Қоғам • 27 Желтоқсан, 2016
«Айшаның» ырысын арттырған «Игілік»
Бүгінгі ауылдардың әлеуеті тұрғын үйлердің бағасымен өлшенетіні бар. Жуырда Ивановкаға барғанымызда таң-тамаша күй кештік. Осыдан он шақты жыл бұрын аты да ұмытыла бастаған елді мекеннің емен-жарқын тіршілігіне таңғалмасқа болмайтын еді. Қабырғасы қақырап, сонау бір мезеттегі ауыр күндердің салмағын көтере алмай жантайған бірен-сараны болмаса, оқтай түзу көшелерде әдемі үйлер бой түзепті. Тереңдеп үңілсек, тарих көшіндегі қызметін аяқтаған әлгі жатаған қоныстардан жылы лептегі естеліктер есетіндей. Осының өзі ел Тәуелсіздігінің танымдық тәбәріктерін айшықтайтыны анық.