы Қазан төңкерісінің 70 жылдығы. Біз соған жан-жақты дайындыққа кірісуіміз керек», – деп ойымызды тоқтатуды талап етті. Қысқасы, «теңіздің түбінен бұлақ қазба» дегенге келтірді. Обком тоқтат дейді, біз болсақ ел-жұртқа айқай салып бастап кеттік. Сонда не болады? Мұндайда не істеу керек? Осындай оймен бас қатырып, толқумен жүргенімде ауданға жұмыс бабымен Өзбекәлі Жәнібеков келіп қалды. Өзекең Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының идеологиялық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметінде болатын. Екеуміз аудандық партия комитетінде жеке отырып әңгімелестік. Өз ойымды, обком басшыларының пікірін тыңдаған Өзекең істелініп жатқан шараларды қуана құптады. Қарсыластарды айналып өтудің қауіпсіз жолдарын табу керектігін айтты. «Онша даурығудың қажеті жоқ. Солар айтқандай, 1987 жылы болатын Қазан төңкерісінің 70 жылдығына дайындықтың бір шарасы тұрғысында жүргізе бер. Өз жұртың мақұлдаса болғаны», – деген кеңес берді. Ескерткішке қатысты дайындықты биыл жасап, келер жылы елде болатын үлкен дүбірмен қабаттастырып қойып жіберуге келістік. Өзекең ескерткіш тасқа орнатылатын жазуы бар белгіні Алматы ауыр машина жасау зауытында шойыннан құйдырып әкеліп беруді мойнына алды. Кейін солай етті де. Қайран Өзекең-ай, жаны жайсаң жан, нағыз ұлт жанашыры еді. Жүрген жерінде халқымыздың жоғын жоқтап, өлдіге айналған әдет-ғұрыптарын тірілтіп, өшкен мәдениетін жаңғыртып, озық санасын баянды етіп жүретін аса зерек адам-тын. Өзекең келіп кеткеннен кейін тәуекелге бел байладық, шараларды одан әрі батыл жүргізе бердік. Өзім бас болып, аудандық партия комитетінің қызметкерлері қолдарына құрал-саймандарын ұстап, демалыс күндері төбені ескерткіш орнатуға дайындай бастадық. Оған Гүлнәр Нұриева басқарған ауданның комсомол жастары қосылды. Өңір кәсіп­орындары мен мекемелері де қарап жатпады, топ-тобымен келіп, жұмысқа қызу кірісіп кетті. Орман шаруашылығы қызметкерлері өз күштерімен Қарқара көтерілісі батырларына арналған мұражайды ағаштан қиып салып берді, төбе­нің айналасына шырша ағаш­тарын отырғызып тастады. Аудан­дық электр жүйесі кәсіп­орны аз уақыттың ішінде ол жерге жаңа желі тартып, жарықпен қамта­масыз етті. Жол жөндеушілер болса Қарқара ауылынан тауарлы-сүт ке­шеніне дейін барған жолды жал­ғастырып, Ереуілтөбеге жеткізді. 1986 жылдың күзінде Қарқара ұлт-азаттық көтерілісіне арнап аудандық мәдениет үйінде ғылыми-теориялық конференция өткіздік. Оған ғалымдарды, қоғам қайраткерлерін, жазушыларды, көтеріліске қатысқан батырлардың ұрпақтарын шақырдық. Ғалым­дарды жерлесіміз академик Кеңес Нұрпейісов, қоғам қайраткерлерін Сейдәлім Тәнекеев, жазушыларды Шерхан Мұртаза, ал батырлар ұрпақтарын көтеріліс қаһармандарының бірі Қазбек Шорманұлының баласы Инаш Шорманов ақсақал бастап келді. Әдеттегідей орталық алаңдағы В.И.Лениннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, конференцияға жиналғандар артынан Ереуілтөбеге бардық. Ораз Жандосовтың 1926 жылғы дәстүрін қайталап, жиналған жұртты бастап қолыма ту ұстап, төбеге көтерілдім. Со­ңым­­нан еріп жиналғандар да солай істеді. Төбе үстінде жалынды сөздер айтылды, бабалар антына берік болуға серт берістік. Ертеңінде ауданның Алғабас жылқы зауытының ипподромында ұлт-азаттық қозғалысының 70 жылдығына арналған үлкен мереке өткіздік. Аудан шаруашылықтары қазақ үйлерін тігіп, ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің күзгі сауда жәрмеңкесін ұйымдастырды. Қазақтың ұлттық мәдениетін бейнелейтін көрмелер қойылды. Жиналғандар алдында академик Кеңес Нұрпейісов «Қазақ жерінде болған ұлт-азаттық қозғалысы және Қарқара көтерілісінің маңы­зы» деген тақырыпта баяндама жасады. Жазушы Шерхан Мұртазамен 1926 жылы осындағы аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметінде болған Кәрібай Мерекеев сөз сөйледі. М. Әуезов атындағы академиялық театр әртістері «Қилы заман» пове­сінен көріністер қойды. Артынан өнер шеберлерінің концертін, көк­пар, қыз қуу ойындарын тама­шаладық. Келер жылы елімізде Қазан төңкерісінің 70 жылдығына дайын­дық қызу басталып кетті. Осыған байланысты кең ауқымды шаралар жасалды, жаңа бастамаларға жол ашылып, мерекелік науқанға кірісіп кеттік. Жер-жерлерде жаңа ескерткіштер орнатылып жатты, ескілерін жөндеп, ретке келтіруге орталықтан арнайы нұсқау алдық. 70 жылда жеткен жетістіктеріміз сараланып, саяси тұлғалардың ат­тары кеңінен атала бастады. Дәл осы қолайлы сәтті пайдаланып, Ереуілтөбеге байланысты ша­ра­ла­­рымызды үдете іске асыра бас­тадық. Атап айтқанда, күзгі жиын-терін қызу жүріп жатқанда Қазан төңкерісінің 70 жылдығына байланысты шаралар қатарында Қарқара көтерілісінің құрбандарына арнап Ереуілтөбеге ескерткіш орнаттық. Бұл қасиетті де қастерлі шараны ашу салтанатына көтеріліс батырларының Нарынқол, Кеген, Ұйғыр аудандарында тұратын ұрпақтарын, Алматыдан көптеген қонақтарды шақырдық. Төбедегі мұражайға атақты саяхатшы Ш.Уәлихановтың осы өлке туралы жазған тарихи деректерінен, М.Әуезовтің «Қилы заман» повесі мен І. Жансүгіровтің «Жетісу сурет­тері» атты өлеңдерінен үзін­ділер жазылған көркем стендтер, көтеріліс батырлары Ұзақ Саурықұлы мен Жәмеңке Мәм­бетұлының портреттері, 1896-1926 жылдардағы Қарқара жәрмеңкесі тіршілігін бейнелейтін материалдар қойылды. Қонақтар мен ескерткіштің ашылу салтанатына жиналғандар мұра­жаймен танысты. Көтеріліс батырларының ұрпақтары көз­де­ріне жас алып, тебі­реніп, алғыстарын айтып, риза­шылықтарын білдіріп жатты. Арты тойға айналып кетті. Ереуілтөбе – ұрпақтар тағдыры тоғысқан өңір. Осындағы езілген халықтың орыс империясының отаршылдық саясатына деген ыза-кегінің ақтарылған жері. Ескерткіш – тарихи мұра, ел бірлігінің, тұтас­тығының, бейбіт өмірдің символы. Ол қазақ хал­қының атамекені үшін намыс күшімен патша өкіметіне қарсы тұрған жанқиярлық ерлігінің көрінісі Қарқара көтерілісі бүгінгі тәуелсіздігіміздің тұнық бастау­ы, азаттығымыздың аңсаған туы. Сол байрақты туымыз әлем көгінде желбірей берсін дегеннен өзге тілек жоқ. Бексырға ДАНЫШПАНОВ, өлкетанушы, еңбек ардагеріАлматы облысы, Райымбек ауданы Суретте: Ереуілтөбедегі ескерткіш