01 Қаңтар, 2018

Ынсап пен ысырап

14078 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ықылымнан келе жатқан ынсап деген ұғым-түсінік бар. Біле білгенге ынсаптың мағынасы өте терең. Әр­бір ізгілікті һәм иманды адамның өмір­лік мұратының, адамшылық қа­ғи­дасының алтын арқауы осы ын­сап деп білгеніміз абзал. Ата қа­зақ: «Ынсапсызда ұят болмайды» деп бекер айтпаған. Хакім Абай: «Ын­сап, ұят, терең ой – Ақыл, зейнет, біліп қой» деп қай­ырған. Олай бол­са, адам бойын­да­ғы ең асыл қа­си­ет­тердің қата­рын­да да осы ынсап, ын­саптылық тұрмақ.

Ынсап пен ысырап

Демек, ынсапсыз иманнан қалас. Ынсапсыздың ындыны жаман, тойымсыз, қомағай келеді. Ынсап болмаған жерде ырыс пен береке тұрақтамайды. Ынсапсыздар байлыққа ғана емес, атақ пен даңққа, күпсінген бос мақтанға да құмар. Осындай қуыс кеуделер Абай айтатын бекер мал шашпаққа, ысы­рапшылыққа жол береді.

Қазіргі дәу­леттілердің дені дүние-малды бы­лай­ғы жұртқа мен сондаймын деп мақтанып атақ шығару үшін шашатын ғадет тапты. Сөйтіп, ынсапсыздықтан ысырапқорлықты туындатуда. «Аттыға ілесемін деп жаяудың таңы айырылыпты» дейді. Сол айтпақшы, осындай даңқойлық пен дарақылықтан шығынға батып, қарызға кіру қазіргі әлемдік қаржы қиындығының заманында «апам тойға барады, мен де барамынның» керімен дырдуға ілескен көп қазаққа оңай соғып отырмағанын да айту парыз.

Елімізде мың-миллиондаған доллар ақша нешеме түрлі салтанаттарды, ас пен тойды өткізуге суша ағып, еш мән-мағынасыз жұмсалып жатқаны аса қынжыларлық жағдай. Осы келеңсіз әлеуметтік құбылыстың ауқымы барған сайын асқынып барады. Әсіресе, шен-шекпенділер, байбатшалар, атақты адамдар аста-төк салтанатты тойлар өткізуге құмар. Олардың көздегені – даңқ, іздегені – бақталастық пен бәсеке. Сенген серкем деп жүрген бұл адамдар жалпы көпшілікке парасаттылық, мәдениеттілік пен үнемшілдік үлгісін көрсетудің орнына, керісінше, жұртты жалған намысқа, көзсіз елірмеге жетелеп, жарға жығады. Өздері той-то­малақтан басқа, қымбат көліктер, шет­елден жылжымайтын мүліктер, хан са­рай­ындай ғимарат-үйлер, тағы басқа дү­ние-мүкәммал сатып алуға қап-қап ақ­ша жұмсайды.

Ақшалы азаматтарымыздың басым көпшілігінің ой өресі, ақыл-парасаты бес күндік жалғанның арзанқол қызығынан, әкәку-сәкәкуден, одан қалды, тойшыл­дық пен тоғышарлықтан аспай жатқаны өкі­нішті. Олар кергіп сөйлейді, кер­дең­деп жүреді, қымбат көлік мінеді, бі­рақ өздері ындын мен құлқынның құ­лына айналғанын, адами тұрғыдан азып-тозып бара жатқанын білмейді. Біздің дәулетті отандастарымыздың «қайырымдылығы» өзінше бір жосын: олар той-салтанатына, туған күндеріне әлдебір Ресей жұлдызын көл-көсір ақша төлеп алдырта салады, әйтпесе сүй­­ікті көңілдесіне жеке үй сыйлап жі­бер­у де түкке тұрмайды. Осындай ойсыз ысыраптың бәрі, айналып келген­де, қазақ менталитетінің түпқазық т­і­ні са­налатын ынсаптың әлгіндей ағай­ын­дарда азайғанын, иә болмаса мүлдем жоқтығын көрсетеді.

Қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп тегін айтпаған. Ашқұрсақ жүрсек те, иініміз жүдесе де тойшыл ха­лықпыз ғой, қазақтың тойы таусылма­сын деп тойшылдығымызға шаң жу­ытпаймыз. Иә, қазақтың тойшыл ха­лық екені рас. Бірақ бұрынғы тойлар ойшыл тойлар болатын. Ол тойлардың сәні мен салтанаты салт-дәстүрімізбен са­бақтасып, бос дабыра мен даңғазаға жол берілмейтін.

Бүгінде бізге, әсіресе, үйлену һәм мерей тойларының тағылымы мен тартым­ды­лығы азайып бара жатқандай көрінеді. Қа­зақтың әдемі тойшылдығы мен әйбәт қонақжайлығы әсіре тойшылдық пен әсіре қонақжайлыққа айналып бара жатқан сыңайлы.

Бұл неден көрінеді? Шамамыз кел­сін-келмесін тыраштанып, тағы да жал­ған намысқа шауып, аста-төк той жа­сау­ға дайын тұрамыз. Көрпеге қарай кө­сілмей, ол үшін банктен миллиондап несие аламыз. Қара жолынан шаң бұр­қы­раған ауылдардың өзіне күйеу мен қа­лыңдықты жалға алған лимузиндатып кіргізетін болдық. Осындай рәсуалану өзін ақтаса жарапты-ау. Миллиондап алған несиенің үстеме пайызынан да құтылмай жатып әлгі ақ некенің арасына сайтан кіріп, жас жұбайлардың ажырасқанын есту қандай ауыр, неткен өкініш.

Қорлықтың көкесін неше мың доллар­ға жалдаған, қызметін бұлдағыш әм­бе бұлданғыш кішігірім «жұлдыз» аса­ба­лардан көреміз. Тойдан тойға көш­кен жаттанды, жылтыр көкемылжың сөз­дері жалықтырып-ақ жібереді. Аузы­на келгенді көкиді. Ойын ойнатамыз деп, тойды көңілді қылғансып көрген­сіз­дікке, әдепсіздікке салынады, үлкен отыр-ау, кіші отыр-ау демейді. Екі жақ­тың да құдалары өз тойларының шыр­қын өздері бұза алмай, беттерін басып, ондай әбес ерсіліктерге әрең шыдап отырарын да талай байқап жүрміз.

Дандайсытқан даңғой да дарақы ынсапсыздық не істетпейді? Ақшаны да шашады, елге күлкі де қылады. Жердегі көше қозғалысын тоқтатқан той эскорты жайына қалып, енді жас жұбайлар тікұшақпен аспан төрінде салтанатпен самғайтынды шығарыпты. Әйтеуір, түбі қайырлы болсын.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»