26 Қаңтар, 2011

Дағдарысты еңсерудің ерекше үлгісі

490 рет
көрсетілді
41 мин
оқу үшін

Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы қадағалау агенттігінің 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен  іс-қимылдар жоспары өз нәтижесін берді

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы қадағалау агенттігінің 2009-2010 жылға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспарының орындалу қорытындысы қаралды. Бірден айта кетейік, отырыс барысында, ондағы баяндамашылардың және пікір білдірушілердің келтірген деректерінен айқын­далғанындай, қазақстандық бұл жоспардың орындалуы дағдарыспен күрестің өзіндік бір тамаша үлгісі болып шыққан. Дағдарыспен күрес мәселелерін әлемдік деңгейде зерттеген көптеген халықаралық сарапшылар Елбасы­ның тапсырмасы және тікелей басшылығымен әзірленген осынау бағдарламаны ең бір кешенді және жүйелі жасалынған шара ретінде бағалаған. Ал енді оның орындалу нәтижелері қандай болды? Үкімет отырысында баяндама жасаған салалар басшылары осы жайында жан-жақты баяндап берді. Дағдарыс Еуропаның бірқатар дамыған мемлекет­терінің өзіне үлкен соққы болып тиді. Оның әсері дүниежүзілік шаруашылықпен тығыз байланысты жағдайда дамып келе жатқан Қазақстанды да айналып өте алған жоқ. Оның өзі бірінші кезекте, елдің экспорттық тауарларына халықаралық рыноктардағы бағалардың күрт төмендеуіне, негізгі сауда әріптестері болып саналатын елдердің валюталарының құнсыздануына, мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың бәсеңсіп кетуіне байланысты орын алды. Осындай себептердің салдарынан көптеген кәсіпорындар өз өндірістерінің көлемдерін қысқартуға, ұжымдағы еңбекшілер үшін толық емес жұмыс күндерін белгілеуге мәжбүр болды. Жағдайдың осылайша күрделене түсуі, мәселе одан бетер ушығып кетпей тұрғанда, оған қарсы нақтылы шаралар қабылдау қажеттігін туындатты. Қалыптасқан ахуалды уақытында және дұрыс түсінген Елбасы Үкіметке Ұлттық банкпен, Қаржы қадағалау агенттігімен бірлесіп, қаржы жүйесін тұрақтандыру жөнінен бірлескен іс-қимылдар жоспарын жасау жөнінде тапсырма берді. Жағдайдың тұрақты кезінде елдегі бірқатар жүйе құраушы банктер сырттан қыруар несиелер алып, олар­ды жоғары өсіммен беру арқылы жап-жақсы пайдаға кенелген болатын. Бірақ кенеттен орын алған дағдарыс оларға төбеден жай түскендей әсер етті. Өйткені өздері де қиыншылықтарға душар болған шетелдік қар­жы институттары берген несиелерін кері қайтаруды талап ете бастады. Ал сырттан алған ақшаларын кредит түрінде таратып жіберген банктердің борышты қайтара қоятындай мүмкіндіктері жоқ еді. Екіншіден, дағдарыс елімізде қарқын алып келе жатқан тұрғын үй құрылысының одан әрі дамуына үлкен соққы болып тиді. Бұл үлескерлер проблемасын туындатты. Үшіншіден, енді аяғынан тұрып келе жатқан шағын және орта бизнестің ахуалы күрт нашар­лайтындығы белгілі болды. Елімізде қолға алынған инновациялық, индустриялық және инфрақұры­лымдық жобалардың іске асуына қауіп төнді. Сондай-ақ жері мол, астықты Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға инвестициялардың тапшылығы күшейді. Дағдарыспен күрес жөнінде белгіленген Үкімет­тің, Ұлттық банктің және Қаржы қадағалау агент­тігінің 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жос­па­рында міне, осы мәселелердің барлығы барынша ескерілді. Елбасы, сонымен қатар, Үкіметке макроэко­номикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ха­лықтың әлеуметтік жағдайын барынша қол­дау, болуы мүмкін жұмыссыздық проблемасына барынша әзір болу міндетін қойды. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан Үкіметі осындай іс-қимылдар жоспарын қабылдап және алдыға айқын мақсаттар қоя отырып, іске кіріскен болатын. Кешегі өткен Үкімет отырысында осы жоспардың орындалуы оның әрбір бағыты бойынша тиянақты сөз болды.

