Қазақстан • 01 Қаңтар, 2018
Міне, біз бүгін қасиетті қазақ елінің абыройын асқақтатып, мерейін асырған Тәуелсіздік дәуірінің тарихи оқиғаларға толы тағы бір жылын аяқтап, күнтізбелік 2018 жылдың алғашқы парағын аштық. Өткен жылға өкпеміз жоқ, келген жылдан үмітіміз көп! Сондықтан Жаңа жылдың жаңа күнімен бірге қолдарыңызға тиген сүйікті газеттеріңіз «Егемен Қазақстанның» алғашқы саны арқылы өздеріңізге аз-кем сөз арнауды жөн көрдік.
Ықылымнан келе жатқан ынсап деген ұғым-түсінік бар. Біле білгенге ынсаптың мағынасы өте терең. Әрбір ізгілікті һәм иманды адамның өмірлік мұратының, адамшылық қағидасының алтын арқауы осы ынсап деп білгеніміз абзал. Ата қазақ: «Ынсапсызда ұят болмайды» деп бекер айтпаған. Хакім Абай: «Ынсап, ұят, терең ой – Ақыл, зейнет, біліп қой» деп қайырған. Олай болса, адам бойындағы ең асыл қасиеттердің қатарында да осы ынсап, ынсаптылық тұрмақ.
Анау ғасырдың басында нағыз ұлт жазушысы, Бейімбет Майлин «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз, Ауыл дене, біз – қозғатар жанымыз. Кел, еңбекші, қол ұстасып бір туға, Жиналайық қалмай жасы, кәріміз!», деп ауылды көркейтуге елді шақырғаны алдыңғы толқынның есінде болса керек. Сол үлгі қазір де күн тәртібіне шықты.