• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2016

Бабы келмеген бағдарлама

484 рет
көрсетілді

немесе балалардың мал қорамен жапсарлас орында оқуының себебі неде? Осы кеше ғана Елбасы Жарлығымен Жер кодексіне енгізілген өзгерістерді, құжаттың талаптарын, мән-мақсатын қарапайым халыққа дұрыс жеткізе алмаған, түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген министрлер отставкаға кетті. Төменде біздің жазып отырған мына мақаламыз да жер, жайылым мәселесіне қатысты жағдайдың айқын бір мысалы деуге болар. Елімізде жүзеге асады деген «Жайлау» жобасын жасаушылардан бастап, жергілікті әкімдер, ветеринария басқармалары өз ауылдарында жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарламаның орындалуына құлықсыздық танытқандай. Жағдай былай: 2013 жылы облыста басталған «Жайлау – Пав­­лодар» бағдарла­масымен Лебяжі ауданы, Шәмші ауылының тұрғыны Ерлан Бөлекбаев көрші «Ардақ» шаруа қожалығынан 100 бас ұсақ қара мал, 4 бас өндіруші қошқар алады. Содан өткен жылғы желтоқсанда қойлар іш тастай бас­тайды. Дереу ауыл, аудан мал дәрігерлерін хабардар етеді. Қаңтар айында сынама алған облыстық ветеринариялық зертхана қойлардан бруцеллез ауруы табылғанын анықтайды. Ветеринариялық заң талаптарына сәйкес, мал дәрігерлері жедел түрде келіп, мал иесімен бірге жүріп, ауру малды бөліп, арнайы таңба салады. Дезинфекция жасауы тиіс. Бірақ, талапқа сай осындай шаралар қолданылмаған соң, Ерлан аудан әкімдігіне, ветеринария бөліміне, облыс­тағы ветеринария басқармасына да барады. Дабылға құлақ асқан ешкім бола қоймайды. – Қора-қопсылы үйімнің жар­тысы мектеп, бастауыш сынып оқушылары оқиды. Ауыл әкімі қорадан жаман иіс шығады, тұрғындар шағымданып жатыр, деп қырға көшуімді өтінді. Өкі­нішке орай, өткен жылы көктемде де, жазда да қойлардан мүлде қан алынбады. Керісінше, мал дәрігері қолыма нұсқама беріп, 6 басты құртып жіберсеңдер болды деді, – дейді Ерлан бізбен әңгімесінде. Мәселенің мәнісі, 2009 жылы қазан айында біз «Егеменге» «Сіз не дейсіз?» айдарымен «Жай­лаудың» жолы болып кетсе игі» деген мақала жазғанбыз. Мақалада «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Павлодар, Өскемен, Семей аумағын қамтитын «Жайлау» атты қанатқақты жоба бастады. Аты жақсы, заты қалай болар, деппіз. Бұл сұрағымызға кор­порациясының басқарма төрағасы Е.Көшербаев: «Көмек тірі мал түрінде беріледі. Ауылдықтар үй­лерін кепілдікке қойып 50 қойға дейін ала алады. Бастапқы капиталы және тұрақты жұмысы жоқ ауыл тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асырумен «Өскемен – Семей – Павлодар» ЖШС айналысады. Серіктестік бағдарламаны жүзеге асыру ережелерін аудан­дық әкімдіктермен келіседі. Жергілікті атқарушы билік, вете­ринарлық қызмет өкілдері бар комиссия құрылады. Қатысушы алған қойларын сақтандыруға міндетті...» деп жауап беріпті. Әрине, Көшербаев айтқандай, ауыл­дықтар үшін қораңда 50, 100 қойдың бол­ғаны оның өсіп-өнгені, көбейгені жақсы-ақ. Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл көсір. Мен де пайдасы көп, өсіремін, мал басын кө­бейтемін деген оймен «Жайлау» бағдарламасына қатысып, қой алған едім. Алғашында 2014-2015 жылдары шамамен 400 000 теңге төледім. 2016-2018 жылдары тө­лейтін негізгі қарызым 3 миллион 600 000 теңге, дейді Ербол. Айтпақшы, Бөлекбаевтың да, ауыл әкімі Жәнібек Омаровтың та мамандықтары мал дәрігері екен. Ерлан Шәмші ауылындағы Төлен Әмірғалы көшесі, 21-ші үйде тұрады. Жоғарыда айт­қанындай, үйінің қабырғалас екінші бөлігінен 2001 жылы аудан әкімдігі бастауыш мектеп ашыпты. Қорасы жақын болған соң ба, Ерлан мектептің күзетшісі болып та жұмыс атқарады. Бруцеллез ауруы­на шалдыққан соң, жуырда жұмысынан шығыпты. Жалпы, ветеринарлар ауру қойларды таңбалап, мал иесіне нұсқама актісін беріп, 15 күн ішінде ауру малдың етін комбинатқа немесе соятын арнайы цехтарға жеткізілуін ұйымдастырады. Бірақ, неге екені белгісіз, Бөлекбаевтың ауру малдары уақытында өндіріске тапсырылмайды, сау малы уақытында тексерілмейді. Әлде, өзі мал дәрі­гері ауру қойларын өзі емдеп жазып алсын деген бе?.. – Өкінішке орай, 15 күн арасында ауру малдар өндіріске тапсырылған жоқ. Күнде ау­данға бардым. Әне әкетеміз, міне әкетеміз деп адамды зарықтырып қойды, – дейді Ербол. Ауру малдың көп уақыт өндіріске тапсырылмай үйде тұрғаны, сондай-ақ, мектептің жанында тұрғаны жайлы сәуір айында аудандық прокуратураны да жазбаша түрде хабардар етеді. Облыстық ветеринария басқармасы «ауыл ішінен ветеринарлық құжатсыз ұсақ малдарды жинап 100 қоймен бірге жайды. Эпизоотиялық таза емес жерде мал бақты, сондықтан, малдар жаппай инфекциялы ауруға ұшырады...» деп жазады. Олай болса, Е. Бөлекбаевтың эпизоо­тиялық таза емес жерде мемлекеттік «Жай­лау» бағ­дар­ла­масымен алынған 100 қой­ды бағып жатқанын ветеринария басқармасы әуел бастан тексермегені қалай? Ескерту жасалып, аудандық, жергілікті әкімдік тарапынан қатаң қадағалануы керек еді. Ол сонда қандай жер? Ауыл маңында эпизоотиялық таза емес жердің барлығы неге айтылмады? Бөлекбаевқа неге жайылымы бар жер, жасыл жайлаулы жер бөлініп берілмеді?.. Ал, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлт­тық компаниясы өз­деріне қарасты «Жайлау» жобасы барысында аудандық әкімдіктер қой өсірумен айналысуға ниеттілердің тізімдерін жасайды, оларға жа­йы­лымдар бөлу мәселесін қарас­тырады...» деген. Үкімет тарапынан мал дә­рі­­герлеріне сырға бөлінеді. Қой­лардың құлақ сырғалары жоқ болса, мал дәрігерлері жауапты. Екіншіден, Бөлекбаев ауыл ішінен «ветеринарлық құ­жат­сыз мал жинады» делінген. Ауыл малдарының ветеринарлық құ­жаттары әлі күнге дейін жасалмаса, мұны аудан мал дә­рі­­­­гер­­­лерінің бақылаусыз қал­дырғандары көрініп тұр. Ауыл ішінің тексерілмеген, егілмеген, ветеринарлық құжаттары жоқ ұсақ малын жаятын жайылымы болмаған соң, бәрін бірге баққан соң да жұққан болар, бәлкім. «Жай­лау» бағдарламасына отар- отар қой сатқан «Ардақ» шаруа қожа­лығына да вете­ринарлар тек­серістер жүргізіп көрсе, артық емес. – Қазір аудандағы Бөлекбаев тұратын Шәмші және Черное ауыл­дарына рес­публикалық эпи­зоотияға қарсы, яғни мал­дар­дың жаппай инфекциялы ауруға ұшырауына орай арнайы емдеу отряды жұмыс жасауда, – дейді ау­дан әкімдігі бізге берген хабарында. Егер Ербол газетке шағым жазбаса, өз малынан басқа ауылдағы қолдағы ұсақ малдардың да бруцеллезбен ауырғандары, ауыратындары сол күйі жабулы қазан күйінде қала беретін сияқты. Жылда болатын үйреншікті жағдай секілді. Мәселенің мәнісі сол, ауылда ауру малдың