Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл байлық ел үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Ассамблея Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда ҚХА қызметінің бірқатар өзекті мәселелері қаралды. Кеңейтілген отырыс барысында Ұлт Жоспарының «Бірлік пен бірегейлік» бағытын, соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің жаңа салаларын ҚХА аясында жүзеге асыру және ҚХА депутаттық корпусы алқасы қызметінің негізгі бағыттары мен бірқатар ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. Кеңейтілген отырыста сөз алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының Ұлт Жоспары шеңберіндегі тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша айта келіп, Ассамблея Кеңесі мүшелерінің және этномәдени бірлестіктердің жүргізіп жатқан жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Г.Әбдіқалықова ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде өтетін ҚХА XXIV сессиясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» атты күн тәртібі Қазақстанды жаһандық трансформация мен экономикалық турбуленттік кезеңінде табысты дамытудың шарты ретінде бейбітшілік пен келісімді нығайтудың маңыздылығын көрсететінін айтты. Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық деңгейде үлкен беделге ие екендігіне тоқталды. Бұған Елбасының Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жария еткен жаңа сыртқы саяси бастамасы – «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі дәлел болмақ. Маңызды құжат халықаралық тұрғыдан кең серпіліс туғызып, БҰҰ-ның ресми құжаттарының тізбесіне енді. Мемлекеттік хатшы бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту жөніндегі барлық жұмыс қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының үйлестіруі арқылы жүргізіліп жатқанына тоқталды. «Реформа аясында «Бірегейлік пен бірлік» бағыты бойынша Ассамблея қызметінің жаңа бағыттары – қайырымдылық шаралары, медиация, қоғамдық мониторинг қалыптастырылды. Олар мемлекет пен қоғамның бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешу ісіне азаматтық тұрғыдан қатысуды тиімді қамтамасыз етеді», – деп атап көрсетті Мемлекеттік хатшы. Ассамблея Кеңесінің кеңейтілген отырысында сөз алған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту жолындағы атқарып жатқан қызметі туралы баяндады. Бүгінде Солтүстік Қазақстанда 24 облыстық және 154 аудандық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Облыстағы «Қоғамдық келісім» бірлестігі этномәдени бірлестіктер арасындағы байланысты нығайтуға қызмет етіп келеді. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға, қазақстандық этностардың тілдік болмысын сақтауға және өркендетуге ықпал етеді. Басқа ұлттардың өкілдері ретінде 542 бала ана тілін оқып-меңгеруде. 2012-2013 оқу жылында қазақ балаларының 65,6 пайызы ана тілінде білім алатын болса, биылғы оқу жылында бұл көрсеткіш 67,2 пайызға жетті. Сол сияқты, басқа ұлт өкілдерінің ішінен 273 бала қазақ сыныптарында білім алады. Қысқасы, солтүстікқазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасы артып отыр, деді Е.Сұлтанов. Беларусь этномәдени бірлестігінің төрағасы Леонид Питаленко Ассамблеяның ауқымды жобасы «Үлкен ел – Үлкен отбасы» аясында атқарылған шараларға тоқталды. Қазақстандық бірегейлікті және азаматтардың бірлігін нығайтуға бағытталған төртінші институттық реформаны жүзеге асыру бойынша этномәдени бірлестіктерге үлкен үміт пен жауапкершілік жүктелетіндігін білдірді. Сондықтан да этномәдени бірлестіктер «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы негізінде жастардың бойында қазақстандық патриотизм мен азаматтық бірегейлікті қалыптастыруды өзінің алдыңғы кезектегі міндетінің бірі ретінде санайтындығын ерекше атап көрсетті. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай «Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстанның көпэтностық қоғамының қалыптасу тарихы» залының таныстырылымы төңірегінде әңгімеледі. Облыс әкімдерінің көмегімен Ұлттық музей елдің тарихи деректі-жылнамасын жасап шықты деп айтуға болады. Жаңа зал экспонаттары Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуының алғашқы кезеңінен өскелең ұрпаққа толыққанды ақпарат береді. Ұлттық музей ұйымдастырып отырған мұндай шаралар еліміздің басты құндылықтары мен жетістіктерін музейге келушілерге паш етеді, деді Д.Мыңбай. Д.Мыңбай айтқандай, кеңейтілген отырыс аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы берген тапсырмаға орай құрылған «Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстанның полиэтностық тарихы» атты залдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының бет-бейнесі болып табылатын бұл залда Қазақстан халқының тарихи жадынамасы мен рухани-мәдени мұрасы сақталады. Сондай-ақ, кеңейтілген кеңеске қатысушылар «Тәуелсіздік тарихы: қазақстандық даму жолының қарқыны» деген тақырыптағы көрмемен, ҚХА депозитариясымен танысты. ҚХА Кеңесінің қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық келісімді одан әрі нығайту және дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Ассамблея Кеңесінің жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік орталық және жергілікті атқарушы органдардың жетекшілері, республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің, аймақтық Ассамблеялар хатшылықтарының, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Кеше
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Кеше
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Кеше
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Кеше