• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2011

Халықтың қалауы, көптің тілеуі

846 рет
көрсетілді

Елбасымен біргеміз!

Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды

Халықтың қалауы, көптің тілеуі Еліміздегі тәуелсіздік тұ­сын­дағы жетістіктердің бәріне Ел­ба­сымен бірге, Елбасының ар­қасында қол жеткені барша жұртқа, бүкіл әлемге аян. Сон­дық­тан  Президенттің өкілет­ті­гін ұзарту идеясы бүкіл Қазақ­стан халқының ойын, тілегін білдіретінін атап өту  ләзім. Өт­кен жылы Ұлт Көшбасшысы туралы идеяны да қарапайым халық түсіністікпен қабылдап, бірауыздан  қолдаған болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы көптен бері адами капитал жөнінде айтып келеді. Еліміздің, халқы­мыз­дың, бүкіл қазақстандық­тардың бағына біткен ең басты адами капитал – Елбасымыздың өзі, оның саяси ұйымдасты­ру­шы­лық қабілеті, мол тәжірибесі, көрегендігі, қажымас жігері, іскерлігі, табандылығы мен тап­қырлығы, шет елдердің  кәнігі қайраткерлері мен саясаткерлерін мойындатқан халықаралық беделі. Мұндай капиталдың  бү­гін-ертең жинала қоймасы анық. Қолда барды толық пайдалана білгеніміз абзал. Іштегі, сырттағы қоғамдық пікір­мен санасып отыру керек. Біздер қазір басқа елдермен даму үрдісі ұқсас қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ  кейбір жағдайларда түйінді мәселе­лерді өзімізше шешіп, өзімізше әрекет жасауға тура келеді. Істің жайы осыны талап етеді. Неге біз өз  шешімдерімізге «анау қа­лай қарайды», «мынау қалай қа­райды» деп алаңдай беруіміз керек? Нұрсұлтан Әбішұлының ел басқару ісіндегі ерекше қасиеті – ол көптің пікірімен санасады, бірақ өзінше шешім қабылдай­ды, өзінше әрекет жасайды. Құдайға шүкір, осы кезге дейін оның бастамалары мен шешім­дерінің бұрыс кеткен жері жоқ. Ұлы Маркс Дантенің мына сөзін үнемі бетке ұстайды екен: «Өз жолыңмен жүре бер, мейлі, жұрт не десе, о десін». Ережені, заң талабын, әрине, бетке ұстау керек. Бірақ кейде өмірде ережеге де сай келмейтін жағдайлар болады. Президент бел­гіленген уақытта – бес жыл­да ма, жеті жылда ма – сай­ланып отыруы керек. Заң қаріпі (буква закона) осыны талап етеді. Мысалы, 1999 жылдың ба­сында кезекті Президент сай­лауы өтті. Төрт адам биліктен үміткер болды. Бірақ Н.Назар­баевқа қарсы тұратын лайықты балама болған жоқ. Мұны жұрт­тың бәрі түсінді. Бірақ алты ай бойы сайлауға әзірлік жұмысы жүрді. Көптеген кездесулер бол­ды. Көптеген адамдар өз жұ­мыс­тарын қоя тұрып, сайлау науқанына тартылды. Ақыры, сайлаушылардың 90 пайыздан астамы қазіргі Президентімізді жақтап дауыс берді. Формальды тұрғыдан алғанда заң ережесі сақталды. Ал іс жүзінде нәти­жесі алдын-ала белгілі шара үшін қанша уақыт, қанша күш, қаражат жұмсалды? 2012 жылғы сайлауда да – егер ол болатын болса, –  Н.На­зар­баевқа лайықты балама жоқ. Сондықтан ел-жұртты алаңда­тып,  қоғамның даму қарқынына нұқсан келтіріп, сайлау өткізу­дің қажеті жоқ. Жұртшылықтың пікірі осыған саяды. Демократия деген халықтың қалауы. Халық айтса, қалт айт­пайды, дейді қазақ.  