Халық «Жер-ана» деген даналықты жайдан-жай айтпаған. Ол адамзат баласының ең басты тіршілік көзі, мәңгілік асыраушысы. Жерге деген жанашырлықтың әрдайым бірінші кезекке қойылатыны да сондықтан. Біз бүгін жер қадірін білген тұлғалы азаматтарымыздың бірі, елімізге аты кеңінен мәлім «Родина» агрофирмасының бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван САУЭРДІ қысқа қайырым әңгімеге тартып, маман ретінде пікір білдіруін өтінген едік.
– Иван Адамович, жердің иесі де, киесі де болуы керек деген тәмсілдің астарында не жатыр?
– Мәселе бағалай білуде, аялай білуде. Адамзат жерден, топырақтан жаратылған деп жатамыз. Жөні бар. Бұл тіршіліктің де, мәңгіліктің де жөргегі. Сондықтан, сүйем жерге бағышталған сүйіспеншілік ешқашан сөнбеуі керек. Ал жоғарыдағы мәтелдің айтары көп. Қысқаша – иесі болу тәңірдің сыйы, үлкен жауапкершілік, киесі дегеніміз – шексіз қамқорлық. Жер-ана берекесіздікті, жалған көзқарасты көтермейді. Еңбегіне қарай өнбегі. Асылға бағалап, адал еңбек етсең, абыройың асады.
– Саясат та, күрес те, тартыс та жер үшін жүреді. Еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы ұстанымы жайлы айта отырсаңыз.
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы ұлықтау рәсімінде елім, жерім үшін жан аямай еңбектенемін деген қасиетті сөзді алдымен айтты. Айтқанын орындап та отыр. Шынтуайтына келгенде, біздің жеріміздің қазақстандық меншігі айқындалмаған еді. Орасан зор күш-қайрат жұмсап, шекарамызды шегендеді. Мұны ешқандай өлшемге келмейтін ерлік деуіміз керек.
Міне, енді жарқын үміттердің жолы ашылды. Көптеген жағдайлар бастан өтті. Қазақстандықтар шын мәніндегі меншік иесі екендігін сезініп, жер қатынастарына араласа бастады. Өтпелі кезең, дағдарысты түйткіл баршамызға сын болды, ширата түсті. Осы қиын сәттердің өзінде мемлекет әр адамның үлесін белгілей алды. «Көрпеге қарай көсілуді» де үйрендік. Пайымымызды ортаға салып, ырыздық қамын жасадық. Мұндайда біріккен жақсы. Олай етпегенде берекесіздік жайлайды. Күлген де, күндеген де емес, бір мысал айтайын. Біздің облыстың алақандай бір кеңшары 48 шаруа қожалығын құрғаны бар. Директоры көп ауыл ақыры жердің де, елдің де шырайын кетірді. Уақыттың қатал сабағы әлі де жүріп жатыр.
– Бұл сыннан сіздер қалай өттіңіздер? «Родинаның» аты ризашылықпен аталуының сыры неде?
– Сын жеңіл болған жоқ. Бұрынғы жүйе өзгерді, шаруашылығымыз бірнеше құрылымдық сатыдан өтті. Ары-бері сараптап көрдік, көтерер жүгімізді салмақтап алдық. Мұндайда ұжымдық көзқарас, ортақ жанашырлық түйінді түсіністікке бастайды. Мен бұл тұрғыда ауылдастарыма ризамын. Барымызды ортаға салып, қадамымызды коллегиялық түрде шешіп отырдық. Өмір өзгереді. Уақыт алға жылжиды. Соған байланысты көп нәрсе басқаша сипатқа ие болады. Өзгермейтін бір нәрсе бар. Ол – қолда барды ұқыптай білу, жанашырлықпен жұмыла жұмыс істеу. «Ынтымақ – ырысқа бастайды» дегеніміз осы. Қазір шаруашылығымыз 60 мың гектар егістіктің рекордты ырыздығын көріп келеді. Бізде гектар түсімділігі 28-30 центнерден төмендеп көрген емес. Ет пен сүттен де жетістігіміз еселене түсуде. Жайылымдық жерді күткеніміздің арқасы бұл.
– «Қарасаң – қарасады» дейді ғой халық. Жерге күтім мәселесіне тоқталсаңыз.
– Бұл ұзақ әңгіме, үлкен мәселе. Табысқа жетем деген кісі әуелі сол табысқа жетудің қыр-сырына қатысты дайындығын қамдайды. Жер жарықтық адамзат баласы жаратылғаннан бастап бір тынбай жұмыс істеп келеді. Оған иіліп құрмет көрсетіп, жайылып жастық болуымыз керек. Біз алдымен егістік мәлениетін көтеруді ойладық. Жер өңдеудің озық технологиясын оқып, үйрендік. Қанша қымбат болса да егістік пен шабындықтың ерекшелігіне сай минералды тыңайтқыштарды алдырдық. Он екі бірдей «АН-2» ұшағын сатып алғанда көрініп қалуды көздеген жоқпыз. Нағыз жер иесі жұмысты науқанға бөлмейді. Ол жыл он екі ай бойы ыждағаттылықпен жүргізілуі тиіс. Көріп жүргендер бар, біз егіні жинап алынған жердің бәріне іле-шала сүдігер жыртамыз. Ауыспалы егіс технологиясын қолданамыз. Қар тоқтатудың маңызын әлі ешкім жойған емес.
Сабыр мен байыптылық керек нағыз жер иесіне. Жалға беру мен сатудың арақатынасын пайымдаған жөн. Мәселе, жеріміздің қадірін біле түсуде болса керек.
Әңгімелескен
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы