06 Мамыр, 2016

«Көпұлтты» қуыршақтар

516 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кукла-1Қазақ­станды көптеген ұлт өкіл­дерінің мекен етуі және олардың өз тарихы мен мәдениетін, ұлттық ерекшелік­терін сақтауы ақтаулық зейнеткер Валентина Логвинованың шығар­машылығында, яғни шеберлік өнерінде көрініс тапты. Оның үйіндегі қазақтан бас­тап, әртүрлі ұлт өкілдерінің ұлттық киімдерін киген қуыршақтарға қарап, «көпұлтты отбасы» деуге болады. Шебер елімізде тұратын көп ұлттардың ұлттық киімдерін тігіп, оны қуыршақтарға кигізу арқылы үйін ерекше мұражайға немесе достықтың ордасына айналдырғандай. Қазіргі таңда шебердің үйінде қазақ, орыс, әзербайжан, грузин секілді барлығы 40-тан астам ұлттың «өкі­лі» «тату-тәтті тұрып жатыр». Сон­дай-ақ, қуыршақтар арасынан XVIII-XIX ғасырлардың сәнқой арул­ары мен ертегі кейіпкерлерін де кездестіруге болады. Зейнеткерлікке шыққан соң қарап отырмай, уақытын ти­імді де қызықты өткізуге бел бай­лаған В.Логвинова осы кәсіпті қолға алады, алдымен ұлттық киімдердің тарихын зерттеуден бастаған ол киімінің үлгісін дайындап, бір ай шамасында тігіп бітіреді екен. – Түрлі ұлттың киімін тіккен өте қызық. Әр этностың ұлттық киіміне ерекше мән беріп қарауың керек. Ешқайсысын бөліп жармаймын. Өйткені, мен үшін әр­бір ұлттың болмысы қызықты. Барлығының да өзіне тән мінезі мен бет-әлпеті бар. Қуыршақтарды жасай отырып, өз үйімді көпұлтты Қазақстанға ұқсатамын, – дейді шебер. Ән айтқанды ұнататын В.Лог­винова бірнеше жылдан бері ардагерлер ансамблінің мүшесі. Ол енді кавказдықтардың ұлттық киімін тігуді қолға алмақ. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы