02 Мамыр, 2016

МӘҢГІЛІК ҚАЗАҚСТАН – МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛСЫН!

1179 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
1 мамыр 1Алматы қаласындағы Астана алаңында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қала жұртшылығы мен қонақтарын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады – Қазақстан халқының Бірлігі күні баршаларыңызды, осындай көктемнің жаймашуақ әдемі күнінде шын жүректен құттықтап, бар жақсылықты тілеймін! Ба­ба­ларымыздан қалған «Бақыт қонып, қыдыр дарыған!» деген аталы сөз, қасиетті бата бар біз­дің халқымызда. Бұл – бірлігі жа­расқан, бейбіт күн кешкен бере­келі елге берген бағасы. Сол бір­ліктің арқасында ата-бабаларымыз ішкі-сыртқы жаулардан ұлан-ғайыр жерді сақтап, кескілескен ұрыстарда жанын аямай, қасық қаны қалғанша өз Отанын қорғап қалды. Бірліктің арқасында «Мемлекет боламыз!» деп ауызбіршілікпен қазақ хандығын құрды. Сол бірліктің арқасында біз Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Мінекей, ең алғаш Алматыдан басталып, күллі әлемге жарияланған Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын салтанатты түрде атап өтейік деп отырмыз! – деп өзінің салтанатты құттықтау сөзін бастаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, қала жұртшылығын ынтымақ пен бірліктің мерекесімен құттықтап, ширек ғасырлық жолды жүріп өткен егемен елдің шиырлы тағдырына аз-кем тоқталып өтті. 01-05-01 01-05-02– Біздің Конституциямыз «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып...» деп басталады. Бірліктің негізі осы сөздерде түйінделген. Біз 25 жыл бойы тең әрі тең құқылы адамдардың мемлекетін құрып жатырмыз. Бұған, әсіресе, дағдарыс жағдайында қол жеткізу оңай болған жоқ. Дегенмен, ширек ғасыр ішінде ел экономикасын 20 есеге арттырдық, ешбір ел жетпеген биікке қысқа мерзімнің ішінде қол жеткіздік. Қазір қазақтың даласында да, қаласында да – жаңа ел, жаңа ұрпақ, жаңа буын. Адам танымастай болып өстік, кісі қызығардай болып өндік, осы күніміз үшін Аллаға тәубе! Осы жылдардың ішінде Қазақ дүниеге әйгілі ұлт болды. Еліміз әлем картасынан өзінің орнын ойып тұрып алды. Жаңа ұрпақ тәрбиеледік. Өшкенімізді жақтық, жоғалтқанымызды таптық. Жаңа астанамызды салдық. Қазақстанның әрбір түкпірі адам танымастай өзгерді. Алматы қаласының осыдан 15 жыл бұрынғы кейпін қазіргі жаңа келбетімен салыстыра алмайсың. Алматы бүгінгі таңда – Риммен бірдей дәрежеге жетіп, халық саны да, елдің әл-ауқаты да жаңа деңгейге көтерілді. Біз осы уақыт ішінде жастарымызды әлемнің әр түкпіріне жіберіп, оқыттық. Мыңдаған мектептер мен ауруханалар салдық. Соның арқасында халқымыздың өмір сүру жасы 64-тен 72 жасқа дейін ұзарды. Бұл дегеніміз – ең басты мүдде, ең негізгі меже. Себебі, әрбір іс, әрбір жақсылық халық үшін жасалады. Тәуелсіздік алған уақыт ішінде еліміз 3 бірдей дағдарыстан өтті. Тарих үшін 25 жыл деген қас-қағым сәт. Алайда, біз көп жетістікке қол жеткіздік. Дүниеге мәлім болдық. Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының қабырғасында желбірейді. Үнімізді күллі әлем естіді. Қазақстанда дүниежүзінің азаматтары жиналып, өздерінің мәжілістерін өткізетін болды. Әлем бізге сеніммен қарап, ара­ағайындық келіссөздер жүргізуді бізге сеніп тапсыратын болды. Осы­ның бәрі тыныштық пен тұрақ­тылықтың жылы ұясына айналған елде орындалатын ізгі мақсаттар, – деді Елбасы. Бұдан кейін Мемлекет басшысы ынтымақтан айырылып, берекесі кеткен дербес ел, дамушы мемлекеттердің бүгінгі ахуалын мысалға келтіріп, ішкі-сыртқы астыртын күштердің емеурініне еріп кеткен қоғамдарда болып жатқан жайттар мен текетірестердің ешбір ұлтқа, ешбір халыққа, тіпті, адамзат дамуына пайда әкелмейтіндігін айтты. 01-05-03 01-05-04- 01-05-078 – Тыныштығы бұзылған елдер­де не болып жатқанын өздеріңіз көріп, біліп отырсыздар. Быт-шыты шығып, кісі қаны төгіліп, аузындағысынан айырылып, ілгері басудың орнына кері қарай кетіп жатыр. Әр таңда әлемге тарайтын ақпаратқа көз тіксеңіз, Иракта, Сирияда, әлемнің басқа да мемлекеттерінде ондаған, жүздеген адам оққа ұшып, опат болып жатыр. Мұның бәрі – бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың болмауынан туындап отырған келеңсіз көріністер. Біз осы бірлігіміз бен берекемізден айырылып қалмауымыз керек! Әсіресе, дәл қазір дана Абай атамыздың «Біріңді, қазақ,  бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос!» деген ұлағатты сөзін естен шығармауымыз керек болып тұр. Біздің қазіргі алға қойған мақсатымыз – «шикізат экономикасынан өңдеу экономикасына өту». Халықтың жағдайы қиындап кетпеуі үшін дағдарысқа қарсы шараларды күнілгері ойластырдық. Осының бәрі индустриялық, инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асыруға жаңа екпін түсіруге алып келді. Қазір бүкіл Қазақстан бойынша 7 мың километр жол салынатын болады. Бұл, бізден кейінгі келешек ұрпақтарымыз үшін жасалып жатқан игіліктер. Қазір томаға тұйық тым-тырыс отыратын кез емес. Жан-жағымызға жіті қарап, әр қадамымызды есеппен басатын заманға тап келдік. Дүние солай толқып тұр. Алмағайып бұл кезеңнен де көбеміз сөгілмей өтуіміз үшін бізге жұдырықтай жұмылған ауызбіршілік, ыстық ықылас ауадай қажет! Елімізде тыныштық салтанат құрып отыр. Біздің біртұтас ұлтымыз барлық мейрамды бірге мерекелейді. Мен халқымды дәл осы қалыпта көргім келеді және сол үшін бар білімім мен тәжірибемді жұмсап келемін де. Біз көздеген мақсаттарымызға – азаматтардың бұдан да жақсы өмір сүруіне міндетті түрде қол жеткіземіз. Ол үшін жастарымыз біздің тәуелсіз жолымызды табанды түрде жалғастырып, көздің қарашығындай қорғауы, елдегі бірлікті, достық пен тыныштықты сақтауы қажет. Бұл – әр адамның міндеті. Қазақстанымыздың 25 жылдық Тәуелсіздігі жасасын! Еліміз аман болсын! Елдігіміз баянды болсын! Мәңгілік Қазақстан – Мәңгілік Ел болсын! – деп, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдаған құттықтау сөзін көтеріңкі көңіл, ұранды серпінмен аяқтады. Алматы қаласында мерекеленген 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде қала көшелерінде ұлттық этномәдени бірлестіктердің өкілдері қазақ ән өнерінің үздік шығармаларын насихаттап, Қазақ елі туралы өз ана тілдерінде жазылған әндерді орындап, мерекені қызықтауға жиналған көпшіліктің көңілін көтерді. Бір мемлекетте біртұтас халық болып бейбіт өмір сүрудің үлкен бақыт екенін, Қазақстан халқы жаңа әлемдегі жақсы тұрмыс кешетін саламатты ел екенін көрсетті. Орыс, түрікмен, өзбек, татар және украин этномәдени бірлестіктерінің жанынан құрылған өнерпаздар ұжымы ұлттық билерін билеп, әндерін нақышына келтіре орындап, мерекенің ажарын әрледі. Қала ипподромында ат жарыс, қыз қуу, теңге ілу секілді ұлттық ойындар мен жеңілдетілген баға бойынша сауда жүргізген жәрмеңке ұйымдастырылып, қазақтың тұрмыс-салт мәдениетіне арналған көрме өткізілді. Кешкісін қаланың орталық алаңында қазақ эстрада өнерпаздарының қаты­суымен мерекелік концерт пен халық серуені ұйымдастырылып, қала аспанын мерекелік отшашу көмкерді. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