26 Желтоқсан, 2016

Иранда Қазақстан азаматтары сотталмаған

123 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгін Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель Иранда қазақстандықтардың сотталмағанын мәлімдеді. Отырыста «Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын талқыланды. Иоган Меркельдің айтуынша, Иранмен қатынастар дамығаннан бері кәсіпкерлік және туризм бағытында ел азаматтарының аталған мемлекетке сапарлары жиілеп келеді. Тек биыл Иранға біздің 350 азаматымыз барса, Қазақстанға 2 мыңнан астам ирандық келген. «Соңғы 10 жылда 5 ирандық біздің елде сотталған және олардың соңғысы қараша айында бостандыққа шығып, еліне оралды. Дегенмен, Иранда бір қазақстандық абақтыға қамалған, кейіннен ол рақымшылыққа ілікті. Бүгінде сотталғандар жоқ», - деді ол. Екі ел арасында сотталғандарды беру үдерістері келісілді. Егер де Иранда қазақстандық бұзақылық үшін қамауға алынса, үкім заңды күшіне енгеннен кейін ол немесе оның заңды өкілі еліміздің консулдық мекемелері арқылы жазаны одан әрі өтеуі үшін Қазақстанға ауыстыру туралы прокуратуға өтініш жасауы тиіс. Сотталғандарды өзара беру шаралары егемендікке, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіргенде, екі тараптың заңнамасына және мүдделеріне қайшы келгенде бас тартылуы мүмкін.