барын жасырып-жабу, шу шығармау, оңай құтылу үшін малды өндіріске өткізе салу әбден әдет болып кеткендей. Бөлекбаев хат жазайын деп жазған жоқ, дабылына ешкім құлақ салмаған соң барып «Егеменнің» тілшісіне келді. Ал, «Жайлау» бағдарламасы бойынша алынған ұсақ қара мал міндетті түрде сақтандырылуы керек десе де, іс жүзінде бағ­дар­ламаға қатысушы Бөлекбаевқа пай­­­дасы болмаған да сияқты. Өйткені, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлт­тық компаниясы сатып алын­ған қойларды сақтандырып, оларды бес жылға 10 пайыз жылдық үстемемен лизингке береді деп хабарлаған-ды. Қырсыққанда, сақтандыру шартында мемлекеттік бағ­дар­ламаға қатысушыға көмек­тесетін бірде-бір тармақ жоқ кө­рі­неді. Бөлекбаевтың қазір сақтандыратын малы да қалмады. – Сондықтан, «Жайлау» бағ­­дар­ла­масы­мен мал алған мен сияқты басқалар кеш болмай тұрғанда, сақтандыру шартының пайдасы жоқ екенін білсін. Содан, ауру деген 32 бас 93000 теңгеге, 23 бас 40300 теңгеге бағаланды. 1 қой 2500-3000 теңгеден, екінші апар­ғанда 1 қой 1600-1700 тең­ге­ден шықты. Ветеринария бөлімі болса, кеткен шығынның 50 пайызын Үкімет өтейді, 50 пайызын тапсырған жерден ала­сың­­дар деді. Денсаулығыма кел­тірген зиянды кім өтейді? Несиені төлеуге жәрдемдесе ала ма, жоқ па? Ветери­нарлар жа­уап­кершілікке тартылады деп үміттенемін. Бағдарламамен қой алып, ең­бек етіп, ауылда мал басын көбейтемін, қолдау болады деп сеніп қалдым. Ақыры, өзім де бруцеллезге шалдықтым, қолдағы бар малдан айырылды деген осы, – дейді Ербол. Жалпы, 2012 жылы «Лебяжі ауданының ветеринария қызметі» МКК құрал-жаб­дықтармен қам­тамасыз етіліп, 10 ауылда ве­теринариялық пункттер ашылыпты. Онда басшысы, бухгалтер, екі маман, 10 ветеринариялық пункт меңгерушісі, 15 мал дәрігері, 15 ветеринариялық санитар және техникалық жұмыскерлері бар барлығы 44 адам жұмыс атқарады екен. Ауданда жос­пар бойынша көктемгі диагностикалық және профилактикалық екпе жұмыстары жүргізілуде, деп жауап береді аудан әкім­дігі. Тіпті, бруцеллез ауруына қарсы және осы эпизоотиялық жағдайдан шығу үшін ірі қара малды бруцеллезге қарсы РБ-51 деген амери­калық вакцинасымен еккені жөн деп ветеринария мамандары әр ауылда кездесу өткізіпті. Ал, ұсақ қара малды егу жайы айтылмаған. Одан әрі «2014 жылғы 30 қарашада Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы бо­йынша, Павлодар облысы бойынша ірі қара малдан бруцеллез ауруы шығуынан оның нарықтық құнын белгілеу актісі арқылы мал иелеріне малдың бағасының 50 пайызы төленеді», делінген хатта. Ауданда 40-шақты ветеринар дәрігер, 10-15-шақты вете­ринарлық бөлімшелер бола тұра, Ербол Бөлекбаевтың 100 қойы­ның назардан тыс, бақылаусыз қалғаны қызық. Ұсақ мал ауруға ұшырамас үшін мем­лекеттік бағдарламаға қатысушының жағдайын ау­дан­­дық, ауылдық ветеринария қызметі ерекше бақылауға алуы керек болатын. Малдан уақтылы қан алып, тексеріп, ветеринарлар өздері айтпақшы мал қолайсыз аймақта бағылған болса, дереу шара қолдану керек еді. Сонымен бірге, 2013 жылы облыстағы аудан-қалалардың ветеринарларына арнайы залал­сыздандырғыш құрылғысы бар 13 автокөлік беріліпті. Еліміздегі агроөнер­кәсіп кешенін дамытуға бағыт­талған «Агробизнес-2020» бағ­дар­ла­масы қабылданды. Бұл бағдарламаның