Бес институттық реформаны іске асыру бойынша Ұлт Жоспарын орындау үшін 2015 жылғы қарашада «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылданды, ол ұлттық ресурстардың тиімді басқарылуын арттыру жолындағы жаңа деңгейді білдіреді.
Заң және оны іске асыру үшін қабылданған 30-дан аса нормативтік құжаттар мемлекеттік қаржылық бақылауды (аудитті) дамытудың шетелдік тәжірибесін зерделеу және қаржылық бақылау органдары қызметінің сапасын арттырудың тиімді құралдарын Қазақстанның құқықтық алаңына имплементациялау бойынша Үкімет пен Есеп комитетінің ауқымды бірлескен жұмысының қорытындысы болып табылады.
Ұлттық ресурстарды ұтымды пайдалану, қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін оларды сақтау және көбейту мақсатында, заңда қазіргі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының материалдық және адам ресурстарын шоғырландыруға ерекше мән берілген.
Мемлекеттік аудитке көшу мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы бағытты, яғни формальды түрде айқындаудан бюджет тәртібінің төмен болуына ықпал ететін себептерді тереңінен талдауға ауыстыруды қамтамасыз етті. Мұндай көзқарас бақылау органдарын жазалаушы құрал ретінде емес, «сырттан қарағанда, өзіндік пікірі қалыптасқан» тәуелсіз аудиторлар, яғни бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін тиімсіз және негізсіз пайдаланудың алдын алудағы көмекшілер ретінде қарауға мүмкіндік береді.
Заң жылдар бойы қолданылып келе жатқан қаржылық бақылау жүйесін жоя алмайды. Заң қолданыстағы кемшіліктерді жою және жеке компаниялардың аудиторлық қызметінің құралдарын мемлекеттік секторды басқару негізіне үйлесімді сәйкестендіру жөніндегі жүйелі шараларды қамтиды.
Ағымдағы жылдан бастап, мемлекеттік аудит органдары жаңа қағидалармен және тәсілдермен жұмыс істеуде, бұл ретте өз жұмыстарын орын алған қаржылық бұзушылықтармен күресуден олардың себептерін анықтап, алдын алуға мүмкіндік беретін ұсынымдар әзірлеуге және мұндай бұзушылықтарды түбегейлі жоюға бағыттап отыр.
Мемлекеттік аудитті енгізу жағдайында орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың барлығында құрылып жатқан ішкі аудит қызметтерінің рөліне баса мән берілген. Бүгінгі таңда ІАҚ саны 426 қызметкерді (соның ішінде ОМО – 176, ЖАО – 250) құрайды.
ІАҚ мемлекеттік аудит органдары жүйесінің негізгі күші сияқты, құрылымдық тұрғыдан алғанда, дербес және басқа бөлімшелерге тәуелсіз. Бұл мемлекеттік органның ішінде жүргізіліп жатқан үдерістердің тиімділігін, еңбек, материалдық және қаржы ресурстарының ұтымды пайдаланылуын бақылау мен бағалауда бірінші басшыға көмекші құрал болады. Бірінші басшы ішкі аудит қызметтері жұмысының арқасында стратегиялық міндеттерінен ауытқымай, өзі жүргізіп жатқан саясатты түзету, оған ведомстволық бағынысты ұйымдар мен мекемелердегі бұзушылықтардың жолын кесу жөніндегі шараларды уақытылы қабылдай алады.
Заң күшіне енгеннен кейін ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, бюджет қаражаты мен активтерді пайдаланудың дұрыстығы мен тиімділігі мәніне оларды қамтуды бір мезгілде ұлғайта отырып, аудит объектілеріне әкімшілік жүктемені төмендету мақсаты қойылды.
Қабылданған өзара іс-қимыл шеңберінде Есеп комитеті, Қаржылық бақылау комитеті және тексеру комиссиялары ағымдағы жылға арналған аудит объектілерінің тізбелерін бекіту кезінде қоғамда қалыптасқан қаржылық органдар арасында аудит объектілерін формальды бөлу стереотипін бұзуға тырысты. Бірдей мәселелерді тексеруді барынша жоққа шығаратын, жұмыстың функциялық бағыттарының аражігін нақты ажырататын тетік қолданылды.