Қаржы секторын тұрақтандыру

Үкіметте осы мәселе бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары Марат Құсайы­нов­тың айтуынша Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы қадағалау агенттігінің дағдарысқа қарсы бірлескен іс-қимылдар жоспары шеңберінде еліміздегі жүйе құраушы банкілер «БТА банк», «Альянс банк», «Қазкоммерцбанк», «Темірбанк» акционерлік қоғамдарына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арқылы мемлекет қаржысын салу дағдарыс уақытында елдің қаржы жүйесін, соның ішінде халықтың да қаржыларын құтқарып қалуға жағдай жасады. Осы мақсатта 486 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның ішінде БТА банкке – 212 миллиард, Қазкоммерц банкке – 120 миллиард, Халық банкіне – 120 миллиард, Альянс банкке – 24 миллиард теңге бөлінді. Қордың банктер капиталына енуінен кейін өткен жылы олар өз міндеттемелерін қайта құрылымдауды табыс­ты аяқтады. Банктердің өтімділігін арттыру мақсатында осыған қосымша Ұлттық банк талап етудің төменгі шегін одан әрі төмендетті. Мұның өзі банктерге 490 миллиард теңгенің қара­жаттарын босатып алуын талап етті. Жәй тұлғалардың салымдарына берілетін кепілдік бұрынғы 700 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін арттырылды. Осының нәтижесінде халықтың банктердегі салымын қайта алып қоюының алды алынды. Банктердің сыртқы қарыздары 11 миллиард долларға азайды. 2009 жылдың 4 ақ­па­нында Ұлттық банк тең­гені бұрынғы айқын емес дәлізде ұстап тұру­дан бас тартып, долларға шаққандағы айырбас бағамын бір долларға плюс-минус 3 пайыз немесе 5 теңге ауыт­қушылықпен 150 теңге көлемінде жаңа дәліз белгіледі. Оған мұнай мен металдың әлемдік бағаларының күрт және айтарлықтай төмендеуі, Қазақ­стан­ның негізгі сауда әріптестері болып саналатын елдердегі ұлттық валюталардың құнсыздануы себеп болды. Сөйтіп алтын-валюта резерв­терінің ағымдағы деңгейін сақтап қалу және отандық өнім өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне қолдау көрсету қажеттіліктері Ұлттық банктен валюта саясатына деген көзқарасты қайта қарауды талап етті. Ұлттық банктің теңгенің айырбас ба­ғамы­ның тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралары, сол сияқты қазақстандық экс­порттың негізгі позицияларына қатысты әлемдік бағалар өсуінің қайта қалпына келуі ішкі валюта рыногындағы ахуалдың тұрақ­тануына жағдай жасады. Осылайша, 2009 жылдың соңына таман ұлттық валютаның нығаю тенденциясы байқала бастады. 2009 жылдың басынан бастап Ұлттық банк қайта қаржыландырудың ресми ставкаларын 10,5 пайыздан 7 пайызға дейін төмендетті. Ал соңғы 7,5 пайыздан 7,5 пайызға дейін тө­мендеу 2009 жылдың 4 қыркүйегінде жүзеге асты. 2009 жылдың наурызында банктерге қатысты ең төменгі резервтік талаптар ішкі міндеттемелер бойынша 2 пайыздан 1,5 пай­ызға дейін, қалған міндеттемелер бойынша 3 пайыздан 2,5 пайызға дейін төмендетілді. Валюта рыногындағы тұрақты жағдай Ұлттық банктің теңгенің өзгермелі дәлізін 2010 жылдың 5 ақпанынан бастап 1 долларға 150 теңгеге дейін кеңейтуге жағдай жасады. Осы аталған жыл бойына теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамы Ұлттық банктің болмашы ғана қатысуымен бұрын белгіленген дәлізде өзгеріссіз күйінде қалды. 2009-2010 жылдарда Ұлттық банк өтімділікті алу бойынша қысқа мерзімді ноталар шығару және депозиттер тарту жолымен операциялар жүргізді. 2009 жылы шығарылған қысқа мерзімді ноталар көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 2 есеге азайып, 1,5 триллион теңге болды. 2009 жылы Ұлттық банк 16,3 триллион теңге депозиттер тартты, ол 2008 жылғы деңгейден 2,7 есеге артық. Сонымен қатар 2008 жылдың желтоқсанына қарағанда депозиттер бойынша қалдықтар 14,8 есеге өсіп, 2009 жылдың желтоқсанының соңына қарасты 488,9 миллиард теңгені құрады. Банк секторындағы біртіндеп орын алған тұрақтану банктер тарапынан Ұлттық банктің стерильденген операцияларына деген сұ­раныспен қоса жүрді. Осылайша, 2010 жылы шығарылған қысқа мерзімді ноталардың көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге ұлғайып, 3,3 триллион теңгеге жетті. 