01 Қаңтар, 2018

Ауыл әкімі: бюджет пен бедел

694 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Анау ғасырдың басында нағыз ұлт жазушысы, Бейімбет Майлин «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз, Ауыл дене, біз – қозғатар жанымыз. Кел, еңбекші, қол ұстасып бір туға, Жиналайық қалмай жасы, кәріміз!», деп ауылды көркейтуге елді шақырғаны алдыңғы толқынның есінде болса керек. Сол үлгі қазір де күн тәртібіне шықты.

Ауыл әкімі: бюджет пен бедел

Шынында, ауыл – алтын бесік. Бұл жаттанды, жарамсақ сөздей естілер. Бірақ жер иесі қазаққа олай естілуі, әсте мүмкін емес. Ақиқатына келсек, қазақтың тірегі де, тірлігі де жерінде, ауылында жатыр. Бабалардан қалған байтақтың қоламтасын өшірмей отырған да ауыл адамдары. Қаланы көркейтіп, көлбең-көлбең бастырып отырғанда қазақ жерінің асты мен үстіндегі байлығы. Жері жоқ ел ел бола ма?! Жерін тиімді пайдаланбаған жұрт жұрт па?! Қазақты әлем таныса, алдымен сол жердің кеңдігіне, дәулетінің молдығына, халқының ұйыған бірлігіне, ұя бұзбайтын бейбітшіл тірлігіне қарай бағалап отыр. Ас ішіп, аяқ босатпайтын, бөз киіп тоздырмайтын жер бетінде жан жоқ шығар. Сол асың мен бөзің, яғни шикізат ауылда өндіріледі. Қазір әлем халқының табиғи тағам дегенде таңдайлары тақылдап отыр. Оның арнасы қазақ жерінде екенін, баяғыдағы бабаларымыздың сөзімен тәмсілдесек, ойық тұмақ орыс та, қиық тұмақ қытай да, өзгелер де біліп, қыры мен ойына, көк тіреген тауы мен көсіліп жатқан даласына көз салып, тату көршілік, берік достық аясындағы қарым-қатынаста болуға ұмтылуда. Осы ұмтылыс үдей берсе, ауылда өндірілетін өнім құны алтынмен пара-пар болуы күмәнсіз. Қазірдің өзінде табиғи өніміміз шетке жіберіліп жатқанын естіп-біліп отырмыз. Әсіресе жасанды тамақ пен киімнен азар да безер – іргедегі көршіміз табиғи бір түйір дәнге сусап отырғаны белгілі.

Осыны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерте ескеріп, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына бастамашы болды. Есейіп бара жатқан алдыңғы толқынның орнын жастар бассын деген ниетпен озық идеяны елдік іске айналдырды. Оқыған жас ауылға барса, ондағы жас солармен қоян-қолтық араласып, кіндік қаны тамған жердің тірлігін оңалтып, тірегі болады деді. Осы жақсы бастама кей тұста жергілікті жердегі басшылардың салғырттығынан, жұрт болып жұмылып жағдай жасамаудан, қаржы жоқ деген желеумен кей өңірлерде баянды болмағанын несін жасырамыз. Таудай үмітпен барып, әлгіндей үйлесімсіздіктен салы суға кетіп қайтқандар да жоқ емес, бар. Біз мұны неге айтып отырмыз, себебі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамында ауыл, село, кент секілді елді мекендердің дербес бюджетін енгізуді міндеттеп, соған дайындық жұмысын жүйелі жүргізуді тапсырған болатын. Енді соны жүзеге асыру басталады. Яғни 2018 жылдың алғашқы күнінен тұрғындары екі мыңнан асатын ауыл әкімдері бюджетке өздері иелік етеді. Иелік етіп қана қоймайды, жиналған қаржыны бұрынғыдай жоғарыға жалтақтамай, өзі жұмсап, өздері басқарады. 2020 жылдан барлық ауыл басшыларының өз қолы өз аузына жетеді. Бейімбет өлеңіндегі «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз... Жиналайық қалмай жасы, кәріміз» деп бас құрайтын күн туды. Бұл ауылдың басындағы тұманды сейілтері хақ.

Бұрын ауыл жұртынан түскен түсім­ге иелік ете алмай, ортақ қазаннан ойда­ғы­­сын ала алмай, алдыңғы билікке алаң­­дай беретін ауыл әкімдері осы мүм­­кін­дікті дөң­гелетіп әкетсе, қане? Мұн­дай жұ­мыс­ты қазірдің өзінде атқарып жүр­ген­дер де, ауыл әкімі атын малданып, бер­ген көлікпен аудан мен ауыл арасын шаң­­дататындар да баршылық. Егер осы іс оң шешімін тапса, жеке-жеке кетіп, өз тірлігімен күн көріп отырған ауылдың бір орталыққа бірігіп, жұмылуларына жол ашылады. Бәрін ақша шешетін заманда қолына ақша тиген ауыл әкімі оны қожыратпай, жұртқа пайдасы тиетін іске жаратса, шашыраған ауыл шара­сыз­дықтан құтылары айдай анық. Әрине түсім әртүрлі ғой дейтіндер табылар. Барды ұқсатам дегенге қазақ жері тарлық етпе дейді. Жоқтан бар жасап, қара тас­ты қақыратып әдемі өмір сүріп отырған жұрттар әлемде аз ба?

Қайталап айтсақ, ендігі жерде ауыл әкімі бұрынғы қалыбында қалып қоймай, жоғарыдағының жетегінде кете бермей, заң аясында, Елбасы міндеттеген іске сай сауаттылықпен қызмет етуі керек. Олар ендігі жерде сатып алу, сату, тендер өткізу ісімен де айналысатын болады. Мұның бәрі ат үстінде атқарылмайтын жұмыс. Жасыратыны жоқ, көптеген ауыл әкімдері әлі күнге көрермізбен жүрген тәрізді. Оны елге барғанда аңғарғандай болдық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай емес, қаржы қолға тиген кейбір аудан әкімдері шетінен «құдіретті» болып кеткендей. Оған еліктеген төңірегіндегілер де кем қалмауға тырысады. Мұндай «кеселге» ауыл әкімі ұрынбаса екен. Алдыңғылардың жолдарымен жүрмей, арлы шенеунік болуы тиіс. Ауылдың «жыртық тесігін» бітеу үшін нақты жоба-жоспар жасамаса, түскен қаржының бір тиынын құратпай жұмсамаса, алыстағы облыс, аудан секілді емес, көз алдында жүрген жұрт сілкіп алары рас. «Бұрынғы тіске сыздық болмайтын аз-кемнің қасында бұл бір батпан құйрық екен», деп ауыл әкімі қаржыдан шатысса, ел сенімінен, өзін-өзі басқаруға жол ашып, бюджетін бекітіп берген Елбасы үмітінен айырылып, беделден жұрдай болары күмәнсіз.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»