маңызды ба­ғыт­тарының бірі ветериналық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру деп баса айтылды. Бұл бағытта облыс­та 13 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын құрылыпты. Онда 290 маман жұмыс жасайды екен. Ал «Дипломмен – ауылға!» жобасы бо­йынша ветеринарлық саланы меңгерген 28 жас маман жұмысқа қабылданса керек. Ветеринарлық мекемелердің материалдық-тех­ни­калық базасын нығайту үшін өңірге республикалық бюджеттен 644 миллион теңге бөлініпті. Облыс бойынша екі ветеринарлық зертхана пайдалануға берілді. Әр ауылда мал дәрігерлеріне авто­көлік, жұмысқа қажетті 169 тоңазытқыш беріліпті. Бәрі жақсы дейік, бірақ, әкімдіктен көмек, қолдау таппаған, лебяжілік Бөлекбаев ауру қойларымен бір өзі қалғандай. Мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылы «Павлодар» ӘКК ауыл­дықтарға 6200 аналық қой басы мен 176 тұқымды қошқар таратады. Осы кезде Лебяжі ауданынан «Жайлау – Павлодар» бағдарламасы бойынша 11 шаруа қожалығы, 2 жеке қәсіпкер, 3 ауыл тұрғыны қатысушылар ретінде 1600 аналық қой және қошқар алыпты. Елімізде мал басын өркендету үшін «Сыбаға», «Жайлау» бағдарламалары бар. Ал, «Жайлау» бұл ең төменгі табыс деңгейімен және инфра­құрылым құруға қосымша шығын талап етпейтін, ауыл халқына қол­жетімді тауарлы кредит түрі. Бағдарламаға қатысушылар малды негізгі қарызды төлеумен бес жылға лизингке алады. Мерзім аяқталғанда кәсіп­­­­кер 200 бас қой­ды қайтарады. Жалпы, «Павлодар» әлеу­мет­тік-кә­сіп­­­­­керлік корпорациясы» ұлттық ком­паниясының «Жай­лау – Павлодар» атты облыстық бағ­­дар­ламасы 5 жылға (2013-2018 жж.) арналған. Бағдарлама 2013 жылдың 29 наурызында об­лыстық әкімдікте бекітілді. Облыс бюджетінен 200 миллион теңге қаражат бөлініп, 6,5 мың қой сатып алынады. Бағдарлама мал шаруашылығының халыққа, шаруа қожалықтарына қой басын өсіру және арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау жолымен жасалды. Мақсаты – отарлы қой шаруашылығын дамыту арқылы ауылдықтарды жұмыспен қамту. Яғни, ұсақ малдың жалпы санын әрбір қатысушыға 100-ден 692 басқа дейін артуын жоспарлайды. Компания сатып алынған қойларды сақтандырып, оларды бес жылға 10 пайыз жылдық үстемемен лизингке береді. Өңірде 60 отарлы шаруашылық мемлекеттік қолдауға ие болады. Бағдарламаның жүзеге асырылу барысы «Павлодар» ӘКК» ҰК» АҚ-тың тұрақты бақылауында көрінеді. «Жайлау» бағдарламасының қазіргі уақытта тоқтап қалуына жайылымдар, мал жаятын жерлердің дұрыс бөлінбеуі, болмауы, ұсақ малды қайдан, кімнен сатып алу керектігі, қара­жат көздері, жемқорлық фак­тілері сияқты толып жатқан фактор­лар себеп болған секілді. Екіншіден, жобада вете­ринарлық шаралардың қатаң сақталуы да ескерілмеген көрінеді. Кейбір фермерлер бұл жобаны тиімсіз деп отыр. Өйткені, бір қайнауы ішінде. Әкімдіктер жобаны орындау керек деп едел-жедел тапсырмалар береді. Жай­­лау, жайылым  бар ма, жоқ па, ол жер қой жаюға келе ме, жоқ па, ветеринарлар дайын ба, жоқ па, қора қопсы бар ма, жоқ па, су бар ма, жоқ па, қойшы-малшыға жағдай жасалған ба, жоқ па, оған қарамайды. Айтпақшы, Бөлекбаевтың үйімен қабыр­ғалас үйде сабақ оқитын балалар жайына кел­сек, мақала жазу барысында бізге жа­уап бер­ген аудандық оқу бөлімі мүлде жай­барақат былай деп жауап береді: «Мек­теп ғимараты бейімделген үй-жайда орналасқан. Құжаттары бар. 16 оқушының білім алуына қа­жет­ті жағдай жасалған. 