• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2016

Қоян өсіріп, қолы ұзарды

1259 рет
көрсетілді

Ауылда тұрған соң алысқа ұзамай, аулаңда кәсіп қылғанға не жетсін. Ал қала маңындағы ауылдарда төрт түлік мал ұстау қиындау екені белгілі. Жемшөбі, жайылымы табылмайды. Осыны ескергендіктен болар, соңғы кездері Ақтөбе өңірінде түйеқұс, күркетауық, бөдене, балық, қоян өсіріп, табыс тауып, тұрмысын түзеп жатқандар көбейіп келеді. Әсіресе, тез көбейетін, бағым-күтімі жеңілдеу – қоян өсіруге ден қоюшылар жетерлік. Солардың бірі – Маржанбұлақ ауылының тұрғыны Ержан Мұхамәди. Ол мемлекеттік бағдарлама көмегімен 2 млн. 300 мың теңге несие қолға тиісімен, өткен жылдың күзінде осы істі бастап кетті. Қыс бойы қоян санын көбейтіп, 60-тан асырды. Одан қоңды шыққандарын өткізіпті. Қояндар арнайы үйшікте бағылады. Жерден биік орналасқан үйшік тазалыққа жақсы. Жаз мезгіліне арнап ашық қора салмақшы. Шаруа Ержан Мұхамәдидің айтуынша, қоянның еті асқазанда 95 пайызға дейін қорытылады екен. Адамның иммунитетін күшейтіп, ағзадан улы заттарды шығаратын қасиеті бар. Таңсық әрі экологиялық таза етке сұраныс та жоғары көрінеді. Мемлекеттің көмегімен өз ісін бастаған қоян өсіру­ші шаруа­шылығын одан әрі кеңейту­ді көздеуде. – Біз қоян санын көбейтіп, үлкен нарыққа шықсақ деп ойлаймыз. Қазір 30 қоянымыз ғана бар. Негізі қоян өсімтал. Мен сияқты іс бастаймын, еңбек етемін деген жастарға мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды ойластырудамыз, – дейді ол. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы, Алға ауданы