2015 жылғы 30 наурыз, Астана қаласы
Міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең аз талаптарды бекіту туралы
«Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 20 қарашадағы Заңының 7-бабы 1-2) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең аз талаптары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бухгалтерлік есеп пен аудит әдіснамасы департаменті (А.Т. Бектұрова) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Министр Б.СҰЛТАНОВ.
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы
________________ Қ.Келімбетов
2015 жылғы 26 наурыз
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №231 бұйрығымен бекітілген
Міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең аз талаптар
1. Осы міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең аз талаптар (бұдан әрі – Ең аз талаптар) «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 20 қарашадағы Заңына сәйкес әзірленді және ұйымдарға міндетті аудит жүргізуге жіберілетін аудиторлық қойылатын ұйымдарға ең аз талаптарды белгілейді.
2. Ұйымдарға міндетті аудит жүргізу үшін аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар аудиторлық ұйым мынадай:
1) мүшесі аудиторлық ұйым болып табылған өткiзiлген сыртқы сапаны бақылаудың нәтижелері бойынша аудиторлық ұйымның халықаралық аудит стандарттары және Этика кодексі талаптарының сақталуын растайтын аккредиттелген кәсіби аудиторлық ұйымның қорытындысының бар болуы;
2) соңғы бір жыл ішінде «Әкiмшiлiк бұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі кодексіне сәйкес аудиторлық қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін салынған әкiмшiлiк жазаның болмауы ең аз талаптарға сәйкес келеді.
3. Ұлттық компаниялардың, ұлттық холдингтердің және ұлттық басқарушы холдингтердің міндетті аудитін жүргізу үшін аудиторлық ұйым Ең аз талаптарына қосымша мынадай:
1) аудиторлық ұйым басшысының аудиторлық қызметпен шұғылдану мерзімі кемінде 5 (бес) жыл болуы;
2) кемінде 10 (он) аудит жүргізілген субъектілердің халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкестігіне аудиторлық есептерінің болуы;
3) кәсіби бухгалтер сертификаты бар кемінде 2 (екі) маманның болуы ең аз талаптарға сәйкес келеді.
4. Қаржылық ұйымдардың және «Қазақстан Даму Банкi» акционерлік қоғамының міндетті аудитін жүргізу үшін аудиторлық ұйым осы Ең аз талаптардың 2 және 3-тармақтарында көзделген ең аз талаптардан басқа құрамында:
1) топ жетекшісі етіп тағайындалатын «аудитор» деген бiлiктiлiк куәлiгi және соңғы бес жылдың 3 (үш) жыл ішінде қаржылық ұйымдардың аудиті саласында жұмыс тәжірибесімен бірге аудиторлық біліктілік куәлігі бар маман;
2) бухгалтерлік есеп және (немесе) аудит саласында Certified Public Accountant (CPA), The Association of Chartered Certified Accountants (ACCA), The Chartered Institute of Management Accountants (CIMA), The Institute of Chartered Accountants in England and Wales (ICAEW) бірінде толық біліктігі бар, немесе соңғы бес жылдың 2 (екі) жыл ішінде қаржылық ұйымдардың аудиті саласында жұмыс тәжірибесімен бірге «аудитор» біліктігі бар кемінде 2 (екі) қызметкерінің болуы.
Қаржылық қызметтер көрсететін ұлттық компаниялардың, ұлттық холдингтердің және ұлттық басқарушы холдингтердің міндетті аудитін жүргізу кезінде осы тармақтың талабы қолданылмайды.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 29 сәуірдегі Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10875 болып енгізілді.