ақын Ұлықбек Есдәулетпен Астанада кездесу кеші өтті
Кешті «Киіз кітаптың киесі» деп атаған екен. Неге десеңіз, Ұлықбек ақынның еліміздің ең мәртебелі Мемлекеттік әдеби сыйлығын «Киіз кітап» атты жыр жинағы үшін алғанын жамағат жақсы біледі. Кітаптың алғысөзінде абыз Әбіш Кекілбаев оның қазақ поэзиясындағы аймаңдай орнын да айшықтап айтып бергені есімізде. Ал көш бастаған көрнекті ақын Темірхан Медетбектің берген бағасы мынадай: «Ұлықбек Есдәулетов – өз тұстастарынан әдебиетке әлдеқайда ерте келіп, жұрт көзіне ерте іліккен жігіт. Ол шәкірттік мектептен шұғыл түрде өтті де, өлеңдегі өз жолын, өз үнін бірден-ақ белгілеп алды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін бұл ақын өлеңдері бүгінде бұрынғыдан да ауқымын кеңейтіп, бұрынғыдан да тереңдей түсті. Оның өлеңдері енді қазіргі қазақ поэзиясының принциптері, сәттіліктері мен перспективті тенденцияларына арналған еңбектерде сөз бола алатындай деңгейге көтерілді дей аламыз».
Шынымен де, алпысыншы жылдардың соңы, жетпісінші жылдардың басында өлең-жырлы, өнерлі, әдеби Алматыға әлі мектепте оқып жүрген Ұлықбектің өзінен бұрын өлеңі жетіп еді. Сонда біз, журфактың 1-2-курс студенттері, ҚазМУ мен консерватория ортасындағы Қазақстанның барлық газеттері ілінетін аллеяда Ұлықбек Есдәулетовтің оқта-текте шығып тұратын өлеңдерін жапа-тармағай оқитынбыз. Бір-бірімізге: «Ұлықбектің өлеңі шығыпты», деп бейнебір оны бұрыннан білетін адамдай сөйлейтінбіз. Әсіресе, қайтыс болған сырнайшы ағасы Бақытқа арналған «Баян» атты өлең қатты әсер еткен болатын.
Осы сөзіміздің растығын Ұлттық академиялық кітапханада өткен кездесу кешінің меймандары айқындап ажарлай түсті. «Шу қаракөк» деп тізгінді қолға алған айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы кешті жүремелетіп әдемі жүргізіп отырды. Кештің бас қонағы: «Әдебиет бар жерде әдеп бар. Кітап – тәрбиеші», деп көпшілікпен амандасу шарасын жасай келе, өзі ертеректе ғашық болған бір жанға арналған «Кітаби роман» атты өлеңін оқи жөнелген. Жиында өзінің жан жары Бейсенкүл де отыр. «Ойпырмай!» деп қоямыз іштей. Махаббат, сүйіспеншілік сырын шерткен Ұлықбектің ғажап өлеңі «Құшақтап өлсем арман жоқ, ғашығым менің кітап-ай!» деп аяқталғанда поэзия құдіретіне тағы бір тәнті болып шаттанысып қалдық.
Әдебиетші ғалым Тұрсын Жұртбай Ұлықбектей іні досының ақындығы мен азаматтығы хақында үлкен ойлар толғады. Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкей «Лениншіл жаста» басып шығарған өлеңдер арқылы Ұлықбектің ұлы жолы басталғанын баян етті. Ақынның бүршіктей жас кездегі ішкі тұнық сезімі өмірде де, өлеңде де лайланбас, кір жұқтырмас тазалықпен келе жатқанын баса айтты. «Қазақта өлеңіне сын айтылмаған екі ақын бар. Оның біреуі – Олжас, екіншісі – Ұлықбек. Әрине, сыншылар сын айтпаймыз демейді, тек бұл екеуінен кемшілік таба алмайды. Ұлықбек сондай, шашасына шаң жұқтырмайтын, жаман өлең жаза алмайтын ақын», деп түйіндеді Т.Жұртбай.
Ақынмен өнерде бірлескен күйші-сазгер Секен Тұрысбек Ұлықбек досының өлеңімен үйлесім тапқан дүние-жалған жайындағы жаңа әнін әсем қоңырлатып орындап берді. Иә, бұл ақынның өлеңдеріне жазылған әндердің де тағдырлы, талайлы болып келетін бір сиқыр жұмбағы бар. Секен жаңа әнді аяқтағанда біз соның әсерінен арыла алмай: «Аяқталады бәрі де ерте ме, кеш пе, Арманым ғана ешқашан аяқталмайды», деп әннің соңғы қайырымын іштей қайталай бергенбіз.
Ұлықбек поэзияда қызығарлықтай бақытты ғұмыр кешіп келеді. Оның алғашқы қадамдарына, алғашқы кітаптарына бірден-ақ Қуандық Шаңғытбаев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі сияқты марғасқалар жылы пікір айтып, қуана қол соққан. Қазірде ақынның поэзиясы, бес томдыққа бір жинақталған бүтіндей шығармашылығы кандидаттық, докторлық диссертациялардың толымды тақырыбына айналуы да бір ғанибет.
Филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы өз буынының әдебиетке құлаш ұрған жас талаптарына Ұлықбек ақынның өлеңдері «Әбілхаят» суындай әсер еткенін әдемі естелікпен әрлей баяндады. «Қыздардың махаббатын ұғу үшін, Қыз болып туу керек!» – деп Есдәулетов жырларын ескектете қол сермеп оқушы едік деп жастық шақтарын еске алды. Қазақ қоғамында болып жататын қайбір оқиғаға үн қатпай қалмайтын ақынның қазірде басқа елдерде, халықаралық деңгейде де танымалдыққа жетуі, әлбетте, қазақ әдебиетінің мерейі деуіміз керек. Бұған мысал ретінде Ш.Құрманбайұлы Ұлықбектің жуырда ғана «Ататүрік» медалімен марапатталғанын келтірді.
Жазушы Жолтай Әлмашұлы, көсемсөзші Нұртөре Жүсіп, ғалым Нәубәт Қалиев жырлары ұлт жүрегінен орын алған Ұлықбек Есдәулеттің ақындығы мен азаматтығы қос өрімдей астасқан бітім-болмысы хақында пайымды ойларын білдірді. Ақын өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