Бүгінгі күні аудит жағдайында біз көбінесе осы мәселе бойынша ортақ жайттарды табамыз, жүргізілген аудит нәтижелерімен және тексеру жоспарларымен алмасу жолға қойылды. Нысанға бір уақытта шыға отырып, бірлескен және қосарлас іс-шараларды жүргізу жөніндегі жұмыс күшейтілді. Осылайша, аудит органдарының бірінен соң бірі бару тәжірибесі жойылды.
Заңға сәйкес сыртқы аудит те, ішкі аудит те әдіснамасы мен үйлестірілуі Есеп комитетіне бекітілген тәуекелдерді басқару жүйесін ескере отырып, жоспарлаудың бірыңғай қағидаттары мен тәсілдеріне негізделеді. Тәуекелдерді басқару жүйесі (бұдан әрі – ТБЖ) халықаралық тәжірибеде көпшілік секторда да, жеке секторда да кеңінен қолданылады және капиталды басқарудың тәуекелді үдерістеріндегі тексерулерді жүйелеуде өзін көрсете білді. Тиісті нормативтік құжаттар Әділет министрлігінде тіркеліп, барлық мемлекеттік аудит органдарының ағымдағы қызметіне енгізілді.
Осындай құралы болған мемлекеттік аудит органдары құқықтық және экономикалық көзқарас тұрғысынан негізсіз шешімдер қабылдау ықтималдығы жоғары бағыттарды қадағалай алады. Осылайша, аудит объектісінің қызметіндегі жолға қойылған әрі тиімді үдерістерге көңіл бөлмей, басқару менеджментіндегі ықтимал жағымсыз салдарларды азайта алады.
ТБЖ аудит мәнін таңдаудың объективтілігі үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, олардың ведомстволық бағынышты мекемелері және квазимемлекеттік сектор субъектілері көрсеткіштерінің барынша көп мөлшерін қамтиды, бұл ретте мемлекеттік аудит органдарының ерекшелігі мен функциялық бағытын жоққа шығармайды.
Бірінші тоқсан өткен соң осы кезең ішіндегі барлық аудиторлық тексерулер нақты мәселелерге шоғырландыру үшін тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде жоспарланғанын, олардың қайталануы барынша жойылғанын, аудит объектілеріне әкімшілік жүктеме төмендегенін сеніммен айтуға болады.
Біздің Үкіметпен бірлескен ортақ күш-жігеріміз мұнымен аяқталмай, жұмыс жалғасуда. Тексерулерді азайту үшін Есеп комитеті ағымдағы жылғы наурыз айының соңында аудит нәтижелерін тану жөніндегі ресімдік стандарт әзірлеп, Әділет министрлігіне тіркеуге жіберді.
Ресімдік стандартта тиісті органдардың сараптамалық-талдау және аудиторлық қызметінің нәтижелерін міндетті түрде өзара тану, бір-бірінің жұмыс нәтижелеріне құрметпен қарау тетігі көрсетілген.
Шетелдердің мемлекеттік бақылаудың (аудиттің) жоғары органдарының объективті орындылығы мен тәжірибесіне сүйене отырып, ағымдағы жылдан бастап Есеп комитетінің қызметінде сараптамалық-талдау қызметіне және заңмен көзделген алдын ала, ағымдағы және кейіннен бағалауға баса назар аударылды.
Дәл осы республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалау институты басты жаңалық болып табылады. Оны бюджеттің шығыс бөлігіне негізсіз, дәйексіз және сабақтастығын сақтамастан Үкіметтің салған қаражат бағыттары мен көлемдерін азайту үшін сыртқы мемлекеттік бақылау (аудит) органдарының басым бөлігі қолданады.
Есеп комитеті алдын ала бағалауды 2017 жылдан бастап нәтижелері бойынша Үкімет пен Парламентке ұсынылатын қорытынды ұсыным сипатындағы, анық айқындалған өлшемшарттар негізінде шығыстардың негізгі бағыттарына қатысты жүзеге асырады деп көзделуде.
Есеп комитетінің пікірінше, мұндай бағалау тек жекелеген инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде олардың бұрын анықталған бұзушылықтары мен нәтижесіздіктерін ғана ескермей, сонымен қатар мұндай жобаларды қалыптастыру сатысында олардың негізділігіне және экономикалық орындылығына сараптауды жүзеге асыратын уәкілетті органдар мен ұйымдар жұмысының тиімділігін бағалау негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Тек осындай кешенді тәсіл ғана мемлекет қаражатын әлеуетті маңызды бағыттардан бұрып әкетуді барынша азайта отырып, бюджетті жоспарлау деңгейіне және дайындалатын жобалар сапасына жауаптылықты арттырады.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмысындағы бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөнінде енгізілетін ұсынымдардың тиімділігін арттыру мақсатында, Бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт Жоспарының 93-қадамын іске асыру үшін мемлекеттік аудиторларға жүктелген міндеттердің сапалы орындалуына жауаптылықты бір мезгілде күшейте отырып, халықаралық стандарттарға жақындату арқылы оларға қойылатын талаптарды арттыру көзделген.
Есеп комитетінің базасында Мемлекеттік аудитор біліктілігін беруге үміткер кандидаттарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Оның құрамына Президент Әкімшілігінің, Парламент палаталарының, Үкіметтің, Есеп комитетінің және Қаржы министрлігінің өкілдері енгізілді. Ұлттық комиссияның бірінші отырысын ағымдағы жылғы мамыр айында өткізу жоспарланып отыр.
Қазіргі күнге сертификаттаудан өту бойынша негіз қалайтын нормативтік актілер бекітіліп, оқу бағдарламалары мен емтихан модульдері әзірленді. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жұмыс жасап жатқан қызметкерлері қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Болашақ мемлекеттік аудиторлардың білімдерін тексеру үдерісін қамтамасыз етуге байланысты техникалық мәселелер шешілгеннен кейін оларды сертификаттаудың белсенді кезеңі басталады. Жыл соңына дейін 2 000-ға жуық аудиторды сертификаттауымыз қажет.
«Мемлекеттік аудитор» атағы мемлекеттік қызметшінің жоғары біліктілік деңгейін куәландырып, оны үнемі өзін жетілдіріп отыруға және кәсіби дамытуға ынталандыруы тиіс. Ағымдағы жылғы наурызда жоғары оқу орындарының білім бағдарламаларына «мемлекеттік аудит» мамандығын енгізу бойынша Есеп комитетінің бастамасы табысты аяқталды. Осы жылдан бастап Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында студенттердің алғашқы тобын қабылдау жүзеге асырылады.
Есеп комитеті өткен жылдың желтоқсан айында Қаржы, Ұлттық экономика, Мемлекеттік қызмет істері министрліктерінің, Бас прокуратураның және тексеру комиссияларының жүйелерімен интеграцияланған ақпараттық жүйені енгізді.
Есеп комитетінің ИАЖ базасында құрылатын бірыңғай ақпараттық жүйе басқа мемлекеттік органдардың ведомстволық ақпараттық жүйелерінде қамтылған шағын деректерді тексеру үшін объектіге шығу тәжірибесін жоя отырып, аудит ресімдеріне жұмсалатын уақытты едәуір қысқартуға ықпал ететін болады.
Ағымдағы жылғы қаңтар айынан бастап Есеп комитетінің қызметкерлері ИАЖ-да аудитті жоспарлау мен жүргізуді қамтамасыз етуде. Болашақта ИАЖ-да жинақталған тәжірибе электронды, яғни қашықтықтан жүргізілетін мемлекеттік аудитке көшу үшін алғышарт болады.
Заң және оны іске асыру үшін қабылданған нормативтік құжаттар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында орын алған барлық жүйелі және ұйымдастырушылық олқылықтарды жоймайтыны сөзсіз.
Заңда қойылған мақсаттарға қол жеткізу мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қабылдап жатқан ұйымдастырушылық және функциялық шараларға ғана емес, нормалардың ерекшелігін қабылдау мүмкіндігіне және оны өмірде іске асыруға да байланысты.
Юлия ЭНГЕЛЬ,
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Заң бөлімінің меңгерушісі