Алматыдағы «Атакент» кешенінде қазақстандық «KIHE-2016» –халықаралық XXIII «Денсаулық сақтау» көрмесі табыспен өтті. Халықаралық серіктесі – ITE компаниялар тобымен бірге Iteca отандық көрме компаниясы ұйымдастырған көрмеге дүниежүзінің 19 мемлекетінен 200-ге жуық компания медицина және медициналық технологиялар саласында жаңа әзірлемелерін ұсынды.
Әсіресе, шетелдік салалық министрліктердің қатысуымен экспозиция мазмұны арта түсті. Мәселен, Германия, Мысыр, Қытай және Чех Республикасы, сондай-ақ, Оңтүстік Корея мен Түркия елдерінің компания топтары ұлттық стенділері, Новосібір облысының стенді жеке ауқымды экспозиция ретінде қатысты.
Қазақстанда бірінші рет «Интермедика Алматы» компаниясы ең ықшам және дыбыссыз ультрадыбыстық «Alpinion E-Cube-5» сканерін көрсетcе, «Медилюкс» компаниясы жаңа туылған нәрестелерде кеңірдек интубациясы процедурасы кезінде қолданылатын Қазақстан нарығындағы бірегей «InfantView» бейнеларингоскопын таныстырды. «Борисов медициналық препараттар зауыты» (Беларусь Республикасы) заманауи жабдықтар, ең соңғы технологиялар, өнімдер сапасын бақылаудағы ең нақты әдістерді ұсынса, «Lauma Medical» бренді өз қызметіндегі жаңа бағытты – медициналық компрессорлық трикотажын алға тартты. Сонымен қатар, «EGO Zlin» чех компаниясы апат медицинасында қолданылатын өнімдердің толық спектрін, «ZPT Vigantice spol. s.r.o.» қоғамы медициналық қатынастар жүйесін ұсынды.
Сондай-ақ, көрме шеңберінде жеке экспозиция ретінде «Емдеу-сауықтыру және медициналық туризм» тақырыбы қамтылып, Әзербайжан, Германия, Мысыр, Қазақстан, Түркия, Украина және Эстония елдерінің медициналық орталықтары мен клиникалары өз қызмет түрлерінен хабардар етті.
Үш күнге созылған көрме шеңберінде отандық медициналық орталықтар, клиникалар, сала мамандары мен емделушілер, сондай-ақ, халықаралық медициналық мекемелердің өкілдері қатысатын В2В пішіміндегі бизнес кездесулер ұйымдастырылып, медициналық жабдықтар, техника, фармацевтикалық өнімдер мен медициналық қызмет ұсынатын жетекші өндірушілер таныстыру рәсімдері мен шеберлік-сыныптарын өткізді. Сонымен қатар, іскерлік бағдарламасы бойынша «ЕАЭҚ шеңберіндегі дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарығы. Қазақстан Республикасының бірыңғай дистрибуция жүйесін қалыптастыру стратегиясы» тақырыбында дөңгелек үстел, «Қазақстандағы медициналық туризм: ақиқат және даму перспективасы» конференциясы өтті. Дөңгелек үстел барысында «СК Фармация» ЖШС басқарма басшысы Нұржан Әлібаев баяндама жасап, қатысушыларды 2016-2019 жылдарға арналған жоспарымен таныстырды.
Сондай-ақ, ол бірыңғай дистрибьютор ахуалдық орталығын құру – медициналық ұйымдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілер мен медициналық бұйымдарды үздіксіз жеткізу жұмысын жетілдіру, отандық тауар өндірушілерді қолдау, бюджеттік қаржыны үнемдеу мен бірыңғай дистрибьютордың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жұмыстарын жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап айтып, Онлайн-режімде тауар қоры, қойма, транспорт жағдайы туралы мәліметтерді көруге, дәрілер мен медициналық бұйымдарды жеткізу туралы, олардың медициналық ұйымдар арасындағы қалдығы жайында ақпаратты көруге болатынын жеткізді.
Сонымен бірге, шарада отандық фармацевтикалық өндірушілерді қолдау мәселелері, ҚР фармацевтикалық нысандарына инвестицияларды тарту мен Қазақстан нарығына дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жіберу жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