Үстіміздегі жылдың 22 мамырында Астана қаласында «Астана қаласының сол жағалау бөлігіндегі жылу магистралі» жобасына сәйкес көпір өткелін монтаждаумен байланысты Астана стансасы бойынша жолаушылар пойыздарының кестесіне өзгерістер енгізілетін болады.
Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін Астана – Қырқыншы бағытындағы 3 негізгі жол жабылса, осыған байланысты пойыздар қозғалысының кестесіне жаңа нұсқалар жасалып енгізіледі. Жолаушылардың келуі мен кетуі 22 мамыр күнгі сағат 00.00-ден сол күнгі 12.00 аралығында Қырқыншы стансасы арқылы жүзеге асырылады.
Стансада жолаушылардың автобустарға теміржолдар арқылы өтуі мен отырғызылуы қауіпсіз деңгейде жүргізіледі. Осы мақсатта Астана вокзалы – Қырқыншы стансасы маршруты бойынша жолаушылар қатынасы ұйымдастырылып, теміржол алаңдарынан өту үшін ол жерлер қосымша жарықтандырылады.
Техникалық «терезе» кезеңінде пойыздар қозғалысы мен маневрлер өндірісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершілік «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың құрылымдық бөлімшелерінің бірінші басшыларына жүктеліп отыр.
«Егемен-ақпарат»