Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының Заречный кентінде өткен «Қайсар-2016» кешенді жаттығуын бақылады
Лаңкестік пен экстремизм әлемнің төрт бұрышында күтпеген жерден қауіп тудыратын ғаламдық қасіретке айналып барады. Тәуелсіз Қазақстан қорғаныс күштерінің мұндай қым-қуыт уақытта қалғып кетуге құқы жоқ. Жауынгерлердің шеберлігін шыңдап, батылдығын баптау ең алдымен білікті командирлер мен әскери оқу-жаттығу полигондарының заман талабына сәйкес жасақталуына тікелей байланысты. Заречныйдағы әскери шеберлік жаттығуы Қазақстан қарулы жасақтарының қызметтік жоспарына енгізілген жоба болатын. Мемлекет басшысы сондықтан да орайлы сәтте осында келді.
«Қайсар-2016» аталатын кешенді жаттығуға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Қалқан», Ұлттық ұланның «Бүркіт», Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар», Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан», Алматы қаласы ішкі істер департаментінің «Арлан» және Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлері қатысты. Ал Ішкі істер министрлігінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындық мақсатындағы бұл орталығының құрылысы 2014 жылы басталған. Құрылысқа тапсырысты Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы берген.
Қазақстан Ұлттық ұланы бас қолбасшысының орынбасары, полковник Мұхаметқали Сатов жаңа әскери-әдістемелік орталық туралы былай деді:
– Кәсіби жаттығу үшін жаңадан салынған бұл орталықтың жалпы ауқымы 208 гектар жерді алып жатыр. Осы жерде Қазақстандағы барлық күштік құрылымның жаттығуына ерекше жағдай жасалып отырғанын атап айтқым келеді. Біздің «Алғабас» деп аталатын арнаулы әскери-жаттығу алаңымызға ұқсас нысан әлемде АҚШ пен Иорданияда бар. Лаңкестікке қарсы ең озық жаттығу орталығы саналатын мұндай әскери кешен бұрынғы ТМД мемлекеттерінің бірінде де жоқ. Жаңа орталықта бір күнде 2 мыңнан астам жауынгер әскери жаттығу жасап, шеберлігін шыңдай алады.
...Алдымен аспан төсінде көк кеңістігін қақырата жарып дыбыстан жылдам екі әскери ұшақ өтті. Көп кешікпей полигон аумағындағы микрофондардан лаңкестік-экстремистік топ мүшелерінің екі бірдей полиция қызметкерін ажал құштырып, бір автобусты кепілдікке алғаны, енді бір топтың екі жеңіл көлікпен әуежайға жедел бет алғаны хабарланды. Нағыз майдан басталды. Ұтқыр күштер ойлы құрылған жоспарлары арқылы тез арада лаңкестердің жолын кесті. Тікұшақтар қауіпті аумақты айнала ұшып, броньды техникалар қашқындар көлігінің алдынан шықты. Пулеметтің ащы дауысы, ауыр зеңбіректің шу шығаратын арнайы снарядының дүмпуі полигон үстін әп-сәтте астан-кестең етті.
Екінші операция кезінде көп қабатты үйдің үстіне парашютсіз түскен жедел топтың жауынгерлері төмен қарай жасырын түрде арқанмен түсіп, қауіп-қатерге бас тікті. Кенет жердегі қуатты техниканың күшімен шулы снарядтардың қос-қостан атылуынан кейін жауынгерлер ғимаратқа төтеннен кіріп, лаңкестердің бір тобын ауыздықтады. Бұл кезде ауыл сыртында автобустағы кепілге алынған бейбіт азаматтар ешбір зардапсыз босатылған-тын...
Арнайы топтар мен әскери техниканың үйлескен қызметі арқасында жоспарланған барлық операция сәтті аяқталды.
Дәрінің иісі сейіліп, техниканың дауысы өшіп үлгерген сәтте сапқа тізіліп, алаңға жиналған жауынгерлік бөлімдердің алдына шыққан Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5572-әскери бөлімі мен Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасы 22750-әскери бөлімінің командирлеріне салтанатты түрде ар-намыс, айбын мен даңқ рәмізі саналатын Жауынгерлік туларды өз қолымен тапсырды.
– Құрметті генералдар мен офицерлер! Сержанттар мен солдаттар! – деп сөз бастаған Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев әрі қарай былай деді: «Бүгін біз арнаулы мақсаттағы жаңа Жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығын ашып, оның алғашқы әзірліген көріп отырмыз. Оған ұшқыштар мен десанттар, зеңбірекшілер мен арнаулы жасақ жауынгерлері қатысты. Сарбаздар жаттығу барысында шеберлік пен батылдық танытып, жақсы дайындықтарын көрсетті.
Мемлекет басшысы орталықта алғашқы жаттығуын өткізіп отырған жауынгерлердің өз ісіне жан-тәнімен машықтануы жас мемлекетіміздің мүддесіне қызмет ететінін атап көрсетті. Әлемнің әр түкпірінде болып жатқан лаңкестік әрекеттер мен Таяу Шығыстағы соғыс қимылдары жас Қазақ елінің қандай төтенше жағдай болса да төтеп беруге дайын болуы керектігін ескертеді. Қарулы Күштеріміз қай кезде де еліміздің Тәуелсіздігі мен жеріміздің бүтіндігін сақтауға, туған Отанымызды қорғауға әзір болуы тиіс. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан армиясы мен арнаулы жасақтарының жаңаша өсіп-өркендеу сатысына өткені, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында еліміздің жаңа мазмұндағы, жаңа тұрпаттағы қорғаныс күштері құрылғаны бүгінгі әскери жаттығулардың аясында шын мәнінде ерекше көрініс тапты, дей келе Елбасы былай деді:
– Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде әр кезде де әскери құрамға әлеуметтік жағдайы тұрғысынан қолдау көрсетіп келемін. Сіздердің міндеттеріңіз – еліміздегі бейбіт өмірдің тыныштығы мен келісімді сақтау болып табылады. Сіздер әрдайым Отан қорғауда жанын аямаған аға ұрпақтың абыройлы ісін жалғастырушы бола біліңіздер. Баршаңызды алда келе жатқан Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл да біздің Тәуелсіздігіміздің үлкен белгісі болып саналады. Ел іргесі әр уақытта бүтін, халқымыз аман болсын. Отан қорғайтын сіздер аман болыңыздар, – деді Президент.
Бұдан соң Жоғарғы Бас қолбасшы қызметте ерекше көзге түскен бірқатар әскери қызметшіге жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.
Ұлттық ұланның топ командирі капитан Нұржан Біләлов Жоғарғы Бас қолбасшыдан әскери тәртіп бойынша рұқсат сұрап, тілегін айтты.
– Жоғарғы Бас қолбасшы мырза! Бүгін біздің еліміздегі қаруластарым мен өз басым үшін ерекше күн болды. Біріншіден, біздер заман талабына сай жасақталған Әскери орталықты пайдалану құқына ие болсақ, екіншіден, Сіздің өз қолыңыздан пәтер кілтін алып отырмын. Бұл – мен және менің отбасым үшін үлкен абырой. Арнайы жасақтар атынан Сізге үлкен алғысымды білдіремін. Сапқа тұруға рұқсат етіңіз...
Әскери іс-шара жауынгерлердің салтанатты шеруімен аяқталды.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