• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2016

Университеттегі салтанат

311 рет
көрсетілді

Кеше Мәскеуде Қазақ­станның Ресейдегі елшісі Марат Тәжин Мәскеу мемле­кеттік университетінің Азия және Африка елдері инсти­тутының (ММУ ААЕИ) құрыл­ғанына 60 жыл толуына арналған салтанатты мәжіліс­ке қатысты. Өзінің сөзінде Қазақстан елшісі Марат Тәжин ММУ ААЕИ – кәсіби шығыстанушылар мен африкатанушылар, іс жүзінде Азия мен Африканың барлық елдері мен өңірлері бойынша мамандар дайындауда жетекші әлемдік орталықтардың бірі екенін атап көрсетті. М.Тәжин, сондай-ақ, ММУ ААЕИ-дің Қазақстанға шығыстану саласында мамандар дайындауға қосып келе жатқан үлкен үлесін көлденең тартты. «Бүгінде ММУ ААЕИ-ді бітіріп шыққан көптеген қазақстандықтар еліміз экономикасының түрлі салалары мен бағыттарында жемісті жұмыс істеп жүр. Осы қабырғада алған білімдері тәжірибемен толықтырылып отырғандықтан, олар Қазақстанды шетелдерде де лайықты көрсетіп келеді. Тек соңғы жылдың өзінде ММУ ААЕИ-де түрлі мамандықтар бойынша 20-дан астам қазақстандық оқып, тәжірибеден өтті», – деді Қазақстан елшісі. Дипломат, сонымен қатар, ММУ ААЕИ-де Азия мен Африка халықтарының 40-тан астам тілімен қатар, жоғары кәсіби деңгейде қазақ тілі де оқытылып келе жатқанына назар аударды. Қазақстандық ЖОО-лармен және зерттеу орталықтарымен тығыз әріптестік байланыстар жолға қойылған. Бұдан бөлек, ол 2015 жылы ММУ ААЕИ-дің базасында Қазақ хандығы қалыптасуының 550 жылдығына арналған «Түркі елінен Қазақ хандығына дейін» деп аталатын халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны бірлесіп өткізудің табысты тәжірибесі жүзеге асқанын атап өтті. Салтанатты мәжіліс концерттік бағдарламамен аяқталса, оның барысында ММУ ААЕИ-дің студенттік квартеті қазақтың «Армандастар» әнін орындады. «Егемен-ақпарат»