Жақында Қазақстанның Германиядағы елшілігі мен Еуропа қазақтары қоғамдастығының қолдауымен Кёльн қаласында Германия, Ұлыбритания, Франция, Венгрия, Австрия, Швейцария, Швеция, Дания, Норвегия, Нидерланд, Түркия, АҚШ елдеріндегі этностық диаспораның екі мыңға жуық өкілінің басын қосқан Еуропа қазақтарының кезекті кіші құрылтайы өтті.
Қазақстанның Германиядағы елшісі Болат Нүсіпов Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау жолдауын оқыды. Елбасы өзінің құттықтауында қазақ диаспорасын келе жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, «Мәңгілік Ел» Ұлттық идеясының кағидаларына сәйкес, ана тілін сақтау және дамыту, мәдениет және ұлттық салт-дәстүрді, тарихи Отанымен байланысты нығайту сияқты мәселелердің маңыздылығын атап өткен.
Қазақстандық дипломат мемлекет тарапынан қазақ диаспорасын қолдау бойынша үлкен жұмыс жүргізілгенін хабарлады. Мысалы, 2014 жылы Берлинде ашылған Қазақ мәдени-экономикалық орталығында қазақ әдебиетінің классиктері, қазіргі заманғы қазақ жазушыларының шығармалары, қазақстандық журналдар мен газеттер, оқулықтар, сөздіктер, мемлекеттік тілді оқытуға арналған оқу-әдістеме құралдары, сонымен қатар, еліміз туралы танымал электрондық өнімдер ұсынылды. Осы материалдар қазақ диаспорасының өкілдері үшін қолжетімді және үлкен сұраныс туғызып отыр. 2010 жылы Берлиндегі Гумбольд университетінің жанынан ашылған «Қазақстан және қазақ тілі» лектораты қазақ диаспорасының жастарына ана тілін үйренуге, Қазақстанның тарихымен танысуға және қазіргі заманғы дамуынан ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Неміс тарапынан Бундестаг депутаты, қандасымыз Генрих Цертик сөз сөйлеп, Қазақстанда тұрып жатқан 800 мың этностық немістер үшін тарихи отанымен байланыстарды қолдау және дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол Германияда тұратын этностық қазақтардың өзіндік ерекшеліктеріне назар аударды. Г.Цертик неміс халқы қазақтардың оларды өз отбасына қабылдап, ажалдан арашалап қалғандарын ешқашан ұмытпайтынын, қашанда құрмет тұтатынын атап өтті.
Еуропа қазақтары қоғамдастығының басшысы Абдул Каюм Кесичи өз сөзінде еуропалық отандастардың басқосуларын өткізу соңғы он жылда жақсы дәстүрге айналғанын жеткізді. Оның басты мақсаты – өз елінің ұлттық мұрасы мен мәдениетін жастардың бойына сіңіру. Мұндай кездесулердің өз тарихи Отанынан алыста жүрген қазақтар үшін маңызы өте зор. Ең бастысы – осындай құрылтайлар отандастар үшін аса өзекті мәселелерді талқылауға, оларды шешуге мүмкіндік береді. А.Кесичи Еуропада тұратын қазақтардың атынан өздерін жеке қолдауы және қамқорлығы үшін Елбасына алғысын білдірді.
Құрылтай шеңберінде жастар арасында түрлі байқаулар, спорттық сайыстар ұйымдастырылып, суреттер көрмесі ашылды, сонымен қатар, балалар мерекесі өткізілді. Танымал қазақ әншілерінің орындауындағы дәстүрлі және заманауи музыкалық шығармалар аталған шараға ерекше ұлттық нақыш берді.
Жалпы, Еуропадағы қазақ қауымдастығы 7 мың адамның басын біріктіреді.