12 Мамыр, 2016

Мәселеге тереңірек үңілуге шақырады

441 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Мамалинов-1Мемлекет басшысы Жер кодексінің халық құптай қоймаған бірқатар нормаларына мораторий жариялады. Бұл, шын мәнісінде, ел-жұрттың пікіріне құлақ түрген, дәл бүгінгі күн талабының үдесінен шығатын шешім. Елбасы Жер кодексіне енгізілген кейбір өзгерістердің ел ішінде түсіністік таппағанын емес, жөндеп түсіндірілмегенін сынға алды. Осы орайда, Арқа өңірінде бұл жұмыстардың былтырдан бері қарқынды түрде жүргізілгенін айтқымыз келеді. Жерді сату немесе жалға беру мәселесіне келгенде, Орталық Қазақстан өңірінде кереғар пікірлер қалыптаса қойған жоқ, деді бізбен әңгімесінде Қарағанды облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Шагурашид МАМАЛИНОВ. Мұның себебін ол Жер кодексі нормалары туралы ел ішінде тиянақты түрде жүргізілген түсінік жұмыстарының нәтижесімен байланыстырады. – Шагурашид Қалиұлы, Прези­денттің Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған нормаларына мораторий жария­лауы қазіргі таңда ел ішінде желдей есіп жүрген алыпқашпа әңгі­мелердің тыйылуына қан­ша­лықты әсер етеді деп ойлайсыз? – Мемлекет басшысының Жер кодексінің кейбір нормалары жет­кілікті түрде түсіндірілмеген деген сыны нақты негіздерге сүйе­ніп айтылғаны анық. Жер­ге қатысты дүниенің бәрі өткір­дің жүзіндей қылпылдап тұра­тын­дықтан, бұл мәселеге келгенде он ойланып, жүз толғанып барып шешім қабылдау керектігін Елбасы кешегі кеңесте тағы бір мәрте еске салды. Президенттің шешімімен құрылған, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Са­ғынтаев басшылық ететін Комис­­сияның алдында зор жауап­кер­­шіліктер тұр. Жер-жерде, өңір­лерде бұл Комиссия жұмы­сы­ның же­місті жүргізілуіне барынша қол­дау көрсетіп, белсенді атсалысу – біздің басты міндетіміз. Жер мәселесіне келгенде, «Нұр Отан» партиясының халықпен қоян-қолтық араласып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керектігі де күрмеуі қиын мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады деп сенемін. Ел ішін алатайдай бүлдіріп, алаңға шығайық деп аттандағанша, жұрт көкейіндегі түйткілді жайттарды, өзіндік пікір-ұсыныстарды биліктің пар­тиясына немесе қоғамдық ұйым­дарға ауызша, болмаса жаз­баша түрде жеткізіп, ортақ мәселенің шешімін келісе оты­рып табу­ға тал­пынғаннан ұтыл­май­мыз деп ойлаймын. – Қарағанды облысында Жер кодексіне байланысты былтырдан бері жүргізілген түсінік жұмыстары өз жемісін берді деп қандай негізге сүйеніп айтасыз? – «Тыңдаушысыз сөз жетім» деген қазақ. Әлбетте, Елбасы мен Үкіметтің жүргізіп отырған сая­сатын ел ішіне барып, жер иесі халықпен жүзбе-жүз кездесіп, емен-жарқын әңгіме барысында түсіндіріп, ұғындырып отыру – біздің басты міндетіміз. Осы мақсатқа орай, облыста құра­мына жер қатынастары және жер инспекциясы басшылары енген жұмыс тобы құрылған болатын. Аталған топ былтырғы жылдың қазан-қараша айларында, сондай-ақ, ағымдағы жылдың қаңтар, ақпан және сәуір айларында облыстағы барлық аудандарда Жер кодексінің нормалары мен салық заңнамаларын түсіндіру үшін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер қатысқан көшпелі семинар-кеңестер өткіз­ді. Сонымен қатар, мұндай топ­та­рдың аудандардың өзінде де құрылғанын айта кеткен жөн. Бұл семинар-кеңестерде жер заңнамаларына қатысты түйткілді мәселелердің бәрі де сөз болды. Мәселен, ауыл шаруашылығы бағы­тындағы жер телімдерін аукцион арқылы сатып алу, жеке және заңды тұлғалардың иелігіндегі ұзақ жылдардан бері пайдаланылмай келе жатқан жер телімдерін мәж­­бүрлі түр­де қай­­тарып алу, ауыл шаруа­шылығы­­на ар­­­налған жер телім­дері­­нің нысаналы мақ­­­сатын өзгер­ту, ин­­­вестиция­лық жо­­­баларды іске асы­­ру үшін ауыл­ша­руашылық жер­лерін беру, жер телімдерін кепілге қою ­және ауылшаруашылық жер­лерін тиімді пайдалануды бақылау төңі­регіндегі сұрақтарға егжей-тегжейлі жауаптар берілді. Жалпы, менің ойымша, көкейкесті мәселені жете түсінген адамның көңілінде түйткіл болмайды. Әңгіме – түсіндіре білуде! – Сіз айтқан семинар-ке­ңес­­терге деген жергілікті жер­­лер­дегі шаруа қожалық­тары