Халық қол­даса, халықтың еркіне жол беру керек. Президенттің өкілеттігін ұзар­ту жөнінде  бүкілхалықтық референдум өткізуді оңды деп есептейтініміз – мұндай референдум Ата Заңымызға қайшы келмейді, керісінше, оны нақты тарихи жағдайға сай нақты қолдану болып табылады. Референдум да – нақты демократия­лық қадам. Себебі ол – бүкіл халықтың, жалпы жұрттың еркін білдіретін шешім. Халық Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан, танытып қана қоймай, мойындатқан басшы­сын орынды мақтан тұтады.  Ха­лық еліміздегі тыныштық­тың, тұрақтылықтың, қалыпты дамудың сақталуын Елбасының дана басшылығымен байла­ныс­тырады. Осындай ауызбірліктің, ынтымақтың арқасында біз, өт­кен жылы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс­та Нұрсұлтан Әбішұлының өзі атап көрсеткендей, «ұлттық ру­хы берік, саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, бәсекеге қабілетті, халықара­лық беделі зор қуатты мемлекет құрдық». Тұлғаның тарихтағы рөлі қандай болатынын біз Нұрсұл­тан Әбішұлының өмірі мен қызметінен анық көре алдық. Бізде бұрын президенттік би­лік болған жоқ, біз оның не екенін білмейтін едік. Енді, міне, тәуелсіздік алғаннан кейінгі он тоғыз жылда президенттік биліктің жасампаз жақтарын аң­ғарғандай болдық. Соның ар­қа­сында біз жас мемлекетімізді аяғынан тік тұрғызып,  оны осы жолмен ғасыр бойы дамып келе жатқан елдер қатарына қостық. Елбасының өкілеттігі жалғаса бергенін қалауымыздың  мәнісі осы. Нұрсұлтан Әбішұлы бір ел­дің ғана, өз халқының ғана қор­ғаушысы, жоқтаушысы болып қойған жоқ. Аз уақыттың ішінде ол сөзі дуалы, ісі өнегелі бүкіл әлемдік тұлғаға – «Әлем адамына» айналды. «Жеті ата­сын білген ер, жеті жұрттың қа­мын жер» деген даналық сөз бар. Бұған ұлы француз жазу­шысы Ромен Ролланның пікірін қосайын: «Нағыз ұлылар – жү­регі барша жұрт үшін соғатын­дар». Нұрсұлтан Әбішұлын тап осындай ұлылар қатарына қосуға болады. Көріпкел сарапшылар, саясаткерлер Елбасымызды Мұс­тафа Кемал Ататүрікпен, Махатма Гандимен, Джавахарлал Нерумен, Ли Куан Юмен, Дэн Сяо Пинмен салыстырып жүр. Түркі жұртшылығы Нұрсұлтан Назарбаевқа астанасында ескерткіш орнатып, көше атын беріп, «Түркі әлемінің көшбас­шысы» деп атап жүр. Мұның бәрі тектен тек емес. Қыр­ғызстан да, Ауғанстан да, Грузия да, қаласаңыз, алпауыт ел Ресей де Нұрсұлтан Назар­баевқа үміт артады. Біздер, Өскемендегі респуб­ли­калық ынталы  топтың жиы­нына қатысқандар, «Егемен Қа­зақ­стан» газетінің басшысы Сауытбек Абдрахманов келтірген еліміздің абзал ағасы Байкен Әшімовтің Елбасының ең­бегі туралы айтқан мына сөзін тебірене тыңдадық: «Екі тізгін, бір шылбырды қолына еркін бергеннің ар­қасында, ел баста­ған еріміз деп бүкіл ха­лық бо­лып сенгеннің ар­қа­сында, аза­ма­тымыз алға апа­рады деп соңынан ергеннің арқасында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы елдің көшін бір белестен бір белеске биіктетіп алып бара жа­тыр. Ана талапты сақ­тай­мыз, мы­на жер­дің көңі­лінен шы­ғамыз деп жү­ріп, саяси тартыс­тарды қолдан ұйым­дастырып, көш қар­қы­нын қолдан кідіртетін, ха­лықты тек­ке ырың-жы­рың ететін, жа­сам­паздық істен алаң­дататын қадамдардың еш­­қайсысының да қажеті жоқ. Елдің тізгіні Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың қо­лын­да ба­рынша ұзақ болуы үшін біз қол­да бар мүмкіндік­тердің бәрін жасауымыз керек. Тоқсаннан жа­сы асқан мына маған енді ештеңенің де керегі жоқ. Тек елдің ты­ныш­тығы, жердің бү­тіндігі, елдің мерейі керек. Соның бәріне халқы­мызды жұмылды­ра­тын, алыс асқар­ларға ұмтыл­ды­ратын Азамат бізде бар. Нұрсұлтан Әбіш­ұлының бас­тауымен біздің алар асулары­мыз әлі алда. Елбасы­мыздың бергені көп, берері одан да көп. Ендеше азаматтың тілеу­ін тілейік». Міне, аманатқа барабар абыз ағаның ұлағатты сөзі! Бұдан артық не айтуға болады? Біздің бағытымыз – дұрыс, жолымыз – сара. Ойдағыдай жү­зеге асып жатқан, экономи­ка­ны да, өндірісті де, саяси-әлеу­меттік салаларды да қамти­тын стратегиялық бағдарлама­лары­мыз бар. Оларды белгілеген Ел­басы және оларды жүзеге асыру да Елбасы – Нұрсұлтан Әбіш­ұлы арқылы мүмкін бол­мақ. Қазыбай БОЗЫМОВ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық  университетінің ректоры. Орал. Даму тізгінін тежемейік Қоғамымызда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу мәселесі қызу талқылануда. Осыған байланысты біз «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әмірхан РАХЫМЖАНОВҚА жолығып, пікірлескен едік. – Халықтың саясатқа белсене ара­ласуы дамыған мемлекеттерде айқын көрінбейді. Тұрақты даму жолына түскен мемлекеттерде онымен тек қана саяси элита айналысып, елдің даму жолындағы саясатын белгілейді. Ал біздегі жағдай ерекше, тәуелсіздік алған тұсымыздағы экономикалық қиын­шылықтар халықты үнсіз отыр­ғызбай, кей жағдайда бұл саланың оң мен солын болжай алмаса да белсенді жұрттың бәрі саясаткер болып шыға келді... Қазір көбіміз сол кездердегі қиыншылық­тарды ұмытып та кеттік. Тіпті олар болмаған да сияқты. Шындығында, Қазақстандағы экономикалық, саяси реформалар көпжылдық тоталитарлық жүйеден кейін полиэтностық мемлекетте жүргізілді. Оларды жүргізуде аза­маттық қоғам институттарының рөлі артты, яғни мемлекет пен әлеуметтік қатынаста аза­маттық қоғам, әсіресе, саяси реформалардың ең маңызды субъектісіне айналды. Атын атамай-ақ қояйық, бірақ тәуелсіз елінің алыс болашағын ойламай, барын базарлап, тыныш қана өмір сүре бергісі келген кейбір мемлекет басшылары артынан нарықтың бұл­қынған өзгерістерінің қалыпқа сыймай, бұ­зып-жарып, елін тыныштықтан айырған жағ­­дайларына тап болды. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы өзіне тыныш өмірді емес, елге қажетті ты­ныштықты, алыс көкжиектегі жарқын бола­шақты ойлады, сол үшін де ұлы тәуекелге бар­ды. Өте күрделі кезеңде астананы Алматыдан Ақ­молаға көшіру туралы батыл шешім қабылдады. Халқымызда «Тәуекел түбі желқайық – мінесің де өтесің, Уайым түбі тұңғиық – бата­сың да кетесің» деген тәмсіл бар ғой. Пре­зиденттің тәуекелі де халықты экономикалық тығырықтан алып шықты. Әрине, Президент Н.