ең алдымен елдің заңнамалық тұғырын қалап, құқықтық қазығын қағуды қолға алады
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы
Серік АҚЫЛБАЙМЕН әңгіме
– Серік Байсейітұлы, еліміз өз Тәуелсіздігін жариялағанын қалай және қай жерде естідіңіз?
– 1991 жылы еліміз өз Тәуелсіздігін жариялағанда мен барлық қазақстандықтармен бірге қуанып, бойымды ерекше бір шаттық керней түсті. Сол қуанышты хабарды сол кездегі Торғай облысының Арқалық қаласында естіген болатынмын. Ата-бабаларымыз қаншама қанын төгіп, тәуелсіздікті армандап қол жеткізе алмай өмірден өтті. Ал біз болсақ, ата-бабаларымыз жанын пида еткен арманына еш қасіретсіз жетіп, армандаған тәуелсіздік пен тыныштық аспаны астында өмір сүріп, өз тағдырымызды өзіміз шешіп келеміз.
Өмір көрсеткендей, кейбір мемлекеттер дүрбелең мен бүліншілік, өзара тартыс алаңында өз мемлекеттілігін жоғалтып, ыдыраған халықтары жан-жаққа шашылып, келешек ұрпақтың обалына қалып жатыр. Сондықтан да біз өз тәуелсіздігімізді бағалай білуіміз қажет. Ғасырлар бойы халқымыз аңсап келген егемендігімізді көздің қарашығындай қорғап және оны өркендету – біздің басты парызымыз. Ынтымақ пен ауызбірлік – баға жетпес аса қымбат қазынамыз. Осы қағидатты әрбір азамат ешқашан ұмытпауы керек, жадында мықтап ұстауы тиіс.
– Сол сәтте қандай әсерде болғаныңызды есіңізге түсіріп көріңізші.
– Иә, сол шақта тәуелсіздіктің не екенін білсем де, оған толықтай сеніп, сезіне алмай жүрдім. Бірақ, көңілімді бір ерекше қуаныш билеп тұрды. Өткенге салауат етіп, болашақ өмірімізде тәуелсіздіктің арқасында жетер жетістіктеріміз туралы армандадым. Ол кезде мен Торғай облыстық соты төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген едім.
– Тәуелсіздігін жариялаған кез келген мемлекет ең алдымен өз егемендігінің заңнамалық тұғырын қалап, құқықтық қазығын қағуды қолға алады. Осы жағынан қарағанда, адамның құқықтары мен бостандығының қорғалуының кепілі және заңдық тұғыры болып табылатын еліміздің Конституциясы қалай дүниеге келді?
– Қазіргі дүниедегі кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл – сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған, өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі.
Біз Тәуелсіздік алған күннен бастап, құқықтық-саяси жағынан мүлде жаңа Конституция қабылдап, соның негізінде бүкіл құқықтық құрылымдарды жаңарту қажет болды. Бұрынғы тоталитарлық жүйедегі заң қағидаттарын өзгертіп, адамның құқығы мен бостандықтарын алдыңғы қатарға қойған, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет құру мақсаты алдымызда тұрды. Біз алға қойған мақсатымызға жеттік.
Өткен жылы жиырма бес жылдығын атап өткен Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көрсетті. Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Осының бәрі қолданыстағы Конституцияны арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, еліміз бен халқымызға қызмет етіп отырған Елбасымыздың саясаты мен біліктілігінің арқасы.
– Серік Байсейітұлы, еңбек жолыңыздың біршама бөлігін сот жүйесінде өткізген екенсіз. Мемлекеттік биліктің үш тармағының бірі – сот билігін жетілдіруге қатысты қандай жұмыстар жүзеге асырылды? Сонымен қатар, соңғы жылдары құқық қорғау органдары жүйесін әрі қарай реформалауға байланысты бірқатар құжаттар қабылданды. Осы мәселелерге тоқталып өтсеңіз.
– Қоғам бір орында тұрмайды, ол әрдайым өсу үстінде. Сот жүйесі де қоғам мен заман талабына сай әркез өзгеріп, дамып келеді. Осыған байланысты соңғы жылдары сот жүйесінде көптеген реформалар жүзеге асырылды. Жүзеге асырылған сол реформалар сот төрелігінде орын алатын қайшылықтарды жойып, сот жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталды. Қазіргі кезде осы салада мемлекет тарапынан істеліп жатқан жұмыстар өте көп.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының екінші бөлігі сот жүйесінің және құқық қорғау органдарының тиімділігі мен ашықтығын арттыруға ықпал ететін заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, жаңа әдістерді енгізуді, сондай-ақ, сот төрелігі институтына қоғамдық сенімді арттыруды көздейтін 19-қадамды айқындады.
Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанциялары оңтайландырылды. Қазақстан бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшті. Сот лауазымына кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарын және оларды іріктеу тетіктерін қатаңдату, кәсіби дағдысы мен икемділігін тексеру үшін ахуалдық тестілеу жүйесін ендіру, сондай-ақ, судьялардың есеп беруін күшейту мәселелері өзінің оң шешімін тапты.
Жоғарғы Соттың жанында Мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлініп, оқу мен сот практикасының өзара байланысын күшейту мақсатында сот төрелігі институты жұмыс істейтін болды. Сонымен қатар, Қазақстанның Жоғарғы Сотында ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін арнайы алқа ұйымдастырылды.
Қазақстандық сот төрелігін жетілдіру мәселелері бойынша Жоғарғы Сотта консультациялар жүргізу үшін беделді шетелдік судьялар мен заңгерлердің қатысуымен үздік халықаралық стандарттарды енгізу мақсатында Жоғарғы Сот жанынан Халықаралық кеңес құрылды. Бұған қоса, Сот рәсімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық- құқықтық даулар бойынша сотта прокурордың қатысуы қысқартылды. Ал полиция қызметкерлерін іріктеу жүйесін жақсарту мақсатында тестілеудің арнайы жүйесі, сондай-ақ, әрбір құқық қорғау қызметінің ведомстволық ерекшеліктерін ескере отырып, қызметті өткерудің бірыңғай ережесі енгізілді.
Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметі жұмыс істеуде. Қоғамдастықтың ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін бақылау мақсатында елімізде жасалған барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркелетін «Қылмыстық құқық бұзу картасы» интернет-порталы жасалды. Осы аталған және басқа да ережелерді іске асыру мақсатында Парламент тарапынан 8 заң қабылданды.
Жалпылай алғанда, қазіргі кездегі істеліп жатқан жұмыстар мен енгізіліп жатқан жаңашылдықтар еліміздің заңнамасын жетілдіруге және адам мен азаматтың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау саласында оң нәтижелерін береді деп сенемін.
Әңгімелескен
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»