ие­лерінің, ауыл шаруа­шы­л­ы­ғы саласындағы кәсіп­кер­лер­дің, жалпы жұрттың қызы­ғу­шы­лығы қандай дәрежеде бол­ды? – Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Жаңаарқа, Осакаров, Ұлытау және Шет ауда­ндарындағы кеңестер мәде­ниет үйлерінде өтіп, олардың әрқайсысына 300-ден астам адамнан қатысып отырды. Ал Жез­қазған, Сәтбаев қалаларында ауыл­шаруашылық тауарларын өндіру­шілерге арналып ұйым­дас­тырылған семинарлар қалалық әкімдікте өтті. Бұдан бөлек, сәуір айының басында өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековтің төрағалығымен облыс әкімдігінде құрылыс жөніндегі комитет төрағасы­ның орынбасары Бауыржан Смағұлов бастаған Ұлттық эконо­мика министрлігінің жұмыс тобы қатысқан семинар-кеңес ұйым­дастырылды. Бұл шараға Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен қаланың 100-ден астам кәсіпкерлері қатысты. Сондай-ақ, онлайн режімінде облыстың тоғыз қаласы мен тоғыз ауданы түгелдей қосылды. Екі сағаттан астам уақытқа созылған кеңесте көптеген сұрақтар қойы­лып, оларға Ұлттық экономика министрлігінің жұмыс тобы мүше­лері егжей-тегжейлі жауап берді. Бұған қоса, осы шара барысын­да келешекте де тығыз байланыста болу мақсатында барлық кәсіпкерлерге жұмыс тобының телефон нөмірлері мен электронды мекенжайлары таратылып берілді. – Жер кодексіне енгізілген және болашақта енгізілуі мүмкін өзгерістер жер еміп, шаруа баққан ағайынның бүгінгі күн тұрғысынан алғандағы мүдде­лерін қаншалықты дәрежеде қор­ғай алады деп ойлайсыз? – Жер кодексіне енгізілген мораторий бұл тақырып енді талқылауға жатпайды деген сөз емес. Керісінше, түсінік жұмыстары жаңа қарқынмен жүргізілуі керек деп санаймын. Кешегі кеңесте Елбасы инвестиция тартудың маңыздылығына ерекше мән берді. Бұл шаруамен бүкіл әлем білекті сыбанып тұрып айналысады. Мол қаржымен, ізгі ниетпен келетін инвесторды құшақ жая қарсы алу – бүгінгі күн талабы. Біздің ауыл шаруашылығына да инвесторлардың көмегі ауадай қажет. Ұлан-ғайыр алқаптарды игеруге әзірге мұршамыздың жетпей жатқаны шындық. Яғни, елмен ақылдаса отырып, жерімізге қатысты толғақты мәселелердің шешімін бірігіп іздеуіміз керек. Меніңше, мораторий біздің алдымызға осындай тағдыршешті міндеттер қойып отыр. Ауылшаруашылық жерлерін орынды және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін жерді нарықтық айналымға енгізу бағытында біраз шаралар жасалды. Сондай-ақ, жердің нарықтық айналымының белсенділігін арттыру және оның экономикалық қайтарымын көтеру мақсатында Жер кодексіне де бірқатар өзгерістер енгізілген. Біріншіден, мемлекет менші­гіндегі ауыл шаруашылығы бағы­тын­дағы жер телімдері жекемен­шік ретінде Қазақстан Рес­пуб­ликасының жеке және заңды тұлғаларына аукцион арқылы сатылады. Бұл жерде жер телімінің кадастрлық құнының көтеріл­генін қарастыратын аукционға артық­шылық беріледі. Егер жер телімі екі аукцион қоры­тындысында сатыл­маса, онда ол кадастрлық құны­нан белгі­ленген ең төменгі шекке дейін төмендетілетін баға­ға негізделетін аукционға шығарылады. Екіншіден, жерді мақсат­ты түр­де игеріп жатқан пайда­лану­­шыларға жалға алынған жер телім­дерін сатып алуда жеңіл­діктер қарастырылған. Олар жалға алу мер­зімі біткен соң жер телімін ка­дастрлық құнынан 50 пайызға ар­зан­датылған бағамен 10 жылға бө­ліп төлеу жеңілдігімен ала алады. Үшіншіден, жалға алынған ауылшаруашылық жерлерін пайдалану бойынша шектеулер алынып тасталады. Мысалы, бұл норма жер пайдаланушыларға жерді банкке кепілге қоюға, жалға алу мерзімі ішінде иеліктен шығару сынды құқықтық мәмілелерді іске асыруға мүмкіндік береді. Мұның өзі ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге мемлекет тарапынан қолдауды күшейтуге ықпалын тигізеді. Төртіншіден, Жер кодексінен ауыл шаруашылығын жүргізумен байланысты құрылыс нысандарын салғанда және сол жер телімдерінде шаруашылық жүр­гізу түрі ауысқан кезде ауылшаруашылық жер­лері­нің мақсатын өзгерту үдерісі алынып тасталды. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне әкімшілік кедергілер мен шығын­дарды азайту арқылы жағдай жасау мақсатынан туындаған. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