Назарбаевтың тәуекелі көзсіз тәуекел болды деуге болмайды, оның қадамдары алдын ала зерттелген, кейбірі сараптан өткен шешімдер болатын, бірақ соны іс жүзіне асыру үшін ұлы қайраткерлерге ғана тән қарым-қабілет керек болғаны анық. Қазақ халқының, барша қазақ­стан­дықтардың бақытына орай сондай қасиет­тер Нұрсұлтан Әбішұлының бойынан табылды. – Президентіміздің саяси қадамдарын­дағы жетістіктерінен нені айрықша атар едіңіз? – Қазіргі заманда саясаттың маңызы өте зор екені бәрімізге белгілі. Бүгінде әрбір адам­ның тағдыры саясаткерлердің қабылдаған шешіміне тікелей байланысты, яғни қоғам саяси элитаның шешімі мен іс-әрекетіне тәуелді. Олай болса, тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақ елінің болашақ тағдыры Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдаған саяса­тына тікелей байланысты болды. Назарбаев саясатының өте дұрыс, сарабдалдығын қазіргі уа­қыттағы еліміздің тұрақты дамуы толық дәлелдеп отыр. Осы арада, Елбасының елдегі ұлтаралық тыныштықты сақтаудағы батыл да шебер шешімдерін айрықша атар едім. Ұлтаралық мәсе­ле барынша нәзік, шетін дүние ғой. Оның қайшылық қоламтасы күні бүгінге дейін көптеген елдерде өзінің оты сөнбегенін білдіріп қояды. Ал біздің Елбасымыз соны шешу­дің айрықша жолын тапты. Ол Қазақстан хал­қы Ассамблеясы деп аталған әлемде бала­масы жоқ ерекше институт құрды. Сол институт арқылы ұлттардың мәселелері айтылып және шешіліп отыр. Солар арқылы Қазақ­станның ұлттар арасындағы татулыққа бағыт­талған саясаты барлық ұлттар өкілдеріне жеткізіліп, олардың ризашылығына бөленудеміз. – Ал енді Президентіміздің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартудың қаншалықты қажеттілігі бар деп ойлайсыз? Кезекті сайлау болып, 2012 жылы соған түссе де Н.На­зарбаевтың жеңіске жетері белгілі емес пе? – Бүгінгі күні Елбасымыздың басшылығы­мен елдегі үдемелі инновациялық-индустрия­лық даму бағдарламасы іске асырылуда. Өткен жылдың жетістігі ретінде осы бағдарламаның бірінші жылының табысты аяқталуын айтуға болады. Желтоқсан айында елге тікелей эфир арқылы хабарланған 152 индустриялық жоба іске қосылып, соның нәтижесінде 800 млрд. теңгенің қаражаты игерілді, 24 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл тек қана бірінші жылдың нәтижесі. Ғажап емес пе? Ең бастысы, енді осы екпінді азайтпау керек. Ал ол үшін, яғни алдымыздағы тоғыз жылдағы жос­парды нәтижелі аяқтау үшін республика жұрт­шылығынан үлкен жауапкершілік және еңбекпен қатар, елді жұмылдыра алатын Елба­сымыздың мемлекет басында қала бергені дұрыс. Конституциямызға сәйкес президенттік сайлау 2012 жылы өтуі тиіс. Қазіргі уақыттағы Елбасымызға деген елдің толық сенімін ескеретін болсақ, 2012 жылғы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың аса басымдықпен жеңіске жетері ешқандай күмән туғызбаса керек. Олай болса, еліміз осындай қарқынмен, шапқан аттай зулай дамып келе жатқанда тағы да сайлау науқанын жүргізіп, елді де, билік органдарын да әбігерге салып, айтарлықтай қаржы шығындаудың қандай қажеттілігі бар және оның елдің қазіргі дамуына кері әсерін тигізуі де ықтимал ғой. Сондықтан шығысқазақстандықтардың Тұң­ғыш Президентіміз, көреген саясаткер Н.