2010 жылы сомасы 17,1 триллион теңге болатын депозиттер тартылды, ол 2009 жылғы көлемнен 5 пайызға артық. Сонымен бірге 2009 жылдың желтоқсанына қарағанда депозиттер бойынша қалдықтар 12,2 пайызға төмендеп, 2010 жылдың соңына қатысты 429,1 миллиард теңгені құрады. Ұлттық банктің 2009-2010 жылдары жүр­гіз­ген ақша-кредит саясаты экономикадағы төмен инфляциялық әлеуеттің сақталуына ық­палын тигізді. Осылайша, 2009 жылы жылдық инфляция 6,2 пайыз (2008 жылы – 9,5 пайыз) болса, 2010 жылдың қорытындысы бойынша 7,8 пайызды құрап, Ұлттық банктің 2010 жылға белгілеген мақсатты дәлізіне толықтай сәйкес келді. Ұлттық банктің жүргізген салмақты ақша-кредит саясатының нәтижесінде өткен жыл ішінде оның алтын-валюта қоры 22,5 пайызға артып, 28,3 миллиард АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың валюталы активтерін қоса алғанда, елдің халықаралық резервтерінің жиынтық мөлшері жыл басында 59 миллиард АҚШ долларына жетті. Екінші деңгейдегі банктер проблемасын реттеуге қатысты баяндама жасаған Ұлт­тық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев Үкімет басшысы Кәрім Мә­сі­мовтің қойған сұрағына байланысты екінші деңгейдегі банктердің сыртқы қарыз­дары 2007 жылдың қыркүйегінде 46 миллиард доллар болғандығын, мұның өзі ішкі жалпы өнімнің 50 пайызына дейін жеткендігін, ал 2011 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша банктердің осы сыртқы қарызы 29 миллиард долларға азайтылып, қазіргі күні 17 миллиард долларды құрап отырғандығын, мұның өзі ішкі жалпы өнім­нің 20 пайызын құрайтын көрсеткіш екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ 2009 жыл­дың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Ұлт­тық қордың қаржысы 43 миллиард тең­гені құраса, қазіргі күні ол 60 миллиард дол­ларға жетіп отыр. Сонда екінші дең­гейдегі банктердің сыртқы қарызы 29 миллиард долларға азайса, Ұлттық қордың қаржысы 17 миллиард долларға өскен. Дағдарыс кезінің өзінде Қазақстанның қаржы активі 46 миллиард долларға өсе түскен. Үкімет отырысында сөз алған Қаржыгерлер ассоциациясының төрағасы Серік Аханов осы мәселені дағдарыспен күрестің қазақстандық феномені деп атады. Шағын және орта бизнесті қолдау Еліміз әлемдік қаржы-эко­номикалық дағ­да­рыстың ықпалына іліккен жылдары Үкіметтің онымен күресте белгілеген бес басым бағытының бірі шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі болатын. Өйткені халықты жұ­мыспен қамтуда, ішкі ры­нокты көпшілік қолды тауарлармен қамтамасыз етуде қашанда болмасын шағын және орта бизнестің қалып­ты жұмыс істеп тұруының маңызы зор. Сондықтан Үкімет қай салаға, қандай қызмет түріне жататындығына қарамастан мемлекеттік қолдауды бар­лық шағын және орта бизнес субъектісіне көрсету керек деп шешті. Осы мақсатта «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры бұрынғы көрсетілген көмекке қосымша 2009 жыл үшін 120 миллиард теңге қаржы бөлетін болды. Оның 70 пайызы іске қо­сылған және жүзеге асырыл­ған жобалардың жұмыс істеуіне, 30 пайызы жаңа жоба­ларды жоспарлап, іске асы­руға бағытталды. Сонымен қатар «Самұ­рық-Қазына» қоры арқылы бір жобаны қаржыландыру көлемінің шекті мөлшері бұ­рынғы белгіленген 3 миллион АҚШ долларынан 5 мил­лион долларға дейін өсі­рілді. Мұның сыртында Үкімет «Самұрық-Қа­зы­на» қорымен бірлесе отырып, шағын және орта бизнеске берілетін не­сиелердің банктік сыйақы став­касының шекті мөл­ше­рін бұрынғы дағдарысқа дейінгі деңгейде, яғни 14 пайыз­дан асырмай ұстап тұру жөнінде шешім қабыл­дады. Сондай-ақ, бұл шешім жаңадан берілетін несиелерге ғана емес, беріліп қойған несиелерге де қатысты бол­ды. Осынау күрделі де қиын шақта шағын және орта бизнеске берілген несиелердің қайтары­ла­ты­нына банк­тер сенімін арттыру үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамы­ту қорының кепілдік беру механизмі енгізілді. Екіншіден, «Са­мұрық Қазына» қо­ры ауыл тұрғындарын не­сиелендірудің олар үшін тиімді жаңа бағ­дарламасын әзір­леді. Соның ішінде жұ­мыс орын­дарын сақтап, да­мы­ту үшін ауылдағы кә­сіп­керлерге де жеңілдікті несиелер берілетін болды. Үшіншіден, шағын және орта бизнес субъек­тілерін тап­сырыстармен тұрақты қам­­­тамасыз ету мақсатында олар мемлекеттік органдар­дың, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық ком­пания­лардың тарапынан ұсыныла­тын мемлекеттік тапсырыс­тарға молынан қатысу мүм­кін­дігіне ие болды. Жаңадан қабылданған «Мемлекеттік сатып алулар» туралы Заң оларға осы бағытта бірқатар артықшылықтар берді. Со­ны­мен қатар мемлекет тара­пынан Қазақстанда жұмыс істейтін жер қойнауын пай­далану­шылар мен сервистік компанияларға, олардың мен­­шік түріне қарамастан өз тапсырыс­тарын­да қазақстан­дық үлесті арттыру жөнін­дегі талап күшейтілді. Мұның сыртында Үкімет кәсіпкерлікті дамыту үшін олардың алдынан көлденең­деп шығатын әкімшілік кедергілерді азайту, рұқсат беру жүйесін жетілдіру жөнін­дегі бұрыннан басталып кеткен жұмыстарды дағдарысқа қарамастан одан әрі жал­ғастырды. Міне, осындай шаралар­дың нәтижесінде қазақ­стан­дық кәсіпкерлер әлемдік дағ­дарыстың ауыртпалықтарын айтарлықтай сезіне қойған жоқ. Батыстың бірқатар елдерінде көптеген шағын жә­не орта бизнес субъек­тілері бірінен кейін бірі жабылып жатқан тұста Қа­зақ­станда бұл құбылыс жаппай сипат ала ал­ма­ды. Керісінше, кейбір шағын кәсіпорындар мемлекет арқылы берілген несиелерге ие бола, ұлттық холдингтер мен компаниялар ұсынған тапсырыстарды орын­дау ісіне қатыса оты­рып, өздерінің шаруаларын түзеп алды. Кәсіпкерлердің жағдайын түзетуіне халық­ты жұмыс­пен қамту мақсатында әзір­ленген «Жол картасы» бағ­дарламасы аясында ұсы­ныл­ған тапсырыстар да үлкен көмек болды. Бір есептен осы арқылы өңірлердегі, соның ішінде, ауылдағы кәсіпкерлерге жаңа жобалар, халыққа жаңа жұмыс орын­дары ұсынылса, екіншіден, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жергілікті жолдар, мектептер мен емханалар, мәдениет ошақтары жөнделіп, жаңа­рып қалды. Көп жыл қол көрмей тозғындай бастаған жылу жүйелері мен қазан­дықтар, коммуналдық сала нысандары мен инженерлік желілер де біршама жаңар­тылды. Еліміздің Ресей Федера­циясымен, Беларусь Респуб­ликасымен бірігіп Кеден одағын құруы шағын және орта бизнес алдына үлкен міндеттер жүктейтіні белгілі. Істің алғашқы барысы бұл үдерістің қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаман жағдайда жүріп жатпағанды­ғын бай­қата­ды. Ал болашақ­та отандық бизнестің тағ­дыры нақ осы мәселеге бай­ланысты шешілетіндігі анық. Өйткені қазақстандық кәсіп­кер­лер­дің алдынан 170 миллион адамды құрай­тын үлкен рынок ашылып отыр. Қазір елі­міз­дің Үкіметі осы рыноктың отандық кәсіпкер­лер үшін қолжетімді болуын барынша ойлас­тыруда және сол үшін күрес жүргізуде. Соның жарқын бір мысалы ретінде Кеден одағы құра­мындағы елдердің көлік инфрақұры­лым­дары­ның тарифін белгілеу мәселесінде біздің еліміз үшін қолайлы мүмкіндіктердің қалыптас­қандығын айтуға болады. Бұл қазақстандық тауарлар­дың Ресей мен Беларусь рыногына еркін кіруіне жол ашады. Енді осыны отандық кәсіпкерлер өздері үшін тиімді пайдалана білуі қажет. Ал оның басты шарты баға­сы арзан сапалы тауарлар шығаруға қол жеткізу. Үкімет осы бағыт бойынша да белсенді жұмыстар жүргізуде. Елімізде «Бизнестің жол карта­сы-2020» бағдар­лама­сының әзірленіп, жүзеге асы­рыла бастауы осының айғақты мысалы. Кәсіпкер­лер осы бағдарлама негізінде Үкі­мет­тен тиімді несие мен экспорттық операция­лар­ды жүзеге асыру үшін берілетін субсидияларға ие бола алады. Жылжымайтын мүлік рыногындағы проблемаларды шешу «Самұрық-Қазына» АҚ атқарушы дирек­то­ры Қайрат Әйтекеновтің сөзі негізінен осы мәселеге арналды. Оның айтуынша, құрылыс нысандарын аяқтау негізінен екінші деңгейдегі банктер арқылы, Жылжымайтын мүлік қоры және Стресті активтер қоры арқылы жүргізілді. Үлесті құрылыс нысандарын аяқтауға «Самұрық-Қазына» АҚ өз тарапынан 200 миллиард теңге қаржы бөлді. Аталған жоспар шеңберінде азаматтардың тұрғын үй проблемаларын шешу және Астана, Алматы қалалары мен Ақмола және Алматы об­лыстарындағы жылжымайтын мүлік рыно­гы­ның белсенділігін арттыру үшін «Самұрық-Қазына» қоры арқылы ипотекалық несиелеу мен тұрғын үй секторын дамытудың арнайы бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама қаржылары есебінен екінші деңгейлі банктер арқылы Алматы, Астана қалалары мен Ақмола және Алматы облыстарындағы құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешендерін аяқтауға займдар беру мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Бұл бағдарламаға елдегі екінші деңгейлі банктер мен құрылыс салушы компаниялар қатысты. Аталмыш бағдарламада белгіленген іс-шаралар бүгінгі күні түгелдей орындалды. 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құ­рылысын дамытудың мемлекеттік бағдар­ла­масына құрылыс жүргізушілер коммерциялық рынок үшін салған тұрғын үйлерді сатып алуды қарастыратын өзгерістер енгізілді. Әкімдіктерге құрылысы аяқталған, сол сияқты жоғары дайындықтағы нысандардан белгіленген баға бойынша пәтерлер сатып алу құқы берілді. Мұның өзі өз кезегінде тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруды жеделдетуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде са­лын­ған барлық нысандар тұрғын үй құрылысы салымдары жүйесі бойынша сатып алынатын болып белгіленді. Ол халықтың басымдықка ие топтарына жылдық өсімі 4 пайыздан аспайтын пайыздық ставка бойынша қосымша тұрғын үй займдарын алуға және тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы жарна жинақтауға байланысты туындайтын қиындықтардан құтылуға жағдай жасады. Үлескерлердің қорғалу деңгейін күшейту мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құ­рылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабыл­данды. Осы заңға сәйкес ендігі жерде жоба­лаушы компания өз қаржысы немесе ин­вестордың кредиті есебінен, оның ішінде банк-агент те бар, тұрғын үйді салып, пайдалануға береді де, үлескер тұрғын үйдегі өз үлесін алғаннан кейін ғана банк-агент үлескер депозитіндегі ақшаны жобалау ком­па­ния­сына аударады, ал жинақталған сый­ақы мөлшеріндегі ақ­ша­ның сомасын үлес­керге қайтарады. Үкіметтің 2009 жылғы 6 наурыздағы №265 қаулысымен «Самұрық-Қазына» жыл­жымайтын мүлік қоры» АҚ құрылды. Осы қаулы бойынша аяқталған құрылыстан немесе салынып жатқан тұрғын үй құрылысы нысандарынан тұрғын және тұрғын емес орын-жайларды сатып алу, аталған мүлікті тиімді басқару Қордың қызметінің басты бағыттары болып белгіленді. 2007 жылдың күзінен бастап құрылыс саласы қиындықтар сезіне бастады. Осыған орай үлескерлердің қатысуымен салынатын тұрғын үй құрылысы үдерісінің тоқтап қалуы құрылыс ұйымдарының сол уақыттарда саны 62 мың адамға жеткен (нысандар саны – 450) өз үлескерлерінің алдындағы міндеттемелерін орындауларына мүмкіндік бермеді. Қалыптасқан осындай жағдай, ел эко­номикасының өсу қарқынын төмендетуге жол бермеу мақсатында, тиісті шаралар қабыл­дауды талап етті. Сөйтіп, Үкіметтің дағда­рысқа қарсы қабылдаған бағдарламасы арқасында жағдайды тұрақтандырып, үлескерлер проблемасын шешудің сәті түсті. 2007 жылдан бастап үлестік құрылысты мемлекеттік қаржыландыру республика бойынша 433,441 миллиард теңгені құрады (игерілгені 335,375 миллиард теңге немесе 77 пайыз), оның ішінде республикалық бюджет пен Үкіметтің резервінен 263,441 миллиард теңге (игерілгені 207,175 миллиард теңге немесе 78 пайыз), Ұлттық қордан 170 миллиард теңге (игерілгені 128,2 миллиард теңге немесе 75 пайыз) бөлінді. Республикалық бюджет пен Үкімет резервінен алынған 263,441 миллиард теңге қаржы өңірлер бойынша төмендегідей бөлінді: Астана қаласы әкімдігіне – 138,918 миллиард теңге (игерілгені 122,018 миллиард теңге немесе 88 пайыз); Алматы қаласы әкімдігіне – 77,257 миллиард теңге (игерілгені 56,657 миллиард теңге немесе 73 пайыз); Алматы облысы әкімдігіне – 17,266 миллиард теңге (игерілгені 4,3 миллиард теңге немесе 25 пайыз); Стресті активтер қорына – 30 миллиард теңге (игерілгені 24,2 миллиард теңге немесе 73 пайыз). Өткен мерзім ішінде 389 нысанға қатысы бар 53 мыңнан астам үлескерлердің проблемалары шешім тапты. 2011 жылдың 1 қаңтарына қатысты 13650 үлескердің қатысуындағы 58 нысан өздігінен аяқталды, ал құрылыс салушылардың өз қаржылары есебінен 1404 үлескердің қатысы бар 16 нысан іске қосылды. Бүтіндей алғанда, бүкіл нысандардағы құрылыстарды аяқтау төмендегідей механизм бойынша жүзеге асырылатын болады. Бірінші, 2341 үлескердің қатысы бар 14 нысанды және салынып жатқан үйлердің үшінші кезегін сатып алу. Құрылысты осы механизм бойынша аяқтауға Үкіметтен 47, 718 миллиард теңге бөлініп, ол 100 пайыз игерілді. Екінші, Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысы әкімдіктері жанындағы «Жаңа құрылыс», «Алматы қаласы әкімдігі ПКС» және «Жетісу жаңа Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тәрізді өкілетті ұйымдар арқылы сатып алу механизмі. Оларды капиталдандыруға республикалық бюджеттен 63,966 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде: Астана қаласы әкімдігіне – 42,4 миллиард теңге, аяқталғаны – 17 нысан (4195 үлескер), аяқталуға тиісті 2 нысан (2320 үлескер); Алматы қаласы әкімдігіне – 10 миллиард теңге, аяқталғаны 2 нысан (885 үлескер); Алматы облысы әкімдігіне – 11,566 миллиард теңге, оның 4,3 миллиард теңгесі игеріліп, үлескерлер қатысқан нысандарға 39,2 шақырым магистралды инженерлік желілер тартылды. Үшінші, «Самұрық-Қазына» жылжымай­тын мүлік қоры» АҚ арқылы. 2007 жылы аталмыш қорға 95 миллиард теңге, оның ішінде 48,8 миллиард теңге Астана қаласындағы нысандарға және 46,2 миллиард теңге Алматы қаласындағы нысандарға бөлінді. Қазіргі уа­қытта «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мү­лік қоры» АҚ бөлген қаржылар есебінен екінші деңгейлі банктерге 66,36 миллиард теңге аударылды. Оның ішінде Астана қаласы бойынша – 40,47 миллиард теңге, Алматы қа­ласы бойынша 25,62 миллиард теңге. Қалған қаржы Үкіметтің 2009 жылғы 14 сәуірдегі №519 қаулысына сәйкес құрылыс салу­шы­ларға уақытша көмек ретінде берілді.

