12 Мамыр, 2016

Елбасының бітімгерлік бастамалары

408 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
676480БҰҰ-ның Нью-Йоркте өткен тақырыптық пікірталастарында талқыланды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапарының аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы (БҰҰ БА) Төрағасының қолдауымен жыл сайын ұйымдастырылатын жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастарға қатысты. Биылғы талқылаудың та­қырыбы «Тәуекелдер әлем­інде: бейбітшілік үшін жаңа мін­деттемелер» болды. Пікір­таластарға қатысушылар пла­нетадағы ахуалдың дамуы­на жалпы шолу жасау­мен бірге, бітімгершілік, бейбітшілікті нығайту, қару­лы қақтығыстардағы және бей­біт жағдайлардағы гендер­лік мәселелер, сондай-ақ, қауіп­сіз­діктің тұрақты даму және қоршаған ортаны қорғаумен өзара байланыстары секілді бей­бітшілік пен қауіпсіздіктің тақы­рыптық мәселелерін талқы­лады. Пікірталастардың жоғары деңгейдегі сессиясында БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы Могенс Луккетофт, БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Ян Элиассон, Индонезияның бұрынғы президенті Сусило Бамбанг Юдойоно, Либерияның белгілі қоғам қайраткері, 2011 жылғы Нобель атындағы Бей­бітшілік сыйлығының лауреаты Лейме Гбови, Араб мемле­кеттері лигасының VI Бас хатшысы Әмір Мұса және БҰҰ-ға мүше 25 мемлекеттің сыртқы істер министрлері қатысты. Өз сөзінде Е.Ыдырысов, мәртебелі халықаралық аудиторияны талқыға салынған тақырыптық мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымдарымен таныстырды. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы пікірталасқа қатысушылардың назарын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізгі қағидаларына, сондай-ақ, өзге де соғысқа, ядролық қаруға және терроризмге қарсы күресу жөніндегі бастамаларына аудартты. Бұл бас­тамалар еліміздің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту бағыттарында жұмсаған күш-жігерінің түйіні болып табылады және Отанымыздың халықаралық қоғамдастықтың сенімді әріптесі ретіндегі беделін растайды. «Ядролық қарудан азат әлем бағытында алға басу халық­аралық қоғамдастыққа жай қа­ру-жарақтарды қысқарту бо­йынша жұмыс үшін қажетті тиімді тетіктер береді. Осындай қадамдар әскери шығындарды әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешу үшін жұмсауға жол ашады», – деп атап өтті осы орайда Е. Ыдырысов. Пікірталасқа қатысу аясында қазақстандық делегация, сондай-ақ, террорлық ұйымдардың бірыңғай тізімін және халықаралық терроризмге қарсы күресу мәселелері жөніндегі келістірілген терминологияны бекіту сияқты Елбасының антитеррорлық бастамаларының топтамасын іс жүзіне асыру міндеттерін шешумен де шұғылданған болатын. БҰҰ-ның бұл саладағы әмбебап құжатты қабылдауға шығаруы мен ұйым аясында Терроризмге қарсы жаһандық коалиция мен желінің құрылуы аталған бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстардың нақты мақсаттары болып табылады. «Біз барлық БҰҰ-ға мүше-мемлекеттерді Терроризмге қар­сы жаһандық коалиция мен сон­дай қылмыстарды жасағанын мойнына алған ұйымдар мен адамдарды жауапкершілікке тар­тудың баршаға ортақ тетік­терін қалыптастыру туралы қазақ­стан­дық ұсыныстарға қолдау көрсетуге шақырамыз», – деп атап өтті Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы. Осыған қатысты мәселелерді Е.Ыдырысов БҰҰ Терроризмге қарсы комитетінің атқарушы директоры Жан-Поль Лабордпен және БҰҰ Терроризмге қарсы іс-шараларын іске асыру жөніндегі мақсатты топтың басшысы Джа­хангир Ханмен болған кездесулерде де талқылады. Қазақстандық министр, сондай-ақ, БҰҰ-ның мәртебелі қонақтары үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы M. Луккетофт «Келесі Бас хатшы тәуекелдер әлемінде: болжамдар мен ақиқат» тақырыбы бойынша министрлер деңгейінде ұйымдастырған іс-шараға қатысты. Осы іс-шараның барысында Қазақстан сыртқы сая­сат ведомствосының басшысы бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген түрлі сын-қатерлерді талқылау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі болып сайланды. Ал Қазақстан тарапының үйлестіруімен аталған топқа қатысушылар БҰҰ-ның қажетті және сенімді құрылым болып қалуы үшін ұжымдық қауіпсіздіктің жаһандық архитектурасын бүгінгі сындар мен қауіп-қатерлерге бейімдеу жолдары бойынша пікір алмасып, келесі Бас хатшының осы үдерістегі рөлін талқылады. Жұмыс тобы осы мақсатта БҰҰ Жарғысының 99-бабын белсендірек іске қосу қажет­тілігіне назар аударды. Бұл бап Бас хатшының халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қауіп төндіретін кез келген мәселелерді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізу құқығын ескереді. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Нью-Йоркке жұмыс сапарының басты міндеттері қатарында, сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-18 жылдарға тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын ілгерілету және халықаралық қоғамдастықты мемлекетіміздің осы беделді орган аясындағы жұмысына қатысты басымдықтарымен таныстыру болды. Осыған байланысты Е.Ыдырысов тақырыптық пікірталастардың аясында әлем­нің түкпір-түкпірінен келген әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Сәулебек БІРЖАН