Көрсең
Аймақтар • 25 Қаңтар, 2022
Қостанайда ата-ана қамқорлығынан айырылған және жетімдер санатына жататын 2 мыңнан астам бала баспана кезегінде тұр. Бала дейміз-ау, кезінде кезекке бала болып тіркелген мұқтаждардың алды бүгінде отыздан асып кеткен. Мұның сыртында, үй кезегінде тұрған І және ІІ топтағы 795 мүгедек тағы бар. Олардың біразы мемлекеттен алатын азын-аулақ жәрдемақының көбін өздері жалдап отырған пәтердің айлық ақысына жұмсайды. Бұлар да жетім. Көп ішінде жоқтықпен, жалғыздықпен бетпе-бет қалып, тұрмыс пен денсаулықтың тауқыметін қатар тартып, шарасыздықтың шырмауынан шыға алмай отырған әлеуметтік жетімдер. Көбі жасық, момын, біртоға тіршілік етіп жатқан артық әңгімесі жоқ бұйығы жандар. Олардың жалдамалы пәтердің ішіндегі жалдамалы жастыққа төгілген ыстық көз жасын суық қабырғаның сыртындағы көпшілік сезіне алмайды.