АГРОөнеркәсіп кешенін дамыту

Технологиялардың дамуы, неғұрлым алым­ды жаңа техникалардың пайда болуы адамзат алдындағы көптеген мәселелерді шешіп беріп, тұрмысты қазіргідей деңгейге жеткізгенімен біздің табиғи ресурстарға деген тәуелділігіміз өткен ғасырлармен салыстырғанда әлдеқайда артып отыр. Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлері жеткілікті. Бірақ өкінішке орай, ол жерлердің барлығы аталған мақсатқа пайдалануға жа­рамды емес. Су көздерінің тапшылығы бай­қа­лу­да. Оның үстіне елімізде осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы мақсатына қолданылып келген техникалар мен технологиялар қазіргі заман талабына толық жауап бере алмай отыр. Егер аталған мәселелер шешімін тапса, Қазақстан әлем халықтарын маңызды азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етуші үлкен аграрлық-индустриялық елге айналмақ. Осы жағдайды алдын-ала байқаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше мән беруде. Елбасы осы мақсатта тұтас төрт жылды Ауыл жылы деп жариялап, салаға деген мемлекеттік қолдауды арттыра түскен болатын. Мұнан кейін жаңа міндеттерді алға қойды. Осыдан екі-үш жыл бұрын Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет ауыл ша­руа­шылығын дамытуды экономикалық саясаттың басты басымдықтарының бірі деп белгіледі. Саланың бәсекелестік қабілетін арттыру, экспорттық мүмкіндігін нығайту мақсаты алға қойылды. Ауыл шаруашылығының әлеуетін жаңа қырынан көтеру үшін ірі инвестициялық жобалар жасалынды. Елімізге үлкен қаупін төндірген әлемдік қаржы-экономикалық дағда­рыстың ықпалы күшейген шақтың өзінде бұл салаға деген қаржы қолдауы ешбір бәсеңсімеді. Қайта аграрлық саланы жаңа жобалар негізінде қарқынды дамытудың стратегиялық шешімдері сол дағдарысты кездің өзінде пайда болып, жүзеге асып келеді. Аталған шаралар қазірдің өзінде жемісті нәтижелерін көрсете бастады. Қазақстан соңғы төрт-бес жылдың айналасында халықаралық рыноктарға астық шығаратын әлемдегі алдың­ғы қатарлы он елдің қатарына қосылды. Оның үстіне, соңғы төрт жылдан бері әлемдік рынок­та ұнмен қамтамасыз ететін ең басты елдердің біріне айналды. Астықты сыртқа шығарудың ұтымды жолдары айқындалып, теңіз жағалау­ларында орналасқан шет мемлекеттердің порт­тарынан қазақстандық терминалдар салу немесе оларды сатып алуға екпін түсірілді. Сонымен Қазақстан қазірдің өзінде халықаралық рынокқа астық және одан әзірленген өнімдерді шығарушы ел ретінде танылып, өзінің осы қол жеткізген жетістік деңгейіне берік табан тіреп отыр. Ендігі кезекте мал шаруашылығын дамытуға үлкен мән берілуде. Осыдан екі-үш жыл бұрын әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың екпінімен елімізге енген ауыртпалықтарды еңсеру мақсатында мемлекеттік шаралардың барлығы бес басым бағыт аясына топтастырылған тұста, сол бағыттың бірі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесі болғандығы бекерден бекер емес. Міне, осы мақсатта 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджетті жасақтаған тұста агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 350 миллиард теңге қарастырылған болатын. Сонымен қатар, сол тұста өмірге келген «ҚазАгро» холдингі алдына жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру міндеті қойылды да холдингке 120 миллиард теңге қаржы бөлінді. Инвес­тициялық жоба­ларды жүзеге асы­р­ғанда, бірінші кезекте экспорттық әлеуетті ны­ғайтатын іс-әрекеттерге көбірек мән берілді. Қазіргі уақытта сол бір қиын шақта еліміздің агроөнеркәсіптік кешені алдына Елбасы қойған басты міндеттердің бірте-бірте жүзеге асып келе жатқандығын анық бай­қауға болады. Бірінші кезекте сала бұрынғыға қарағанда неғұрлым сапалы дамуға қарай бет бұрды. Оған мемлекет қолдауы, соның ішінде неғұрлым басым деп белгіленген бағыттарға субсидия­лардың бөлінуі үлкен ықпал етуде. Саланың неғұрлым заман тала­бына сай дами бастағандығын 2010 жылдың қорытындылары көрсетіп отыр. Өткен жылы бүкіл еліміздің аумағы бойынша құрғақшылықтың етек алып, табиғаттың тосын мінез танытуы көбейгенімен ауыл ша­руа­шылығы саласы тұрақтылық таныта білді. Рас, табиғат та өз дегенін істеді. Құрғақ­шылық салдарынан астық өнімділігі едәуір деңгейде төмендеді. Осының салдарынан астық алу жөнінен рекордтық көрсеткіштерді қайта­лаған 2009 жылмен салыстырғанда ішкі жалпы өнімнің деңгейі 88,3 пайызды құрады. Ал басқа салалардың барлығында өсу, алға басу болды. Соның ішінде өңдеу саласы 2009 жылмен салыстырғанда 13 пайыз дамыды. Саланың экспорттық белсенділігі күшейді. Мәселен, алдын-ала жасалынған есептеулер бойынша өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 16,2 пайыз арта түсті, ал импорт 3,5 пайызға қысқарды. Екіншіден, егін шаруашылығында алдыңғы жылмен салыстырғанда өнім көлемі азай­ғанымен, егістік құрылымының әртараптан­ды­рыла түскендігіне көз жеткіземіз. Міне, осының нәтижесінде соңғы екі жылдың