ресейлік кәсіпорында іске қосылды
Бұл жаңалық Еуразиялық Топ құрамына кіретін «ERG Service» АҚ филиалы – Павлодар машина жасау зауыты «ПМЗ» үшін жақсы өндірістік жетістік екені сөзсіз. Жүк көтеру қуаттылығы 22 тонналық жан-жаққа бұрылатын тіркемесі бар зауытта құрастырылған кранды (БТЭКК) «ВИЗ-Сталь» (Екатеринбург қ.) кәсіпорнына өткен жылдың қыркүйек айында жеткізіпті.
Зауыт негізінен металл құрылғылары мен әртүрлі технологиялық бағыттағы жүк көтеру жабдықтарын, кран техникаларын жасап шығарады. Кәсіпорын қызметінің жалпы бағыты көпірлі және тағанды крандар, грейферлер, металл құрылымдар өндірісіне арналған. Жүк көтергіштігі 140 тонналық, 50 тоннаға дейінгі крандарды жасайды. Бұған дейін локомотив, сондай-ақ, электровоз зауыттарына арналған да крандар дайындап шығарды. «ПМЗ» АҚ елімізде алғашқы рет жолаушылар вагондарына арналған «Тұлпар-Тальго» ЖШС үшін жүк көтергіштігі 20 және 40 тонналық екі трансбордерді дайындады. Яғни, рельсті бір жолдан қатарлас екінші жолға шығаратын арнайы құрал. Оларды жасау үшін зауыттың конструкторлық-технологиялық бөлім мамандары Испанияға барды, «Тұлпар-Тальго» ЖШС үшін әртүрлі бағыттағы 13 жүк көтергіш крандарды жасап шығарды. Ал «ERG Service» АҚ филиалы – Павлодар машина жасау зауыты өнімдерінің негізгі тұтынушылары – қайта өңдеуші, тау-кен өндеуші, мұнай-газ, металлургия және өнеркәсіптің басқа да салалары. Бұл күндері компанияда 400-дей адам еңбек етуде.
Кәсіпорын жүк көтергіш крандардың жобасын тапсырыс берушінің сұранысы бойынша жасайды. Ресейге жеткізілген жаңа кран «ВИЗ-Сталь» қоғамдастығына арнайы құрастырылып, жеткізілген төртінші кран көрінеді.
Ал жалпы, жергілікті өнертапқыштар құрастырып, зауытта жасалып шыққан павлодарлық кранның ерекшелігі – жан-жаққа бұрылатын құрылғысының өздігінен қосалқы редуктордың көмегімен басқарылып жұмыс жасайтындығында. Ресей кәсіпорнында іске қосылып, Қазақстанда жасалған кран сынақтан сәтті өтті.
– Сондықтан, біз жасап шыққан бұл алып қондырғы көп жыл жұмыс жасай алады. Кез келген кезде жөндеуге де ыңғайлы. Еңбек қауіпсіздігі сақталады, – дейді зауыттың бас конструкторы Леонид Шмуленсон.
Осындай өзіндік ерекшеліктері бар Ресей кәсіпорнынан жеткізілген крандар «Қауіпті өндірістік нысандардағы қауіпсіздік талаптары» (Ростехнадзордың 12.11.2013 ж. №553 бұйрығы) және «Электр қондырғыларын орнату ережелері» мен Кеден одағының техникалық мөлшерлемелік талаптарына сай келеді.
– Екіншіден, баға мен сапа тұрғысынан алғанда да сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті. Өйткені, зауыттың техникалық паркі жүйелі түрде жаңаланып, заманауи үлгідегі құрал-жабдық, қондырғылармен толығып тұрады. Жыл сайын жұмысшылардың, мамандардың білімін жетілдіру мен аттестаттау жүргізіледі, – деді зауыт директоры Леонид Белогривый.
Үшіншіден, кәсіпорын директоры айтқандай, зауыт еліміздегі көптеген отандық кәсіпорындарға жүк көтеру крандарын жасайды. Жергілікті үлесті арттыруға мүмкіндік беруде. Крандар «Қазцинк» ЖШС, «АрселорМиттал» АҚ, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС, «Қазақстан» темір жолы» ҰК» АҚ, «Кастинг» ЖШС сынды компаниялар мен ERG тобының кәсіпорындарында пайдаланады.
Мысалы, «Қазхром ТҰК» АҚ-пен 1,6 млрд. теңге сомасына жүк көтеру крандарын жеткізуге келісімшарт жасалды. Ақтөбе және Ақсу ферроқорытпа зауыттары үшін кран жасау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, былтырғы жылы «ПМЗ» АҚ Еуразиялық Топ құрамына кіретін «ERG Service» АҚ филиалы болып, жабдықтарды жөндеу бойынша тапсырыстар қабылдай бастады. «ERG Service» АҚ пен ERG-дің жөндеу жұмыстары жөніндегі директораты барлық жөндеу жұмыстарының жоспарларын әзірлеп, компанияға қарасты кәсіпорындар күшімен жасалатын жөндеу жұмыстарының түрлерін белгіледі. Және тек өзіне ғана емес, Еуразиялық Топ құрамына кіретін басқа да кәсіпорындар үшін де. Осылайша, жөндеу жұмыстары бойынша ERG кәсіпорындарынан 1,2 млрд. теңге көлемінде тапсырыс қабылданды. Қазіргідей экономикалық қиын кезеңде мұның маңызы ерекше екені анық. Нәтижесінде зауытта жөнделген анод ұстауыштар «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-та табысты қолданылып келеді. 2015 жылы «ПМЗ»-да 1,2 млрд.-тан астам теңге көлемінде өнім өндірсе, 2016 жылы бұл көлемді төрт есеге, яғни 4,6 млрд. теңгеге жеткізбек.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы