Үнді режиссері Джея Би Арқа төрінде «Махаббат мезгілі» тақырыбында жаңа фильм түсіруде. Ол Қазақстанның әсем табиғатына қайран қалып, ұлан-байтақ даламыздың көрікті жерлеріне қатты қызыққан.
– Мен қазақ даласының тамаша табиғатына таңғалдым. Қызыққаным соншалық, осында келіп фильм түсіруге бел байладым. Қазір алғашқы түсірілімді бастап та кеттім, – дейді ол.
Қазіргі таңда режиссердің толық метражды туындысы Алматы мен Астана қалаларын қамтып, екі шаһардың көрікті жерлері кадрға енетін болады.
Айта кетейік, өткен жылы елімізге ресми сапармен келген Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди еліне оралған соң қазақ даласының әсем табиғаты, зәулім ғимараттары жайында айтқан. Содан бері режиссер Қазақстанда кино түсіруді мақсат тұтқан екен.
– Әдетте киноны Еуропада немесе Америкада түсіреді. Мен Қазақстанда түсіргім келді. Осы фильм арқылы елдеріңіз әлемге тағы бір танылады деп ойлаймын. Туризм саласының дамуына да түрткі болады. Мұнда туристер көптеп келеді. Себебі, сіздердің салт-дәстүрлеріңізбен етене танысқысы келетін адамдар көп. Ал фильмді үш айдан кейін экранға шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді Джея Би өз сөзінде. Сонымен қатар, ол киноның басты кейіпкерлері үнді әртістері екенін айтты.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»