АСТАНА. 17 мамыр. Индонезияның Солтүстік Суматра провинциясында су тасқынынан 17 адам қаза тапты. Бұл туралы РИА «Новости» ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бұл маңайда көпшілікке белгілі шипажай бар. Барлығы 70 студенттен құралған топ саяхаттап, Air Terjun Dua Warna сарқырамасына шыққан кезде, күтпеген жерден су тасыған. Құтқарушылар 17 адамның денесін тапты, тағы төрт адам із-түзсіз жоғалып кетті.
Мәліметтер бойынша, құтқару жұмысына 300-ден астам адам жұмылдырылды. Олардың арасында полиция қызметкерлері, үкімет әскері бар.
Индонезия – су тасқыны жиі болып тұратын мемлекеттердің бірі. Маусымдық жаңбыр салдарынан лай көшкіндері де жүреді. 17 мыңдай аралдан тұратын бұл елде миллиондаған адам таулы аймақта және өзен жағасына жақын жерлерде тұрады.
Аян Әбдуәли.
Дерек, фото: РИА «Новости».