На­зарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқ­санға дейін бүкілхалықтық референдум арқы­лы ұзарту туралы бастамасын толық қолдай­мын. Себебі, референдум да демократияның белгісі, яғни сайлау құқығы бар Қазақстан азаматтарының өз еркі бойынша саяси пози­циясын білдіруі, ел басқару ісіне араласуы. Яғни, біз ел дамуының қызуын суытпауымыз, шабысымызды ірікпеуіміз керек. Өткен жылдың 24 желтоқсанында еліміздің барлық аймақтарында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кең ауқымды есептік-сайлау шарасы басталды. Шара бірнеше кезеңді қамтиды. Ең алдымен, партиямыз­дың негізгі күші – бастауыш партия ұйымда­рында ұйымдастырылуда. Олардың жалпы саны еліміз бойынша 6 мыңнан асса, Астана қаласында олардың саны 267, осылар тікелей халықпен жұмыс жасайтындықтан, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымға баса назар аударып отыр. Есептік-сайлау жиындары барлық бастауыш партия ұйымдарында өтуде. Атап айтарым, күн тәртібіндегі мәсе­ле­лер­мен қатар, елордалық нұротандықтар шығыс­қазақстандықтардың еліміздің Тұңғыш Президенті өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жө­нінде референдум өткізу туралы бастамасын да назардан тыс қалдырған жоқ. Партия мү­шелері референдум өткізу мәселесін бірауыз­дан толық қолдайтындықтарын білдіруде. Дәл осындай қолдау «Нұр Отанның» Астана қаласындағы барлық бастауыш партия ұйымдарында айтылатынына сенімім мол. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ. Елге тіреу болған ерге сүйеу болуға дайынбыз «Ақ орда» республикалық қозғалысы мен «Нұр Отан» ХДП Алматы қаласы Медеу аудандық филиалының ұйымдастыруымен жиын өтіп, еліміздің бірқатар зиялы азаматтары, қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері Мемлекет басшысынан Парламент палаталарының шешіміне келісім беріп, Тұңғыш Президент өкілеттігін алдағы он жылға ұзарту туралы референдумға қолдау көрсетуді сұраған үндеу қабылдады. Алғашқы сөзді алған белгілі заң­гер, мемлекет, қоғам қайрат­кері Сұлтан Сартаев әңгімені әріден бастап, елімізде тәуелсіз­діктің салтанат құруындағы Ел­ба­сының сіңір­ген еңбегіне, тағ­дыр­лы ше­шім­­дер мен тарихи ке­зеңдерге тоқ­тала келе: «Елімізде жасалып жат­қан жақсылық істер­дің бәрі Нұре­кеңнің іс-әрекетінің, ерен еңбегінің қорытындысы, жемісі. Ендеше, біз Нұрекең қанша уақыт жұмыс істей алса, сонша­лықты мерзім, мүмкін­дік беруіміз керек» деді. Одан кейін өз тілегін білдірген даңқты қолбасшының ұлы, жазушы Ба­қыт­жан Бауыр­жан­ұлы өз отбасы­ның Елбасы­ның талай жылылы­ғын сезіп келе жатқанын, әсіресе, әкесіне Кремль­дің қамалында жар­ты ғасырдай жатқан жұлдызын алып беруін зор мақтанышпен еске алды. «Бұл атақ әкеміз үшін де, біз үшін де емес, халық үшін керек еді. Сондағы маған жіберген құт­тықтау жеделхатында «Баукең жұл­­дызды болған күн, халықтың жұлдызы жанған күн» деген сөзі бүгінде қанатты сөз айналды. Нұре­кеңнің жақсылығын ұмыт­сақ кім болғанымыз?» десе, ҚР ха­лық әртісі Ескендір Хасанға­лиев «Нұрекең өзінің алға қойған міндеттерін аяғына дейін жеткізуі тиіс, ол үшін әлі қаншама жұмыстар бар, соның бәрі бір қолдан шықса дейміз» деген ойын білдірді. Басқосуда, әсіресе, «Восход» ЖШС бас директоры Валико Мат­каваның сөзі әсерлі шықты. Ол өзінің Абхазияда туғанмен, Ал­матыда әскери борышын өте­ген соң, осында қалып, үйленіп, ұрпақ сүйгенін, бірақ туған елінде қалған ата-анасының өміріне алаңдайты­нын, онда азамат соғы­сы жүріп, со­ның кесірінен бүгін­де бірге ту­ған­дар бір-біріне жау болып, қауіпті өмір кешіп жатқа­нын сөз етті. «Дүниеде еркіндік пен бейбітшілікке еш нәрсе тең келмейді. Сондықтан Нұрекеңнің өкілетті­гін ұзарту жайында, тіпті, ойлану­дың қажеті жоқ дер едім. Ол те­к өз елінде емес, бүкіл Орталық Азияда бейбітшілік орнатып отыр», – деді. Тіл жанашыры Асылы Османова да Елбасының жаратылысы бө­лектігін, баршаның баласын бауы­ры­на басып, адамзатты жат­сын­бай­тын, аразды татулас­тыра­тын, алыс­ты жақындас­тыратын кісілік, адам­гершіліктің негізі қалан­ған, әлем мойындаған Назарбаев екенін ерекше сезіммен жеткізе келе: «Нұре­кеңе қанша өмір берсе, сонша Қазақстанның Көшбасшы­сы бол­сын» деген өз ықыласын білдірді. Сондай-ақ, дөңгелек үстелде Қо­наев атындағы халықаралық қор­дың төрайымы Жанна Ас­қа­рова, белгілі қаламгер Сұлтан Қа­лиев, Алматы қа­ласының бас има­мы Қ.Маханбет, Елбасының сы­нып­тастары Р.Сера­зит­динова, Р.Тілемісова, ардақты ана­лар, ұстаздар атынан ақ тілегін біл­дірген Батыр ана Мәрзия Тұр­лы­ха­нова және басқалар Елбасының өкі­леттігін ұзарту жөнінен референдум өт­кі­зуді қолдайтын­дарын білдірді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. Ел бірлігін сақтаған Иә, адам қартайған сайын әр нәрсе ойыңа келе ме деймін. Ба­ла­лық дәуір қиындықпен өткені өзіме аян. Арыстағы ауылда жоқ-жұқа өмір сүрдік. Қазір бәрі ертегі сияқты. Ауылдан Қажықтан қала­ға қоныс аудардық. Қала ор­та­сын­дағы Астана атты даңғыл­мен жал­ғасқан «Сәулет» шағын ауданында қолдан салған бес бөлмелі үйде жеті жанбыз. Таяуда пәтерімізге газ келді. Үй газбен жылытылатын халге жеттік. Зей­нетақымыз уақы­тылы. Немерелер өсуде. Бірінің аты – Нұрсұлу, екіншісі – Нұр­дәурен! Алла Елбасымыз бастаған Нұрдәурен одан әрі жалғасқай деп тілеймін. Бастағы бақты баға­лайық, бауыр­лар! Сенатор, бір кезде ректор, одан соң қала әкімі болған Бақберген Досманбетовтің: «Бұл – саясаттың жалауы емес, жүректердің қа­лауы» деп бір кездесуде төгілте сөй­легені есте қаларлықтай бол­ды. Ақжүрек қалауы әдетте бір құдіреттен де биік болмақ! – деп ой түйді сенатор. – Қазақстан халқы алдағы он жылға да туынды тұлғамен бірге баруды қолдауы биік парасаттық, – десті жұртшылық. Әсте, ақындар сөзі әдетте асыл маржанға ұқсас қой. Ақын Махмұтбай Әміреұлы: Бұлжымайды мүддеміз, Бұзылмайды іргеміз. Ел бірлігін сақтаған, Елбасымен біргеміз! Міне, сөз! Осы өлең жер-жерде ұранға айналды. Мұны референдум салтанатының әсері деу­ге болады. Қазақ халқының бағы мен берекесі біздің Елбасымыз. Қазақ­стан­да ұлттық және рухани лидер бар, ол – Нұрсұлтан Әбішұлы! Бір сұхбатында Шыңғыс Айтматов: Назарбаев – өте дарынды тұлға. Қазақстан халқы тіпті арман­маған, қиялдамаған мықты жұ­мыс­тар атқарды. Үлкен тәуекелге барып, Астана сынды дүниені таңырқатқан қала салды деп тебіренгені бар. Өркендеудің нағыз асуы алда тұр. Осы кезеңде ел басқарудың қабілет дарынын өмірлік тәжіри­бесі мол Елбасына сеніп тапсыру, референдум өткізу, Елбасының өкілеттігін 2020 жылға ұзарту халық ойының нағыз кемел­денуінің көрінісі. Өскен елдің, өркендеген елдің қан соғысы бұл! Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, зейнеткер, еңбек ардагері. Қызылорда. Теміржолшылар  коалицияны  жақтайды Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту жөніндегі бүкілхалықтық бастаманы Ақмола темір­жол­шыларының ұжымы қызу қолдауда. Бөлімшенің барлық еңбек буындарында жұмысшылар жиыны өткізіліп, қол жинау рәсімі белсенділікпен аяқталды. Бурабай-Курорты стансасы локомотивтерді пайдалану депосында темір жол тора­бының өкілдері өскемендіктер баста­ма­сының уақыт талабындағы маңызын ашып көрсетті. Темір жол торабының бастығы Бө­кенбай Жадырасынов, депо директоры Қуа­ныш Нұржанов, инженер Аманжол Бай­жанұлы тәуелсіздігіміздің қадірін білетін отандастарымыз осынау ұлы өзгерістер көшін таңқаларлық жеңістерге бастаған Елбасымыздың ерен еңбегімен, өлшеусіз қа­жыр-қайратымен байланыстыратынын күн­делікті жарқын мысалдармен айшықтады. – Біз еліміздің 90-шы жылдардағы жаппай дағдарыс кезеңіндегі жағдайды өз басы­мыздан өткердік, – деді сигнализация және байланыс дистанциясының директо­ры Николай Бондаренко. – Халық өз болаша­ғын өзі сайлаған Президентке сеніп тап­сыр­ды және дана басшының жақсылық пен молшылық айдынына алып шығатынын білді. Ел оның терең ойластырылған бағ­дар­ламаларын жұ­мы­ла жүзеге асыруға кірісті. Сенім серпіліске бастап, қазір әлем­нің айтулы мемлекеттерімен қатарлас күн кешудеміз. Біздің барша­мыз да Елбасының ұзақ мерзімді стратегия­лық бағдарламасы­нан, жыл сайынғы жолдау­ларынан жақсы­лық күтіп дағдыландық. Сол жақсылық­тарды Тұңғыш Президентімізбен бірге жасап, игілікке бөленуіміз керек. Одан кейін Көкшетаудағы теміржолшы­лардың мәдениет сарайында Ақмола жұрт­шылығының кеңейтілген жиналысы болып, «Нұр Отан» ХДП-ның «Қазақстан-2020» жалпыхалықтық демократиялық күштер коалициясын құру жөніндегі бастамасы бірауыздан қолдау тапты. Форум жұмысы­на саяси партиялар мен ұлттық бірлес­тіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақ және жастар бірлестіктерінің, ардагерлер ұйымының белсенділері қатысты. Осының өзі жергілікті теміржолшылардың қалың қауымды ертеңгі болашақты Елба­сы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге көркейтіп дамытуға бастаған тоқтаусыз локомотивке айналға­нын айғақ­тап тұрғандай әсерге бөледі. Ақмола темір жол бөлімшесі дирек­то­ры­ның орынбасары, облыстық мәс­лихат­тың депутаты Бақыт Шамиғанов, облыстық кәсіподақ федерациясының төра­ғасы Кеңес Бекішев, Көкшетау стансасы­ның жылдам­дық­ты реттеушісі Данияр Тоғаев, облыстық коммунистік халықтық партия ұйымының хатшысы Найля Самигуллина, байланыс элек­трмеханигі Гүлме­реке Байтубекова, «Ру­ханият» партиясы облыстық филиалының төрағасы Валерий Тарасов, «Болашақ – біздің қолымызда» корпоративтік қорының атқару­шы дирек­торы Жанат Жақыпов «Нұр Отан» партия­сының референдум өткізуде жалпыха­лықтық күш біріктіруге шақырған бастама­сының маңыздылығын атап көрсетіп, оны жұртшылықтың жаппай қолдайтынына сенім білдірді. Облыс жұртшылығына үндеу қабыл­данды. Бақберген  АМАЛБЕК, Ақмола облысы.