көлемінде майлы дақылдар егістігін екі есе арттыруға қол жеткізілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнім­де­рінің экспорты да барған сайын әрта­рап­тан­дырыла түскендігін байқаймыз. Мәселен, 2010 жылдың 11 айында 2009 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жарма өнімдерінің экс­пор­ты 5,3 есе, ет және консервіленген ет өнімдері 4,7 есе, қант экспорты 5,7 есе, күріш экспорты 6,3 есе, кондитерлік өнім­дер экспорты 80,7 пайыз, макарон экспорты 28,6 пайыз, ұн экспорты 7 пайыз, печенье экспорты 15,3 пайыз артып отыр. Өткен жылы еліміздің тағам өнеркәсібі саласында 2,2 мың кәсіпорын жұмыс істеді. Жұмысы экспортқа бағытталған 228 өңдеу кәсіпорны 5 миллиард теңгенің субси­диясына ие болды. «ҚазАгро» холдингі болса, жоғарыдағы 120 миллиард теңгеге Ақмола, Алматы және Қостанай облыстарынан ет өңдеу кешенінің желісін, Маңғыстау облысынан Қазақстан ас­ты­ғын экспорттауға бағытталған құры­лымдарды, Қос­танай, Ақмола облыстарынан мал бор­да­қылау алаңдарының жүйесін, Шы­­ғыс Қа­зақ­стан, Павлодар, Қостанай об­лыс­тарынан көк­өніс сақтау қоймаларының кешенін, Алматы, Жамбыл об­лыс­тарынан қой жүнін өңдеу өн­дірістерін, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыс­тарынан ас­тық сақтау қой­маларын салу және жаңғырту жұ­мыстарын, Ақмола, Солтүстік Қазақстан об­лыс­тарынан талапқа сай мал сою пункттерін дамыту ісін белсенділікпен қолға алуда. Со­нымен қатар Иранның Әмірабад порты­нан Қазақстан үшін астық терминалын пай­да­лануға берді. Соңғы кездері Үкімет Елбасының агро­өнер­кәсіптік кешеннің алдына қойған негізгі мін­дет­терінің бірі – 2014 жылға дейін агроөнер­кә­сіп­тік кешендегі еңбек өнімділігін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға кірісті. Бұл міндет кадрлар біліктілігін арттыру, техноло­гиялық тұрғыдан саланы қайта жаңғырту арқылы шешілетіндігі белгілі. Өткен жылы осы бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. 2011 жылдың 1 қаңтарын­дағы мәлімет бойын­ша, 2392 ауыл шаруашы­лығы техникалары, соның ішінде 764 трактор, 618 астық жинау комбайны, 235 тұқымсепкіш, 97 тұқым себу кешені және басқа да техникалар сатып алынды. Егін шаруашылығындағы ылғал сақтау тех­но­логиясын енгізу, егіншілікті тамшылатып суару ісін нығайту шаралары күшейе түсті. Соның нә­ти­жесінде өткен құрғақшылық жылы қазақ­стан­дық­тар көп қиындықтарға душар бола қойған жоқ. Мал шаруашылығы жақсы даму үстінде. Өткен жылы оның дамуы 2-3 пайызға өсе түсті. Бұл сала жылдан-жылға тұрақты даму бағытын ұстап келеді. Өткен жылдың тағы бір ерекшелігі осы салаға болашақта үлкен серпін беретіндей мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция жұмыстары басталды. Елімізде тәуел­сіздік жылдарынан бері тұңғыш рет оның сенімді жүйесі құрылып, оған 800-ден астам асыл тұқымды мал шаруашылықтары тартылып отыр. Қазақстанның осы саладағы жүргізіп жатқан жұмыстары халықаралық ұйымдар мен білікті сарапшылардың назарына ілігуде. Мәселен, бүкіләлемдік экономикалық форумның жаһан­дық бәсекелестік жөніндегі бағалауы бойынша біздің еліміз «ауыл шаруашылығындағы саясат­ты қолдауға бөліне тін шығындар» бойынша бұрынғы орнынан 31 пункт алға жылжып, 62-орынды иеленген. Үкімет отырысында еліміздің аграрлық саласындағы дағдарыс кезінде атқарылған шаралар туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев жүйелі түрде баяндап берді. Соның ішінде «ҚазАгро» холдингіне бөлінген 120 миллиард теңгеге 60 жобаның жүзеге асырылуда екендігін, оның елеулі бөлігі экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталса, 34 жоба импорттық тауарларды алмастыруға арналғандығын айтты. Инвестициялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру Осы мәселе бойынша негізгі баяндаманы Индустрия және жаңа технологиялар ми­нистрі­нің орынбасары Альберт Рау жасады. Оның айтуынша мәселені шешу барысында бүкіл Үкімет «экономиканы қолдан басқару» ре­жімінде жұмыс істеді. Министрліктің ал­дында тұрған басым бағыттың бірі отандық өндірісшілерді қолдау болды. «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-тың жарғылық капиталына берілген 115 миллиард теңге қаржы есебінен банк Экономиканы әртараптандыру жөніндегі мемлекеттік комиссия оң шешім шығарған нысандарды қаржыландыруда. Мемлекеттік комиссия қолдау көрсеткен жобалардың қатарына 39,9 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба кіреді. Олар­дың қатарында Тараз металлургия зауытының ферроқорытпалар өндірісін кеңейту және модернизациялау, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортын дамыту, Атырау мұнай өңдеу зауы­тындағы хош иісті көмірсутегін өндіру кеше­нінің құрылысы, «Ақтау халықаралық теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту. Порт айды­ны. Кіреберіс арналар. Теңіз түбін тереңдету» (үшінші саты) жобалары болды. Бұл айтылғандардың сыртында Қор «Қа­зақ­стан темір жолы» АҚ-қа «Қорғас-Же­тіген» және «Өзен-Түркіменстанның шекара­сы» темір жол желілері құрылысы» жобасын қар­жыландыру үшін қаржыны қайта бөлу шең­берінде несие түрінде 70 миллиард теңге бөлді. Сонымен қатар, 46,5 миллиард теңге бо­ла­тын қалған қаржыны белгіленген процеду­раларды өткізгеннен кейін «Бейнеу-Бозой» газ құбыры, «Алатау-Жарық» компаниясының подстансасы, Атырау облысында газ-химия кешені инфрақұрылымының құрылысы сияқты жобаларға бағыттау жөнінде шешім қабыл­данып отыр. Осылайша банк аталған бағыт бойынша 39,9 миллиард теңге қаржы игерді. Ол бө­лін­ген 115 миллиард теңгенің 34 пайызын құ­райды. Ал Қордың игергені жарғылық капи­талды толықтыруды және «Қазақстан темір жолы» АҚ-қа бөлінген несиені ескергенде 145 миллиард теңге немесе бөлінген қаржының 75 пайызын құрады. 2009 жылдың 12 желтоқсанында «Самұ­рық-Қазына» АҚ пен Қытайдың Эксимбанкі арасында өзара түсіністік туралы меморан­думға қол қойылып, соған сәйкес «Қазақ­станның Даму банкі» АҚ қытайлық банктің несиесіне қол жеткізді. Ол Атырау облы­сындағы газ-химия кешені құрылысына инвес­тицияланбақ. «Балқаш жылу-электр орталығы құрылысы» жобасын 1,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржыландыру жөнінен Корея даму институттарымен келісімге қол жеткізілді. Қазіргі таңда Екібастұз ГРЭС-2-нің қуаттарын кеңейту жобасын қаржыландыру мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ, «Интер РАО ЕЭС» АҚ, Ресейдің Внешэкономбанкі, Еуразиялық даму банкі және «Екібастұз ГРЭС-2» АҚ арасында келісімге келу мәселелері шешілуде. Сол сияқты Мойнақ су электр стансасының қуаттарын іске қосу бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмысты жүзеге асыру үшін 75,5 миллион АҚШ долларын құрайтын сомаға жобалық құжаттар әзірлеу қолға алынды. Қазақстандық үлесті арттыру мәселесі бой­ынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Осы мәселеге байланысты 2009-2010 жылдары 14 нор­мативтік құқықтық акті қабылданды. Тауар­ларды сертификаттау жүйесі енгізілді. Осылардың және басқа да шаралардың нәтижесінде 2009-2010 жылдары тауарларды, қызметтерді жүйе құрушы кәсіпорындардың сатып алуындағы қазақстандық үлестің деңгейі 60 пайызды құрады. Қазақстанның индустрияландыру картасын жүзеге асыру аясында 2010 жылы жиыны 8 миллиард теңгені құрайтын 152 жоба жүзеге асып, 23 мың жұмыс орны құрылды. 2009 жылмен салыстырғанда өнеркәсіптік өндіріс­тің өсімі 110 пайызды құрады. Әлеуметтік саланың әлеуеті Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, 2009-2010 жылдары халықты жұмыспен қамту мақсатында құрылған «Жол картасын» іске асыру үшін 342,7 миллиард теңге бөлінді. 8880 жоба іске асырылды. Осының нәтижесінде 392 мың жұмыс орны құрылды. Осы жобаның аясында тұрғын үй-комуналдық шаруашы­лығының 1532 нысаны жөнделді. «Жол картасы» жастар практикасымен қамтуды 2008 жы­лмен салыс­тыр­ғанда 20 есе көбейтуге мүм­кіндік берді. Жастар практикасы аяқталғаннан кейін 19 мыңнан астам жас маман өздері практикадан өткен компанияларда тұрақты жұмысқа орналасты. Сөйтіп дағдарыс кезінің өзінде жастар арасындағы жұмыс­сыздық 0,6 пайызға дейін азайды. Мемлекет басшысының 2008 жылғы Жол­дауында берілген тапсырмаға орай зейнетақы­лар­дың, жәрдемақылар мен бюджеттік сала қызметкерлері еңбекақыларының 2009 жыл­дың 1 қаңтарына бастап 25 пайызға, 2010 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап тағы да 25 пайызға (бюджеттік сала қызметкерлері еңбек­ақылары 1 сәуірден бастап), ал үстіміздегі жылдың 1 қаң­тарынан зейнетақылар мен жәрдемақы­лардың 30 пайызға өскенін атап көрсету қажет. Ал бюджеттік сала қыз­меткерлерінің еңбек­ақыларын өсіру осы жылдың 1 шілдесінен басталады деп белгіленіп отыр. Сол сияқты бала туған және бала күтіміндегі аналарға да лайықты көмектер көрсетілуде. 2010 жылдың 1 желтоқсанына қарасты бала туғанда берілетін көмекті 322,1 мың адам алған. Осылайша жәрдемақыларға төленетін шығындар алдын­дағы жылдың тиісті мерзіміне қарағанда 18 пайызға артып, 14,8 миллиард теңгені құраған. 2010 жылы аз қамтамасыз етілген отбасы­ларын­дағы жастары 18-ге толмаған балаларға көрсетілетін жәрдемақылармен 745,8 мың бала қамтылған. 2010 жылдың қорытындысы бойынша табыстары кедейшілік мөлшерінен төмен 194,5 мың азаматқа 2,8 миллиард теңге көле­мінде атаулы әлеуметтік көмектер көрсетілген. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың негізгі үлес салмағы (59,6 пайыз) немесе осы мақсаттар үшін бөлінген қаржының 61,1 пайызы ауылдық жерлерде тұратындарға тиесілі болып қалып отыр. Ал жұмыссыздар үшін көрсетілетін атаулы көмек мөлшері былтырғы деңгейде, яғни 9 пайыз көлемінде өзгеріссіз қалуда. Өткен жылдың тоғыз айы ішінде 162,3 мың отбасына тұрғынжайлық көмектер көрсетіл­ген. Көмектің мұндай түрінің орташа мөлшері 1,6 пайызға өсіп, 1728,2 теңгені құраған. Ал 2010 жылы 70 шақырымнан астам жол салынды және қайта қалпына келтірілді