2 кабинет бар, ин­­тер­нет желісіне қосылған. Оқушылардың Е.Бө­лек­баевтың аумағына еркін кіру мүм­кіндігі жоқ». Біз ауданындағы «Жайлау» бағдарла­масы­мен алынған мал­дардың бруцуллез ауруы­на шал­дығуы жөнінде аудан әкімі Серік Жанғазиновпен хабарласып, мынадай жауап алдық: «Ерлан Бөлекбаевтың 27 сә­уір­­де «Егемен Қазақстанның» тіл­­шілер қосы­нына жазған арызынан соң, облыстағы ветеринария басқармасы, эпизоотияға қарсы іс-шаралар бөлімі, аудандық ветеринария бөлімі шұғыл түрде Шәмші ауылына барып қайтты. Қазір аудандағы Бөлекбаев тұратын Шәмші жә­не Черное ауылдарына республикалық эпи­зоотияға қарсы отряд жұмыс жасауда. Біріншіден, мал қоралары шағын, 100-ден астам ұсақ мал ұстауға келмейді. Бөлекбаев елден құжатсыз 350 бас ұсақ мал жинап және «Жайлау» бағдарламасымен алған 100 бас ұсақ малдарын қосып бірге бақты. Баққан орны эпизоотиялық қолайсыз. Құлақ сырғалары болмағандықтан барлық малдардың 100 басынан ғана қан алынды, 6 басы оң нәтиже көрсетті. Құлақ сыр­ғаларының болмауы, елден құжатсыз мал жинауы жеке аулалар мен шаруа­шылық субъектілерінде бруцеллез ауруын қолдан туындатты. Құлақ сырғалары болмағаны туралы 2015 жылы ветерина­рия басқармасы атына хат жолданған. Биылғы жылдың 14 қаңтарында Е.Бөлекбаевтың ұсақ қара малы іш тастағаны туралы хабар келді. Облыстық ветеринариялық зерт­ханаға сарып ауруына зерттеу үшін жеткізілді. №SO-16-S-00018-A-D сараптау актісі бойынша бруцеллез ауруынан таза деп оң нәтиже көрсетті. Наурыз айында 101 бас қойдан қан алынып аудандық зертхананың № SO-16-SO8(04)-00038-А-С сараптамасы бойынша 60 бас қой, 1 бас жылқы және 1 бас ірі қара малдың бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталды. Ауру ұсақ қара малдардың 5-уі өлген, 55 ба­­сы сәуірде Май ауданына қарасты «Ақжар Өндіріс» ЖШС-нің консерві жасау цехына, бір бас мал Қашыр ауданының ветеринариялық пунктінде сойылып «Ет-Бастау» ЖШС-іне тапсырылған», деп жауап беріпті аудан әкімі Серік Жанғазинов. Осы жуырдағы әкімдік отырысында облыс әкімі Болат Бақауов әкімдерге, басқарма басшыларына «Біз жедел қимыл­дауымыз керек», деді. Яғни, атқарушы органдардың басшыларына бір-бірімен хат алмасуды доғарып, өңірлік басқармалармен тікелей жұмыс жасауды тапсырды. Об­лыс әкімі қазіргі кезде кейбір қара­пайым мәселелердің өзі жедел түрде шешілмейтінін айтып өтті. Тікелей байланыс жасаудың орнына, хат жазып, оның жауабын апта бойы күтіп отырады. Басқармалар қағазбастылықпен айна­лысып отыр, деді Болат Бақауов. Екіншіден, өңір басшысы мем­лекет-жекеменшік әріптестігі бойынша жобаларды көбірек ұсыну керек дейді. Мы­салы, біз жоғарыда айтқан «Жайлау» бағдар­ла­ма­сының жүзеге асырылуына тікелей қатысы бар «Павлодар» әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорациясының жұмы­сын да сынға алды. Корпора­ция басшылығының өз жұмыстарында кертартпалықпен айналысатыны айтылды. Сонда аудандағы «Жайлау» бағдарла­масына қатысушы қарапайым ауыл тұрғыны Ербол Бөлекбаевтың 100 қой жобасының іске аспай қалғанына енді кімдер жауап береді? Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы, Лебяжі ауданы